Халық қалаулылары халықпен бірге

815 Views

Сенат депутаттары Абдалы Нұралиев пен Мұратбай Жолдасбаев дүйсенбі күні ауданға жасаған жұмыс сапарын әуелі «Шәушен» шаруа қожалығының жұмысымен танысудан бастады. Асыл тұқымды мал өсірумен аты шыққан қожалық соңғы жылдары егін шаруашылығына да бет бұрып келеді. Со­ның өзінде жер төсін еміп өскен шаруалардан асып түсті. Қожалық биыл 12, 900 гектар алқап­қа арпа-бидай екті. 1500 гектар пар айдап, келер жылдың өніміне негіз қалап қойды. Қазір егін орағы қызу жүріп жатыр. Күздік бидайдың әр гектарынан 30 центнерден, арпа 23-24 центнерден өнім беруде. Шаруа қожалық басшысы, «Қазақстанның Еңбек Ері» Сайрамбай Дөненбаевтың айтуынша егін бітік шығуы үшін агротехникалық шараларды дұрыс ұйымдастырып отыру қажет. Сондай-ақ, қажетті техника да жеткілікті болуы керек екен. Шаруа қожалыққа қарасты ауыл шаруашылығы техникаларының дені зауыттан жаңа шыққаны көрініп тұр. Сенаторлармен бірге аудан әкімі Ерболат Садырқұлов та шаруашылықты аралап, қожалықтың техника паркін, қырмандағы элиталы арпа-бидайдың түрлі сұрыптарын көріп, жоғары баға берді.
Жол бойында бірнеше «ESSIL» комбайндары арпа шауып жатқан еді. Халық қалаулылары оған да көңіл бөлді. «Раушанбектегі» шаруа қожалығына қарасты егін алқабындағы дала қосынынан қожалық басшысы Ержан Мырхамановты жолықтырдық. Бас-аяғы 5000 гектар егістікке дән сепкен бұл қожалықтың бүгінде орылмаған 500 гектардай астықты алқабы қалыпты. Қожалық басшысы ары кетсе 10 күнде аяқтауды жоспарлап отыр екен. Түсімі жаман емес. Гектарына 15-20 центнерден өнім алып жатқанын айтқан Ержанның ендігі арманы егістік көлемін ұлғайтып, егін шаруашылығындағы алдыңғы қатарлы ұжымдардың бірегейі болу секілді. Сөз ауанынан соны байқадық. Ал, «Ақтоған» шаруа қожалығының жөні бөлек. Бұл ұжым егінді егіп қана қоймай, ұн, макарон өнімдерін өндірумен айналысады. Басшысы Сайт-Хасан Ахаев қашан да «Ақтоған» диірменінен табылады. Макарон өндіретін цехы да сол жерде. Ондағы «Ақтоған» брентімен шығып жатқан отандық өнімдердің дайындалу үрдісін көрген сенат депутаттары «Диханшының еңбегі адал» екенін айтып, аудан орталығына жол тартты.
Аудандағы атаулы әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасыларды аралап, олардың тұрмыс жағдайына қаныққан депутаттар Үкімет тарапынан берілетін көмекке қарап, масылдыққа, жалқаулыққа бой алдырмау керектігін, өз беттерінше кәсіп ашып, қосымша табыс табу қажеттігін сөз етті. Халық қалаулыларының айтқанын көп балалы отбасылар да құптады. Мәселен, аудандағы Жайлауовтар отбасы жуырда ғана әлеуметтік көмекке қол жеткізіпті. Жас отбасының шаңырағында 4 бүлдіршін өсіп келеді. Олардың келешегіне алаңдаған үйдің тірегі Ердостың мемлекет тарапынан берілетін 97 мың теңгеге қарап қалғысы жоқ. Ол «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында үй алып, қосалқы шаруашылық жерінен кәсіп ашпақ ниетте. Сол секілді 8 ұл-қыздың әкесі Үмбетбай мен «Алтын алқа» иегері, алтын құрсақты ана Алтынай да Үкіметтен алатын 140 мың теңгеге қарап отыруға ниетті емес. Аудандағы «Таза су-2014» мекемесінде көлік жүргізуші болып жұмыс істейтін Үмбетбай Перманов ауласындағы қосалқы шаруашылық жерді тиімді пайдаланып, бақша өнімдерімен айналысуды көздейді. Оның алдағы уақытта қора салып, мал өсірумен айналысу мақсатын естіген сенатор Мұратбай Жолдасбаев «Қазақ амандасқанда «Мал-жаның аман ба» деп ең әуелі малды сұраған. Ауылдық жерде мал ұстаған дұрыс» деп көп ұзатпай мал ұстауға кеңес берді.

Мереке Ержанұлы.

Поделиться ссылкой: