Жолымыз қашан жөнделеді?

799 Views

– дейді көше тұрғындары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін ұстағалы аймақ пен өңір және елдімекендегі әкімдердің жұмыстарына өзгерістер қажет екендігін алға тартқан еді. Дәлірек айтар болсақ, әкімдердің халықпен жүздесу жұмыстары азайып кеткенін сынға алып, осы олқылықты дереу ретке келтіруді тапсырған болатын. «Қоғамдағы әділеттілік, ең алдымен атқарушы билікке байланысты. Үкіметтің, министрлердің, барлық деңгейдегі әкімдердің, полицияның, прокуратураның, соттардың басты мақсаты — азаматтардың құқығын қорғау. Жергілікті басшылар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Жылына бір рет ұйымдастырылатын есеп беру кездесулері – көзбояушылық. Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек» — деген еді. Бүгінде аталмыш тапсырма өз деңгейінде орындалып, облыс және аудан басшылары шалғайда жатқан ауыл-аймақтарды аралап, жергілікті жұрттың тыныс-тіршілігімен жақын танысуда. Соның ішінде аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың елдімекендерді аралап, ауылдардың жағдайымын танысып, тұрғындармен кездесуін айқын дәлел ретінде айтуға болатындай. Себебі, аудан басшысы осы күнге дейін Қайынды, Өрнек, Құмарық, Ақниет, Ақыртөбе сынды ауылдық округтерді аралап, Жамбыл облысы әкімдігі бекіткен жұмыс алгоритміне сәйкес жоспарлы түрде қызмет атқарып келеді. Ел Президентінің аталмыш тапсырмасын басшылыққа алғандардың қатарында ауылдық округ әкімдері де бар. Солардың ішінде тұрғындармен жиі жүздесіп, белсенділік танытып жүрген Құлан ауылының әкімі Мұрат Иманбаевты ерекше атап өтуге болады.

Өткен аптаның жұмасында Құлан ауылының әкімі Мұрат Иманбаев бастаған топ 2003 жылы зілзала кезінде бой көтерген үйлерге барып, тұрғындар тарапынан көтерілген бірқатар мәселелерге құлақ түрді. Аталмыш жиынға көше тұрғындарынан бөлек, Құлан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Берік Әліпбаев, аудан әкімдігіне қарасты бөлімдердің мамандары мен округ әкімдігінің қызметкерлері қатысты.

Жоғарыда айтып өткеніміздей Каспий, Ақжайық, Сарыарқа, Астана Ақмола, Қостанай көшелеріндегі үй­лер 2003 жылы бой көтерген. Зілзала­дан кейін іргетасы қаланған үйлер­ге талапқа сай барлық инфрақұры­лым жүйелері жүргізілген. Көшелер жарықтандырылып, асфальт жол төселіп, ауыз су мен газ құбырлары тартылған. Дегенмен, 16 жыл өткеннен кейін көшелердің өңі өзгеріп, күннен күнге нашарлап келеді. Оны көше бойындағы ойдым-ойдым күйге түскен жолдың бүгінгі бейнесінен анық аңғаруға болады. Көлігі бар тұрғындар жолдың азабын әбден тартса керек, жиында ауыл әкіміне жолдаған сауалдардың алғашқысы осы жолға қатысты болды. Көше тұрғындарының «Жолымыз қашан жөнделеді?» деген сауалына аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы жауап беріп, жуырда жолдың жөнделетінін жет­кізді. Атап айтқанда, орталық мешіт маңындағы Қажымұхан көшесінің жолының жөндеу жұмыстары жақында басталса, Жұмабекұлы көшесіне де асфальт жуық арада төселетінін айтып, тұрғындарды қуантты. Тұрғындардың бұл жаңалыққа қуанатындай-ақ жөні бар. Неге десеңіз, көше тұрғындарының басым көпшілігі аталмыш көше арқылы аудан орталығына шығады. Ал, оқушылар қысы-жазы көше жолымен мектепке барады.

Жиын барысында оқушылардың қауіпсіздігі жайында да сөз қозғалды. Тұрғындардың айтуынша соңғы кездері көше бойында қаңғыбас иттердің саны көбейіпті. Сондықтан да, ата-аналар балаларын қаңғыған иттер қауып ала ма деп қауіптеніп отыр. Тұрғындар тарапынан көтерілген осы бір мәселе жиналыстың хаттамасына енгізілді. Бұдан бөлек, жиында қоқыс тастайтын орынның да жай-күйі сөз болды. Тұрғындардың пайымдауынша, белгісіз біреулер қоқыс тастайтын орынға мал өлексесін тастап кететін көрінеді. Осыны қадағалауды сұраған тұрғындарға ауыл әкімі тиісті шараларды қолға алып, ретке келтіретінін айтты.

Жиында одан бөлек ауыз суға, шағын футбол алаңын салуға, жарық­тандыруға, қоғамдық көлік жүргі­зуге қатысты сұрақтар көтеріліп, тұр­ғындарға нақты жауаптар қайтарыл­ды. Жиында көтерілген мәселелер хат­та­маға енгізіліп, назарға алынды.

 Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: