Болат жолдың бойында

1 192 Views

23 маусым — Полиция қызметкерлері күні

Елімізде жыл сайын 23 маусым күні кәсіби мерекеҚазақстан полициясы күні аталып өтеді.

1992 жылы Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» заң қабылдады. Ол қазақстандық полицияның міндеттері мен функцияларын анықтаған алғашқы құқықтық құжат болды.

2007 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен 23 маусымПолиция күні болып ресми түрде бекітілді.

Қазақстан полициясы күнібұл қазақстандық полицияны құрған ардагерлер мен оның қатарында еңбек ететін қызметкерлерге алғыс білдіріп, қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін бейбіт күнде өз өмірін құрбан еткен полицейлерді еске алатын күн.

Болат жолдың бойында

Луговой темір жол бекетінің пайдалануға берілгеніне де тоқсан жылдың жүзі болып қалыпты. Арғы тарихы «Түрксибтен» басталатын бекеттің Айнабұлақ станциясына дейінгі бөлігінің тұңғыш рет тұсауы кесілгенде Халық Комиссарлар Кеңесі төр ағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов осы Луговойға  келіп, алғашқы паравозды сапарға аттандырып тұрып жалынды сөз сөйлеген. Осының бәрі кешегі күнгі тарихқа алтын әріптерімен жазылып қалды. Ал, ұлт көсемі болған Тұрар Рысқұловтың мүсіні темір жол вокзалында тұр.

Сол жылдары өмірге келген кеңес милициясы кейін желілік полиция бөлімшесі болып қайта құрылды. Иә, тас жолдағы сияқты темір жолда да қауіп пен қатер бар. Сондықтан болар жол бойын күзеткен сақшылар криминалдық және есірткіге қарсы тынымсыз күрес жүргізіп келеді. Шудың кендір қурайын аңсаған есірткіқұмарлардың Луговой бекетінің Аспара, Тәтті, Меркі, Шалдуар бөлімшелеріне келгіштеп жүретіні сондықтан болар. Әйтпесе, айдың – күннің аманында есірткі тасымалдаушы қылмыскерлердің қолынан арда туған асыл ұлымыз Жеңіс Жанәділов қаза табар ма еді. Иә, ол пиғылы бұзық нашақорлардың жолын кесті. Оларды ұстау кезінде басын өлімге тікті. Жеңіс Үмбетұлына осы жанкештілігі үшін «Ерлігі үшін» медалі берілді. Бөлімдегілер оның жарқын бейнесін жадында мәңгі сақтап қалу мақсатымен полиция бөлімінің алдына оның ескерткіш-мүсінін орнатты.

-Жеңіс Жәнәділовтың ерлігі әр полицейдің жігеріне жігер береді. Кезекшілікке барар алдыңда жеке құрам мүшелері оны үнемі еске түсіреді. Ерлігіне тағзым етеді,-дейді желілік полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Фархат Мәжитұлы.-Өйткені Ақыртөбе темір жол бекеті мен шығысы Шалдуар мен Шу аралығы біздің 62 жағалы қызметкердің қатаң бақылауында. Биылғы жылдың алты айы ішінде криминалдық бөлім он қылмыстың бетін ашты. Іздеуде жүрген төрт қылмыскерді ұстап, ісін сотқа жіберді. Аса ауыр қылмыс жасаған Александр Якушенкодан салмағы 212 грамм болатын (гашиш) есірткі тәркіленді. Осы операцияны бөлім басшысы, майор Оралбек Қыдыров бастаған жедел топ мүшелері әшкереледі. Топ мүшелері Бақытжан Райымбаев, Ерзат Дауылбаев қылмыскерді сонау Семейден ұстап әкелді.

Иә, басын қатерге тіккен полицей­лер көп. Мәселен, бөлім бастығының бірінші орынбасары Айдархан Жаңабаевтың осы салада қызмет еткеніне биыл 26 жыл болады. Өткен жылы оған үздіксіз қызметі үшін медаль берілді. Екінші бір орынбасардың да шені подполковник, оның осы бөлімде істегеніне 18 жыл болыпты. Бұл екеуі әр үйдің шамы қашан жағылып, қашан өшірілетінін, түнде ұйықтап жатып та бекеттен қай пойыздың өтіп бара жатқанын  біледі. Бөлімдегі қызметкерлердің жұмысын үйлестіріп отыратын штаб бастығы, капитан Медет Әбдіжалалұлы мен әкімшілік бөлім бастығы, капитан Бекжан Болысұлы. Олар шұғыл әрі жедел топтар құрып, түннің қай мезгілінде болсын сақшыларды сапарға жөнелтіп жатады. Бұл жерде кинологтардың да бейнеті бар. Олар өздерінің иісшіл иттерімен талай қылмыстың ашылуына түрткі болды. Жол болған соң жолаушы бар, олардың ішінде әр түрлі мінезді, қылықты адамдар көп-ақ. Жолаушы поезында отырған адамның қапшығында не бар екені сырт көзге білінбейді. Ал, иісшіл иттер оны бірден сезеді. Бұл жөнінде бөлімдегі жалғыз кинолог Нұралы Бердібаевтан артық білетін ешкім жоқ десе де болады. Ол Алматыдағы кинология орталығында алты ай оқып келген соң талай қылмыстың бетін ашты. Жедел уәкіл, капитан Жартай Әсет екеуі талай есірткі тасымалдаушыны қолға түсірді.   

   Иә, жоғарыда біз бөлімдегілердің Жеңіс Жанәділовтың ерлігін ұмытпайтынын айттық. Мамыр айында әріптес сақшы атындағы республикалық турнир болып өтіпті. Оған 190 спортшы-волейболшы қатысты. Нәтижесінде құландықтар жүлделі бірінші орынды, тараздықтар екінші орынды иеленсе, Ақтөбе облысы мен Қырғызстан командасы жүлделі үшінші орынды бөлісті. Мұны бізге бөлім басшысы жолға жиналып жатқан сәтімізде айтып берді де полиция қызметкерлері күніне орай алты адамның наградаға ұсынылғанын тілге тиек етті. Олардың ішінде аға криминалист Марат Ибраимов, кезекші бөлімнің старшинасы Айдар Жуатов, Тәттідегі бөлім басшысы Айбек Сейтімбетов, тергеуші Зурахан Құлболдиев, старшина Берік Масалимов және Шалдуардағы полиция сержанты Әзиз Әшірәлиев бар.

   Біз барлық желілік полиция қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтаймыз!

С.Қожеке.

    Суреттерде: Луговой бекетіндегі желілік полиция бөлімінің басшысы, майор Фархат Мәжитұлы  старшина Берік Масалимов пен Шалдуар станциясы полициясының сержанты Әзиз Әшірәлиевті қалыптасқан дәстүрге сай Ж.Жанәділовтың ескерткіші алдында жаңа тапсырмаға шығарып сап тұр; кинолог Нұралы Бердібаевтың  есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің жедел уәкілі капитан Жартай Әсетпен бірге вокзалға келіп тоқтаған кезекті тауарлы поездың вагондарын «Джек-Реки» атты итпен тексеру сәті.

 Суреттерді түсірген автор.

Поделиться ссылкой: