Мәдидің мақсаты – Тереңөзекті түлету

720 Views

Жұма күні «Жүргенге жөргем іленді» деп Ақыртөбе, Тереңөзек, Қайыңды ауылдық округін бетке алып жолға шықтық. Ел ішін аралап, еңбегімен еленген еңбеккерлерге жолықтық. Олардың арасында бейнеттен белі бүгілген қарты, жалындаған жасы да кездесті.
Қайыңдыдан ұзап, Тереңөзекке таяған тұста жол бойында тау болып үйілген астықты көрдік. Астықтың қасында әлденені ақылдасып үш жігіт сөйлесіп тұр екен. Көліктен түсіп, жөн сұрастық. Өзін Мұсаев Мәди Мұхтарұлы деп таныстырған азамат осындағы иен байлықтың иесі болып шықты. Аты-жөніне қарап, Тереңөзек ауылдық округінің әкімі Мұхтар Мұсаевтың ұлы деп топшыладық. Сұраулы жүзбен қарасақ керек, түсіне қойды. «Ауыл әкімімен тегімізде ұқсастық болғанымен туыс емеспіз» деді күліп. Бірақ мақсаттары бір ме деп қалдым. Олай дейтінім, ауыл әкімдерінің негізгі міндеті ауылды дамыту десек, Мәдидің мақсаты да Тереңөзекті түлету көрінеді. – Бала күнімнен ауылдың тұрмыс-тіршілігін жақсартуды армандадым. Ойымды іске асыру үшін қалайда кәсіпкер болуды көздедім. Кәсіпкерлік қолымнан келді. «Құрылыс» жеке кәсіпкерлігін ашып, Тараз қаласындағы құрылыс нысандарының сыртқы әрлеу жұмыстарыменайналыстым. Қаланың қазіргі сырт келбетінде менің қолтаңбам бар,- дейді ол жұмыстың жайын сөз етіп. Қарамағында 25 адам жұмыс істеген кәсіпкердің көне Тараздың келбетін қалыптастыруға қорықпай кіріскеніне қарап, жауапкершіліктен қашпайтын табандылығын байқадық. Осы табан­дылығы оны бала кезгі арманын жү­зе­ге асыру үшін ауылға әкелді десек, қателеспейміз. Жеке кәсіпкерліктен тапқанын буып-түйіп, ауылдағы ағасы Даниярдан «Данияр» шаруа қожалығын сатып алған Мәди Мұхтарұлы ауыл шаруашылығы саласына түрен салады. Төрт жылдың төңірегінде егін егіп, шаруашылығын аяқтан тұрғызды. Бүгінге дейін түскен табысқа техника сатып алып, қожалықтың техника паркін қалыптастырған кәсіпкердің қазір комбайннан бастап шаруашылыққа қажетті техникасының бәрі бар. Енді 500 тонналық астық қоймасын салып жатыр. «Осының бәрі ауылды түлетуге төте жол, болашақ инвестиция» дейді өзі. Келешекте бірінші кезекте ауылға спорт кешендерін салмақ ниетте. «Келешек – жастардың қолында» дегенді Елбасы жиі айтады. Ал, сол жастар әлжуаз болмауы тиіс. Әрі ауыл жастарында қалалық жастарға қарағанда өз әлеуетін көрсетуге мүмкіндік аз. Көп уақыттары босқа өтеді. Егер қарап жүрмей спортпен айналысса, біріншіден денсаулығы мен рухы мықты ұлт қалыптасады.Екіншіден, ауылдан олимп шыңын бағындырар алыптар өсіп шығады. Бұл менің ең алғашқы жоспарым. Ауыл мәдениетін көтеруге қатысты да жоспарларым аз емес. Болашақтың ен­шісіндегі шаруалар болған соң оның бәрін әзірге ашып айтудың қажеті бо­ла қоймас» деп асқақ армандарының ше­тін шығарды.
Қожалықтың еншісіндегі 1000 гек­тар егістік жердің 600 гектарына арпа-бидай егіп, гектарына 20 центнерден өнім алған Мәдиге ауыл тұрғындары жер үлестерімен қосылуға әзір. Қазірдің өзінде 30 үй қожалыққа қосылып отыр. Қожалықты қолға алған 4 жылда 400-ден аса қой жинаған кәсіпкер 8 жұмысшыға ай сайын 80 мың теңге айлық төлеп, маусымдық жұмыстарда жұмысшы санын 15-ке дейін көбейтіп, жалақысын да жұмысына сай төлеп келеді. Әлгінде «жұмысшыларына тапсырма беріп тұр екен» дедік қой. Соның бірі – Алмас Қасымбекұлы. Ол «Мәдиге дейін «Дәулетбай» шаруа қожалығында жұмыс істедім. Оның алдында «Бекболат» кооперативінде қызмет атқардым. Мәди інім келгелі осындамын. Біз бір жағы ағайын адамдармыз. «Бірлік бар жерде тірлік болатынына» көзім жетті. Шүкір, қожалық күн санап өсіп келеді» деген ақжарма тілегін жеткізді. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейтіні» рас. Халқымыз «Береке көзі — бірлікте» деп бекерге айтпаса керек.

Мереке Ержанұлы.

Поделиться ссылкой: