Білім ап саяңда, өткердік сан жылдар…

1 372 Views

Құлан ауылдық округіне қарасты Қарақат ауылындағы №2 шағын орталықты орта мектебін 1999 жылы бітірген түлектер өздерінің 20 жылдық мерейтойлары қарсаңында елдімекен кіреберісіне өзгеше архитектурамен безендірілген биіктігі 9 метр 50 сантиметрді құрайтын «Бәйтерек» орнатты. Өткен аптада келбеті келіскен «Бәйтеректің» лентасы салтанатты түрде қиылып, округ әкімі Мұрат Иманбаев қарақаттықтарды арнайы барып құттықтады. Ол сөзінде жергілікті жқртшылықтың ұлардай ұйып отырған ұйымшылдығын сөз етіп, 20 жылдық түлектердің осындай игі бастамасы бүгінгі жас буынға өнеге екенін айтты. Осы орайда, 1982 жылы туылған азаматтардың басын қосып, аталмыш іске белсене атсалысқан Рүстем Жанадилов, Асқар Тілепбаев, Данияр Оңғарбаев, Берікбосын Айтқұлов сынды жігіттердің есімдерін айрықша атап өткен жөн. 20 жылдық түлектердің ауыл жұртшылығына мерекелік тартуы мұнымен шектеліп қалған жоқ. Олар 400 мың теңге қаражат жұмсалған «Бәйтеректен» өзге ауыл мектебіне де қаржылай сыйақы берді.

Көгершін ауылындағы Ақтоған шағын орталықты орта мектебін 2009 жылы бітірген түлектерде өздері білім алған білім ошағына ұлттық нақышпен әдіптелген киіз үй үлгісіндегі сахна тарту етті. 25 мамыр күні мектепте «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» деген тақырыпта ілкімді іс-шара ұйымдастырылды. Сол іс-шарада ауыл әкімі Абай Төреқұлов пен мектеп директоры Орындық Рысқұлова 1991 жылы туылған мектеп түлектерінің 10 жылдық мерекеге орай жасаған тартуын қабыл алып, сахнаның лентасын салтанатты түрде қиды. Айта кетейік, мектеп ауласына қойылған сахнаның негізгі жұмысына Аймауыт Байтишев, Мейірхан Қазбеков, Азамат Брасилов, Азамат Дарибаев және Дархан Сәрсебаев сынды жігіттердің тигізген көмегі зор.

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: