Адамзат руханиятына қосылған үлес

1 073 Views

Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Қ.Тоқаев Қазақстан Респуб­ликасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде сөйлеген сө­зінде: «Рухани жаңғыру» құнды­лық­тары біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білім­ге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біз­дің халқымыздың бірлігін және ұлты­мыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады» деп атап өткен болатын. Расында, Елбасымыз Н.Назарбаевтың 2017 жылы жарияланған «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты мақаласы қазақ руханиятының жаңғыруына тың серпін, жаңа қарқын алып келді. Осы бағдарлама аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы, «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы және басқа да игілікті істер қолға алы­на бастады. Осы орайда, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының мән-ма­ңызына арнайы тоқталуды жөн кө­ріп отырмыз.
Адам капиталының басты көр­сет­кіші – сапалы білім. Өсіп өркендеуді, алға басуды ойлаған мемлекет жас­тардың білім алуына баса мән бере­тіні ақиқат. Осыған орай ілім жо­лын­дағы жастарды қажетті ғылыми еңбек­термен, оқулықтармен, басқа да мүм­кіндіктермен қамтамасыз етудің ма­ңызы зор. Тәуелсіздік алған тұстан бас­тап, қазақ тіліндегі ғылымның дамуы жаңаша сипат ала бастады. Қазақ тіл­ді ғылыми еңбектерге, оқулықтарға деген сұраныс күннен күнге артуда. Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көтерген «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қазақ ғылымына тың қарқын әкелді. Себебі осы жоба арқылы әлемдегі ең үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аудару ісі 2017 жылдан бастап қолға алынды. Осы істің нәтижесінде студент жастардың әлемдік деңгейдегі ең озық деңгейлі оқулықтарды пай­даланып, заман талабына сай білім алуларына жағдай жасалуда. Елбасы Н.Назарбаев 2018 жылы «Жаңа гума­нитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында шыға­рылған кітаптарды таныстыру рә­сі­мінде сөйлеген сөзінде былай деген еді: «Ғылыми таным – заманауи ұлттың бәсе­кеге қабілетті болуының басты шар­ты. Жаңа оқулықтар білімнің нағыз энцик­лопедиясы болып саналады. Бү­гінде оқу әдісі ғана емес, сондай-ақ оның мазмұны да маңызды».
«100 жаңа оқулық» жобасы аясында, дін саласы бойынша ұлыбританиялық дін­танушы Карен Армстронгтың «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» атты еңбегі қазақ тіліне аударылған болатын. К.Армстронг – салыстырмалы дінтану ғылымы саласында озық табысқа жеткен білікті ғалым. 1993 жылы жарық көрген «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» атты еңбегі К.Армстронгты бүкіл әлемнің ғылыми қауымдастығына танымал етті. Автордың бұл кітабы әлемнің 30-дан астам тіліне аударылып, миллиондаған таралыммен шықты. Аталған кітапты әлемдегі жетекші университеттер: Браун университеті, Колумбия университеті, Корнел университеті, Гарвард университеті, Оксфорд университеті, Йель университеті, Дартмут университеті, Стэнфорд уни­верситеті, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті пай­даланып отыр. Автор өз еңбегінде: «Адам санасындағы бір Құдайға деген се­нім қайдан орнықты? Адамзаттың Жара­тушы туралы түсінігі қалай өзге­ріп отырды? Иудаизм, христиандық, ислам діндерінің Жаратушыны тану сипаттары қандай?» деген сауалдарға жауап іздей отырып, нәтижелі ғылыми қорытынды жасаған. Ол адамзат дамуының әртүрлі кезеңдеріндегі Жаратушыны тану тарихын баян еткен. Иудаизм, христиандық, ислам діндерінің Құдай туралы ұғым-түсініктерінің даму кезеңдерін талдап көрсеткен.
Қазақстанда дінтану ғылымының қалыптасуы ХХ ғасырдың 90 жылдарының соңымен тұспа-тұс келеді. Дінтану – еліміз үшін аса өзекті әрі жас мамандық болып табылады. Бүгінгі таңда елімізде дінтанушы мамандарды әзірлеуді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, Шет тілдер және іскерлік карьера университеті, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті жүзеге асырып отыр. Елімізде жаңадан қалыптасып келе жатқан дінтану ғы­лымы үздіксіз дамуды, студент жас­тар­ды дін саласындағы озық еңбек­тер­­мен қамтамасыз етуді талап етеді. Осы орайда, жоғарыда аталған еңбектің жарық көруін Қазақстанның дінтану ғылымы үшін ерекше жаңалық деп айта аламыз. Ағылшын дінтанушы­сы К.Армстронгтың «Иудаизм, хрис­тиан­дық пен исламдағы 4000 жыл­дық ізденіс: Құдайтану баяны» еңбе­гі діни салада еңбек етіп жүрген қызмет­керлерге, білім алушы жастарға және дінге қызығушылық білдіруші көпшілік қауымға арналған озық туынды. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы» аясында жарық көрген барлық туындылар қоғамдық сананы жаңғыртып, ана тіліміздегі ғылым-білімнің шоқтығын арттыра түседі деп нық сеніммен айта аламыз.

Елнұр Әскенұлы,
Жамбыл облысы әкімдігінің дін істері басқармасының ислам бағытындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі бөлімінің бас маманы, гуманитарлық ғылымдар магистрі.

Поделиться ссылкой: