Апат айтып келмейді…

591 Views

Апат айтып келмейді…

сондықтан мамандар кез келген жағдайға дайын болғаны жөн

Өткен жылғы оқиға аудан тұрғындарының есінде шығар. Ақпандағы ақ ұлпа қардың соңы жаңбырға ұласып, салдарынан сел жүрген еді ғой… Ақыртөбе мен Өрнек ауылдық округтерінің тұрғындары бұл жағдайды әсте ұмытпаған болар. Осы ретте, №4 шағын орталықты орта мектептің кіші қызметкері, Өрнек ауылдық округіне қарасты Әбжапар елдімекенінде орын алған су тасқыны кезінде 3 бірдей адамның өмірін сақтап қалған Әлібек Әнтаевтың сөзі еске түсіп отыр. Ол «Ақпан айының 26-шы жұлдызы болатын. Жұмыс уақыты. Айналаны бір шолып өтпек ниетпен сыртқа шықтым. Алысқа көз тастасам, жұрттың қарасы көптеп жиналып тұр екен. Жандарына бардым. Сөйтсем, шағын ғана көлшікке су толып, «Ауди 80» маркалы автокөлігі суға батып кетіпті. Байқаймын ішінде адам бар көрінеді. «Көмектесіңдер» деген тұрғындардың жанайқайы жаныма қатты батса керек, дереу тәуекелге бел буып, су кештім. Шыны керек, сонда терезені шағатын қолыма ешқандай құрал-сайман алмаппын. Құтқарушылар секілді керзі етікте жоқ аяғымда. Менің бар ойым- көлік ішіндегі адамдарда болды. Әупірімдеп жүріп, терезені шақтым. Көліктегі адамдардың екеуі ер кісі, біреуі әйел азаматша еді. Әйтеуір, зардап шеккендерді көліктен аман шығарып, алғашқы көмек көрсетілді ғой» деп айтып еді газетімізге берген сұхбатында. Биыл қыс мезгілі жылы болды. Яғни, былтырғыдай қар жауған жоқ. Дегенмен, бұған тоқпейілсіп, қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Себебі, апат ешқашан айтып келмейді. Осыны ескерген аудан әкімінің орынбасары Руслан Оразхан өткен сәрсенбіде көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған «Көктем – 2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жиынына қатысты. Жиын барысында Руслан Қонысбайұлы өткен жылғы су тасқынын және 2 күн бұрын ғана Тараз қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған қайғылы оқиғаны сөз етіп, кез келген жағдайға әзір болу қажетігін ескертті.

Марат ЖОЛДАСБЕКҰЛЫ.

Поделиться ссылкой: