Жазғы лагерь өз жұмысын бастады
Құлан ауылының шығыс беткейінде орналасқан Қарақыстақ тау шатқалын білмейтін адам кемде-кем. Солтүстік Қырғыз өзенінен ағып Қорағаты өзеніне келіп құятын тау суының қасиеті де жетерлік. Құжынаған, қайратыңды қажытқан қоғам күйінен ада кетіп, шатқалдың шыңына шығып, жаныңа бір тыныштық сыйласаң , шіркін-ай! Бар қиналысыңды ұмыттырып жіберері, дертіңе дауа болар ем, жаныңа сая ететін мекен болары анық. Тылсым табиғаттың кереметіне қанша қаласаң да көз тоймайды ғой… Құдайдың басымызға бұйыртқан бағының бірі де осы шығар. Қазақ деген дара халықтың данагөйлігі сол, тал бесіктен тәрбиелеген бар баласын жаз келсе тау етегіне жібереді. Онысы туған жерін танысын, қазақтығын білсін, топырағын табанымен бассын дегені ғой, бәлкім? Осы орайда аудан әкімдігі балаларға арнайы демалыс үшін «ауыз толтырып айтарлықтай» жағдай жасап жүргенін көз көріп жүр. Соның бірі көпшілік аузында «Қарақыстақ» аталып кеткен қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың есіміне берілген жазғы балаларды сауықтыру лагері. Айтайық, аталмыш лагер күні кеше ғана балалар мен жасөспірімдер орталығының ұйымдастыруымен өз жұмысын бастады. Мекеме директоры Айдар Жұмағұловтың айтуынша, алдағы уақытта 8-13 жас аралығындағы көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан 200 баланы 3 ауысым бойынша қабылдау жоспарланып отыр. Дәл қазіргі таңда, 71 бала тәрбиеленуде. Онысын көрдік, пәк көңіл бүлдіршіннің қуанышын сездік, елі үшін жүрек қағысы соққан бала үнін тыңдадық. Жасыратын несі бар, ауданның шеткей-шалғайлы аймақтарынан жиылған мектеп жасындағы оқушыларды танып, разы болдық. Балалар үшін барын салған тәрбиеші тәмсілін де байқадық. Алаш арысы, ардақты Ахмет Байтұрсынұлының «Баланы ұлша тәрбиелесең-ұл, құлша тәрбиелесең-құл болады» деген сөзі еріксіз оралады осы орайда ойға…
Шараның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Өтеулиева, білім бөлімінің басшысы Еркін Сейтжаппаров, білім бөлімінің бас маманы Назым Садықбекова қатысты. Бүлдіршін қуанышына марқайған әкім орынбасары «Сендер- елдің ертеңісіңдер. Сендердің жақсы білім алып, жақсы демалуларың үшін барлық жағдай жасалған. Тек мектеп озаты ғана емес, ата-ана мақтанышы болуларың міндет. Мен сендерге сенемін!» деп сөзін Мағжанша қорытындылады. «Жастар жылында» «жастарға» артылған сенімнің орны бөлек қой, әрине. Айта кету керек, лагердің бір аптаға кешігіп ашылуына ауа райының қолайсыздығы себеп болса керек. Бейсенбек Әлпейісов демалуға келген тәрбиеленушілерге суға түсерде қауіпсіздік шараларын ұмытпау керектігін қатаң түрде ескертті. Ол, рас.
Қазақтың әнұранын орындап, сап түзеген бүлдіршіндер мерекелік шараға қатысты. М.Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің тәрбиеленушілері Арсен Серікбай, Арайлым Қамшыбек әсем ән шырқап, көпшілікті өнерлеріне тәнті етті. «Өнер» мектебінің оқушылары Мансұр Қожахмет пен Елизат Абай да ырғақты әуендерімен бүлдіршіндерді ортаға биге тартты. Балалар мен жасөспірімдер орталығының «Жас бишілер» тобы «Құстар биін» билеп, мерекелік шараны аяқтады. Әрмен қарай орталық тәрбиеленушілерінің арасында «Бояулар әлеміне саяхат» атты сурет салу сайысы мен «Спорт- денсаулық кепілі» тақырыбында әр түрлі спорттық ойындар өтті. Балалар Қарақыстақтың қасиетін ұғынып, қатпарлы тау етегіндегі талай жылдық тастар тіршілігін түсініп, ақ қағаз бетіне жан толғанысын түсірді. Жүсіпбек Аймауытов кезекті бір сөзінде «Баланы бұзуға да, түзеуге де себеп болатын бір шарт бар. Ол-жас күнде көрген өнеге» депті. Ер тізгінін ұстаған ел ағаларының бүлдіршіндердің салған суретіне қызығушылық танытып, емін-еркін тілдескені, қасына жайғасқанының өзі өнеге емес пе? Жастайынан үлкендердің қамқорлығын сезініп өскен бүгінгі бала- ертеңгі күнгі еңбекқор азаматқа айналатыны айдан анық. «Адам өміріндегі ең үлкен қуаныш-бала сүю» депті батыр Бауыржан Момышұлы. Сізге ең үлкен қуаныш сыйлаған балаңызға сіз де қуаныш сыйлаудан еш жалықпаңыз…
Нұрай Жайлаубай.