Қарт ананы құттықтады
27 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен Қоғамдық кеңес мүшелерінің отырысында бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Жиынға аудан басшысы Ерболат Садырқұлов, мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаев, аудан әкімінің орынбасарлары, бірқатар бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері, аудан ардагерлері, Қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары мен әр түрлі сала қызметкерлері қатысты. Жиынға Қоғамдық кеңестің төрағасы Пазыл Сүлейменов төрағалық етіп, жүргізіп отырды. Қоғамдық кеңес отырысының күн тәртібінде бірнеше мәселелер қаралды. Солардың ішіндегі ең өзектісі Қоғамдық кеңестер туралы Заңының 23 бабы 1-тармағына сәйкес, аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың 2019 жылдың соңғы 8 айында атқарған жұмыстары мен алдағы уақытта атқаруға тиісті міндеттері туралы есебі тыңдалды. Аудан басшысы өз есебінде бюджет қаржысының игерілуі, инвеститция, ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту, салық түсімі, ветеринариялық бағыттағы жұмыстар, елдімекендерді газ және ауыз сумен қамту бағытында атқарылған істерге кеңінен тоқталды.
Баяндама аяқталғаннан кейін аудан әкіміне алғашқы сауалды былтыр ғана республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанып, ауданымызды ғана емес, барша облыс тұрғындарының мерейін үстем еткен қария Өмен Ниязқұлов қойды. Ақсақал өз сөзінде Ерболат Салқынбекұлының жасаған баяндамасына көңілі толатынын жеткізіп, Қарақыстақ ауылдық округіне қарасты Қазақ ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты сауалын жолдады. Аудан әкімі өз кезегінде ауылдардың әлеуеті мен экономикасын арттыру бағытында көп істер атқарылып жатқанын айтып, жақында ғана Үкімет отырысында мақұлданған «Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасының маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан беріліп отырған мүмкіндікті мүлт жіберіп алмауға, оны халық арасында кеңінен насихаттауға шақырды.
Жалпы алғанда Қоғамдық кеңестің халық алдындағы рөлі орасан зор екендігін айта кеткеніміз жөн болар. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен құрылған аталмыш кеңестің беделі күннен күнге артып келеді. Қоғамда орын алып, түйткілі тереңде жатқан мәселелерді көтере білген Қоғамдық кеңес мүшелері бүгінде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқаруда. Әрбір бас қосу кезінде халықты толғандыратын күрмеуі қиын сұрақтарды бүге-шүгесіне дейін қарайтын топ мүшелері осы жиын барысында да өзекті мәселелерді көтере білді. Осы сөзімізге Қоғамдық кеңес мүшелері Ә.Оңалбеков, М.Стыбаев пен Р.Әбдіқадіровтың жарыссөзге шығып, сан түрлі мәселелерді ашық айтуы дәлел бола алады.
Мәселен, Әбдіқадыр Оңалбеков былтыр ғана аудан орталығындағы Жібек жолы көшесіне төселген жолдың сапасына тоқталды. Құрылыс барысында жіберілген кемшіліктер туралы баяндап, жауапты мекемелердің жұмысын қатты сынға алды. Әбдіқадір Сәрмешұлы аудандық білім бөліміне қарасты мектептердің жылыту маусымына дайындығын да тексергенін айтып, зерделеу жұмыстарына да тоқталды. Ал, Мұратхан Стыбаев болса, ауданда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы міндеттер қай деңгейде іске асырылып жатқанын сөз етті. Сонымен қатар, кейбір мекемелердегі мемлекеттік қызметкерлердің функционалдық міндеттерін тиісті деңгейде атқармайтынына наразы екенін білдірді. Мәжіліс залындағы мінберге үшінші болып көтерілген Қоғамдық кеңес мүшесі Рахманәлі Әбдіқадіров та ұтымды ұсыныстарын айтты. «Құрметті отандастар!» деп сөз бастаған кеңес мүшесі ауылшаруашылығына қатысты мәселелер бойынша өз ойын білдірді. Сонымен қатар, жастар тәрбиесіне де көп көңіл бөлу керектігін алға тартты.
Одан бөлек жиында Т.Алагөзова, С.Садықов сынды ауданның Құрметті азаматтары да сөз сөйлеп, өз ұсыныстарын білдірді. Өзіне жолданған сауалдарға аудан әкімі нақты дәлелдер келтіріп, тұщымды жауап қайтарды.
Жиын соңында Қоғамдық кеңес мүшелері дауыс беріп, бір ауыздан аудан әкімінің есебіне «қанағаттанарлық» деген баға берді.
Жәнібек Сәдуақас.