Елу жылдан кейінгі ҚОҢЫРАУ
немесе жүрек лүпілі мен жан дүрсілі
Мектеп партасымен қоштасқалы елу жылдың жүзі болған. «Ендігі сыныптастардың біразы таяқ ұстап, қарттықтың есігін сығалап қалған да шығар-ау» деген дүрбелең ой санама келгенде тұла бойым түршігіп ала жөнелді. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев мектебінің алды бүгін тым құлпырып кетіпті. Қызылды-жасылды үрмелі шарлар мен көктемнің көзінай қуанышы болған сан түрлі гүлдер көз жауын алады. Биыл мектеп бітіретіндермен қабаттасып бізге «не жоқ» десеңізші…? Әне, ана бір тұстан аяғын сылти басып, жасы жетпісті алқымдаған біреу келеді. Дәу де болса бұл «б» класында оқыған Бейсембек Елшібаев шығар…Дәл соның өзі екен. Құдай-ау, қыздарымыз да ақсаңдап қалған ба?. Шыңыраукүл мен Орал балдақ ұстамаса да буындары сытырлап келіп, мектеп ауласына қойылған орындыққа жайғасты.
Бірақ, бір-бірін елу жыл көрмегендер де бар екен. Бір кезде озат оқушы болған Манаткүл мен Шәриякүлді жыға танымай тосылып тұрып, бірақ көздерімен бірін-бірі ұғып, талай жылғы сағыныштарын ыстық құшаққа алып басып жатқан құрбы-құрдастарды көріп жәйдан жәй қарап тұра алмайды екенсің. Көбінің көзінде жас… ол қуаныш пен сағыныштың жасы екенінде дау жоқ. Бірі астанадан, енді бірі Алматы мен Түркістаннан келіп қауышып жатқан сыныптастардың жүрек лүпілі жан дүрсіліне ұласып, достар ұзақ шүйіркелесіп, мауықтарын әрең басты.
Мектеп директоры Көпжасар Өскенбаев биылғы қоңырауға осыдан 20, 40 жыл бұрын оқу бітіргендердің де келгенін хабарлап өтіп, оқу жылын үздік аяқтаған, әр түрлі олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаздарына грамоталар мен дипломдар және алғыс хаттар табыстады. Олардың арасында жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, жылдың үздік ұстазы атанған Гүлзира Иманалиеваның есімі ерекше аталып өтілді. Кезек жиырма және қырықжылдықтарға келгенде олар да тосылып тұрып қалған жоқ, алтын ұя мектебіне деген сағыныштарын, ұлағатты ұстаздарға деген сый-сияпаттарын гүлмен көмкеріп, сыйлықпен берді. Осыдан 40 жыл бұрын мектеп бітіргендердің көшін бастап келген Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына қатысқан қарындасымыз Маржан Спанқұлова мен оның құрбысы Гүлмира Жәкудақызы тебірене сөйлеп тұрып, ұстаздар қауымына деген алғыстарын білдіріп, сый-сияпаттарын көрсетті.
20-40 жыл бұрын мектеп бітіргендердің де мұғалімдері бар. Ал, біздің елужылдықтардың ұстаздарынан жан дегенде жалғыз ұстазы Тілеуқабыл ағай ғана кездесуге келіпті.Иә, ол түсінікті де, өйткені жастары ұлғайған соң қарға адым жер жүру қиын болады. Ол кісінің жасы да тоқсанға келіп қалған. Осы басқосуға шақырылған тарихшы Жақсыбек ағайымыз да сырқаттанып қалған ба, кездесуге келе алмады. Одан бөлек осы мектепке директор болған ағайымыз, педагогика ғылымдарының докторы, балалар ақыны Әдібай Табылдиев те тоқсанның бесеуіне келіп, үйінен алыстап шыға алмай отыр. Сол сияқты Ораз Жиентаев пен Әкім Рейімовичтің де бұл кездесуге келе алмағаны өкінішті-ақ.Ал, әруақтары разы болсын, бірінші сыныпта әліппені оқытқан Раушан,Үрзада, Панаркүл әпкейлеріміз «о» дүниелік болып кетіпті. Топырақтары торқа болсын! Жандары жәннатта шалқысын…
Осыдан елу жыл бұрын озат оқушылар легін бастаған қыздарымыз Бақыт Айдарбаева мен Манаткүл Рахметова тұшымды сөз айтты. Мектепке деген сыйлығын беріп, директордың иығына шапан жапты. Одан соң құрбы-құрдастар жұбын жазбай барып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан майдангерлер ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, олардың әруақтарына құран бағыштады. Достар өздерімен бірге оқыған, бірақ тағдыр талайымен мынау фәни жалғаннан өтіп кеткен он тоғыз қатар-құрбысын еске алып, ауыл мешітінде қасиетті ораза айында олардың әруағына арнап садақа беріп, құран оқытты. Одан соң олар төсегінен тұра алмай жатып қалған сыныптасы Майраның көңілін сұрап, оған гүл сыйлап, оны елужылдық мерекесімен құттықтады.
Сонымен қатар ауыл жастарының сұранысы бойынша «көкпар» берілді. Кешке қарай сыныптастар Меркідегі «Шах» мейрамханасында ауызашар беріп, тағы да сол қаза болған құрбы- құрдастарына бағыштап құран оқытты. Кездесу рәсімінде қонақтарға халал дастархан жайылып, кластастар осыдан елу жыл бұрынғы ұмыт бола бастаған балалық тәтті қиялдарынан туған қимас шақтарын еске түсірді, ән айтты, би билеп, көңілді тарқасты.
Сыныптастар атынан Сейсен Қожеке.
Суретте: кездесуден көрініс.
Түлектер тартуы