Қазақ қолөнерін қадірлеген отбасы
Қазақ қолөнерін қадірлеген отбасы
Қазақ халқы ертеден қолөнерге ерекше көңіл бөліп, атадан балаға мирас етуді мақсат санаған. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген аталы сөз осыдан қалса керек. Дегенмен, бұл кәсіп түріне бүгінгі жастар айтарлықтай көңіл бөлмей келеді. Оның бірден—бір себебі — заманауи технологияның қарыштап дамуы.
Сайлаукүл Мағзұмқызы – Абай ауылының байырғы тұрғындарының бірі. Ол ұзақ жылдар бойы іс тігумен нақты айналысып келеді. Бүгінде өзі ашқан шағын кәсібі де бар. Шеберханасында қазақ халқына тән сан түрлі оюлар ойылып, көздің жауын алатындай құрақ көрпе мен жастықтар тігіледі екен.
«Мен іс тігуді бала кезімде өз анамнан үйрендім. Сол кезде шешем «Қазақтың қызы он саусағынан бал тамған шебер болуы керек. Үйреніп алғаның артықшылық етпес. Кейінірек бір қажетіңе жарайтын болады» деп отыруышы еді. Дәл сол кездері осы сөздердің түпкі тамырына аса қатты үңіліп көрмеппін. Қарап отырсам бүгінде анам үйреткен іс арқылы өз нәпақамды тауып отырмын. Азынаулы жиып-терген қаражатымды салып, базар маңыннан шағын кәсібімді де аштым. Осылайша кәсібімнен нәсібімді тауып отырған жайым бар.Бір қызығы анам айтқан сөздерді өз қыздарыма да айтып өсірдім. Бүгінде жолымды қуған қыздарым да баршылық. Мәселен, үлкен қызым Дана менен асып тікпесе, қалыс қалмайды. Қазіргі таңда Астана қаласында тұрады. Сол жақтан шағын шеберхана ашуды да мақсат етіп жүр. Сонымен қатар, жуырда балам шаңырақ көтермекші. Бәрі ойдағыдай болатын болса, әз-Наурыз мерекесі қарсаңында той өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Айтайын дегенім алдағы уақытта келінімді де осы іс тігуге баулитын боламын» — деп жақсы жаңалықтарымен де бөлісті. Иә, 3 қыз бен 1 ұл тәрбиелеп өсірген ардақты ана осылайша қазақ қолөнерін ұрпақтан ұрпаққа мирас етуді мақсат етіп жүр. Дегенмен, Сайлаукүл Мағзұмқызы ата-бабамыздан аманат болып келе жатқан қолөнердің болашағына алаңдайтынын да жасырмады.
«Қазір заманауи технологияның дамыған заманы емес пе? Біздің кәсіпке де технологияның ықпалы жүріп тұрған жайы бар. Мысалы, күн шығыс елінің апараттары біздің апталап тігетін жұмысымызды бір-ақ минутта дайын қылып, шығарып бере алады. Бірақ олар жасанды екенін ешкімде ескеріп жатқан жоқ. Сол бір құрылғылардан шығып жатқан жасанды құрақтар елімізде арзан бағада саудаланып та жатыр. Бәсекеге қабілетті болу үшін бізде арзан бағада саудалайын десек, сапалы маталардың бағасы өте қымбат. Сондықтан да қолмен тігілген жұмыстар өкінішке орай қымбат болып жатады. Сол себепті кейбір тұтынушылар Қытай тауарын арзандығына қызығып сатып алады. Ал, кейде тұтынушылар қолдан тігілген сапалы жұмыстарды көріп, еңбегімізді бағалап, сатып алып жатқанда жүрегім жылып қалады. Ондай жандарды мен «қазақ қолөнерінің жанашырлары» деп есептеймін» — деп көкейінде жүрген көптеген мәселелермен бөлісті.
Он саусағынан бал тамған шебер бүгінгі жастардың бұл қолөнерге қол тигізбей жүргендігіне де алаңдайды. «Егер де құрақ құрап, ою оямын деген жастар болса, тегін үйретер едім» дейді кейіпкеріміз.
Жәнібек СӘДУАҚАС.