Ынтымақты елде күншуақ
Ынтымақты елде күншуақ
Әулиеаталықтар биыл әз-Наурызды тоғыз күн қатарынан атап өтуді жоспарлаған болатын. Жамбылдықтардың бұл бастамасы өткен жылы бастау алған еді. Былтыр әр күнге ерекше атау беріліп, халық Ұлыстың ұлы күнін ерекше тойлады. Дәл осындай ілкімді іс-шаралар биыл да жалғасын тауып, тұрарлықтар күні кеше «18 наурыз — Ынтымақ күнін» жоғары деңгейде атап өтті.
М.Өзбеков атындағы мәдениет үйіне жиылған қарашаның қарасы қалың болды. Бұл дегеніміз бар жақсылықтың бастауына айналған Наурыз мейрамына деген ыстық ықыластың айқын көрінісі. Шара барысында аудандағы этномәдени орталықтардың өкілдері даярлаған концерттік бағдарлама жиылған жұрт назарына ұсынылды. Концерттік бағдарлама басталмас бұрын жиынға қатысушыларды аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Өтеулиева құттықтап, іс-шараны ашып берді.
«Құрметті аудан тұрғындары! Сіздерді келіп жеткен Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Аталмыш мереке ауданымызда 14 наурыздан бері тойланып келеді. Осы күнге дейін «Амал», «Тағзым», «Алас», «Мейірім» атауымен аталған күндерді өз дәрежесінде атап өттік. Енді міне, бүгін «Ынтымақ» күніне де кезек келді. «Ынтымақ» күні береке мен бірлікке, қоғамды мейірімді болуға шақыратын күн. Сондықтан да бүгін сіздерге ауданымызда этномәдени орталықтар мен бірле стіктердің даярлаған концерттік бағдарламалары, салт-дәстүрлерді насихаттайтын көрсетілімдері мен қойылымдары назарларыңызға ұсынылатын болады. Еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың жарқын бейнесіне айналған Наурыз мерекесі құтты болсын!» — деп аудан жұртшылығын мерейлі мерекемен құттықтады.
Шарапаты мол іс-шараны алдыменен ауданға ғана емес, атауы аймаққа танымал «Сударушка» халықтық ән-би ансамблі ашып беріп, көрермендердің зор қошеметіне бөленді. Одан бөлек бірнеше байқауларға қатысып, дәстүрлі әндерді дәріптеп, көптің арасынан дараланып жүрген Жансая Сәрсенбаеваның өнеріне көрермендер жоғары баға берді. Сонымен қатар, сахнада қазақ, қарашай, татар, өзбек, неміс, украин елдерінің әуезді әндері шырқалды.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.