ЖАРҚЫН ЕЛДІҢ ШАМШЫРАҒЫ – ЖАС МАМАН
Қазіргі таңда ең алдымен қолыма қалам алып, өз толғауымды, жан сырымды қағаз бетіне түсіріп, мен үшін өте маңызды, ауқымды дүниемен айналамдағы ортамен бөлісетіндігіме қуаныштымын!
Мен бақыттымын, себебі, бейбіт әлемнің тәуелсіз елінде өмір сүремін, жас маманмын. Елімізде болып жатқан үлкен өзгерістер мен саяси даму кезеңінің дөп басында тұрамын десем, артық айтқаным емес. Елбасымыз Н.Назарбаев биылғы жылды «Жастар жылы» жариялауы бізді серпілтіп, бойымызға жігер сыйлады, сенімділік ұялатып, рухани күш берді.
Былтырғы жылы жас маман ретінде жұмысқа қабылдандым, қазір мұғалім болып жұмыс атқарамын. Жас маман ретінде жұмыс жасап, еңбекке араласуым жастар жылымен тұспа-тұс келгендігі мен үшін үлкен сәттілік пен мүмкіндік болып отыр. Елбасы ұсынған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Қорағаты ауылындағы орта мектепте химия пәні мұғалімі болып қызмет атқарудамын. Осы қысқа мерзім ішінде қоғамның маңызды бөлігін құрайтын жастарға кең мүмкіндіктер берілгенін сезініп отырмын.
Бүгінгі жастар – ертеңгі кәсіби, білікті маман, болашақ отбасының тірегі. Менің ойымша, әрбір жас қоғамда өз орнына ие болуы үшін кез – келген қоғамдық мәселеге бей-жай қарамауы тиіс. Себебі, патриоттық рух та, рухани жігер де ортамен араласудан туындайды.
Қазақта «Жас келсе – іске» деген сөз бар. Ақылды технология заманында ақыл да, тың идея да жастардан шығатыны анық. Ендеше, биылғы жыл бізге арналса, зор мүмкіншілікті пайдалана отырып, бар ықыласыммен, жан – тәнімді салып, еліміздің ертеңі яғни, балаларға жан – жақты білім бере отырып, өз кәсіби білімімді жетілдіріп, саналы, тәрбиелі, білімді, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге қайрат-жігерімді жұмсай-мын.
Жақсылық БАЙМЕН,
Қорағаты шағын орталықты орта мектебінің
химия пәнінің мұғалімі, кәсіподақ
жастар қанатының мүшесі.