Ақш-қа жол тартқан тұңғыш хоккейші қыз

823 Views

Хоккейден Қазақстан әйелдер құ­ра­масының мүшесі, жерлесіміз Бұлбұл Қартаңбаева АҚШ-тың Ұлттық хоккей лигасында (NWHL) ойнайтын тұңғыш отандасымыздың бірі болып тарих жылнамасына жазылды. 26 жастағы хоккейші ару жайлы қазір еліміздегі барлық бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет сайттары жарыса жазып жатыр. «ҚазАқпарат» тілшілері таратқан мәліметке сүйенсек, Бұлбұл Қартаңбаева АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы Монмут Джанкшен қаласының «Метрополитен Риветерс» клубымен келісімшарт жасасқан. Айта кетейік, хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының мү­шесі Бұлбұл Қартаңбаева бастауыш сыныпты Көгершін ауылындағы Ақтоған орта мектебінде оқыған. Жастайынан алғыр әрі батыл болып өскен Бұлбұл Қартаңбаева ішкі біріншілікте елор­далық «Томирис» және алматылық «Айсұлу» ко­мандаларында сәтті ойын өрнегін көр­сете білді. Ал өткен жылы Ка­на­да­ның Оңтүстік Альберта лигасында ойнайтын «Калгари Койотс» клубын­да 21 матчта 29 (8+21) ұпай жинап, қазақстандық хоккейші үйеңкі жапырақты еліндегі жанкүйерлердің жұздызды ойыншысына айналған еді.
2011 жылы ұлттық құрамаға ша­қы­рылған сәттен бастап, жасындай жарқылдап жүрген жерлесіміз NWHL ресми сайтына берген сұхбатында: «Менің арманым орындалды. Алдымда ашылған мүмкіндіктерге қуаныштымын. Әлемнің түкпір-түк­пірінен жиналған жұлдыздармен бірге NWHL-да ойнау сәті келді» деп айтқан екен. Мұхиттың арғы жағы­нан жеткен дереккөздерге сенсек, отандасымыздың ойын шеберлігін «Метрополитен Риветерс» клубының бас менеджері Кейт Витман Эннис те жоғары бағалаған екен. Бас бапкер Кейттің қазақ қызына осылай деп жоғары баға беруі барша Алаш жұрты үшін зор мақтаныш деп білеміз. Жеңісің көп болсын, қазақ қызы! АҚШ-та абыройлы болғайсың. Біз саған сенеміз.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: