«Түнгі лига» түндігін түрді

808 Views

Өткен аптаның бейсенбісінде Құлан ауылында орналасқан «Спорт кешені» ғимаратында ілкімді іс-шаралардың бірі өтті. Дәлірек айтар болсақ, аудан әкімдігінің мемлекеттік қызметшілер арасында волейболдан «ТҮНГІ ЛИГА» чемпионатының түндігі түріліп, ашылу салтанаты болды. Айта кету керек, аталмыш чемпионат аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің мұрындық болуымен ұйымдастырылуда.

Лиганың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Б.Әлпейісов арнайы келіп, қатысуға ниет білдірген құрамаларға сәттілік тілеп, байрақты бәсекенің бас жүлдесін жеңіп алуға тілектес екендігін жеткізді.

Жарысқа жалпы 11 команда қатысуға өтініш білдірген. Олардың қатарында аудан әкімінің орынбасары Б.Әлпейісов жетекшілік ететін «Рухани жаңғыру» атты командасы да бар. Команданың құрамы аудан әкімдігіне қарасты бөлім қызметкерлерінен құралған. Одан бөлек турнирге Айбек Сәрсенханұлы басшылық ететін Жастар ресурстық орталығы қызметкерлері де қатысуға ниет білдіріпті. Сонымен қатар жарысқа ауылдық округтерден құралған құрамалар да қатысатын болады.

Ашылу салтанатынан кейін турнирдің алғашқы ойындары да өткізілді. Бірден айта кетейік, бірінші топтың ойындары тартысты, әрі қызықты өтті. Алдағы уақытта «ТҮНГІ ЛИГА» чемпионатының ойындары кестеге сәйкес әр аптаның сейсенбі, бейсенбі күндері өткізілетін болады.

 Жәнібек Сәдуақас.

Поделиться ссылкой: