Жолдаудағы міндеттер сараланды

737 Views

Сәрсенбі күні аудан әкімдігі ғимаратының кіші мәжіліс залында ардагерлердің қатысумен жиын өтті. Оған аудан әкімі Ерболат Садырқұлов, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов және ауылдық округтерден арнайы келген ақсақалдар қатысты.
Кезекті пленумның күн тәртібінде бірнеше өзекті мәселелер қаралды. Атап айтар болсақ, олардың ішінде Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауын түсіндіру, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің Халықаралық қарттар күніне орай ұйымдастырғалы отырған қайырымдылық акциясы мен Шу аудандық ардагерлер Кеңесінің пленумына қатысушылардың облыс тұрғындарына арнаған үндеуін қолдау мәселелері кеңінен қаралды. Аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижановтың төрағалығымен жүргізілген жиында алғашқылардың бірі болып, мінберге аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Серікбай Өтегенов шығып, баяндама оқыды. Ауданның белсенді ақсақалы өз баяндамасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйек айының басында Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында көтерілген бірқатар мәселелерді атап өтті. Әсіресе, ол мемлекеттік тілге қатысты айтылған мәселелерге кеңінен тоқталды. «Мемлекет басшысы өз Жолдауында мемлекеттік тілдің маңыздылығын ерекше атап өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасалатынын, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келгенін Жолдауда нақты келтірді.
Дегенмен, Президентіміз дәл осындай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керектігін де қадап айтты» деген ақсақал қазақ тілінің келешекте ұлтаралық қатынас тіліне айналатын күннің алыс еместігіне сенімді екенін жеткізді. Серікбай Өтегенов баяндамасында мұнан бөлек мәдени сала мамандарының жалақысы көбейетіндігін, ендігі жылы Әл-Фарабидің 1 150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтетінімізді, полиция мен әскери салаға көрсетілетін қолдаулар жайында да сөз қозғады.
Жиынға қатысушы ақсақалдар Жолдауды талқылаудан кейін, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің мұрындық болуымен ұйымдастырылып жатқан акцияға қолдау білдіріп, Шу аудандық ардагерлер Кеңесінің облыс тұрғындарына арнаған үндеуіне үн қосатындықтарын жеткізді.
Жиын барысында пленумды қорытындылау сөзі аудан әкімі Ерболат Садырқұловқа берілді. Аудан басшысы ардагерлерге қазіргі таңда жасалып жатқан жұмыстарды қысқаша баяндап, Әулиеата жерінде жобасы жасалған, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен іске асырылып, Үкімет отырысында қолдауға ие болған пилоттық жоба жайында сөз қозғады. Ақсақалдарға «Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасының жұмыс жоспарын, оның басым бағыттарын таныстырды. Сондай-ақ, пилоттық жобаға біздің ауданымыздан Құмарық ауылы таңдап алынғанын, тұрғындарға өз қосалқы шаруашылықтарын дамыту мақсатында 2,5 пайызбен несие берілетінідігін атап өтті. «Бұл жоба ауыл халқының тұрмысын жақсартуға бағытталған. Осы күнге дейін жобаға қатысты барлық деректер толықтай зерделенді. Әрбір ауылдағы әр ауланың жай-күйі қаралып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ауданымызда тіркелген 42 елдімекенде 70000-нан астам халық тұратыны, 13576 аула бар екені анықталды. Аудан тұрғындарының ішінде жұмысқа жарамды азаматтардың саны 33 198 адамды құрайтындығы белгілі болды. Ал, аудан бойынша 10860 ауланың жобаға қатысуға толықтай мүмкіндігі бар екеніне көзіміз жетті. Біз үй іргесіндегі бос жатқан жерді тиімді пайдалануымыз керек. Ол үшін аталмыш пилоттық жобаның 5 бағыты бойынша жоспарлы түрде жұмыс жасауымыз қажет» деп ақсақалдардың түсіндіру жұмыстарына атсалысуларын өтініп, келе жатқан төл мерекелерімен құттықтады.
Жиын соңында Қайыңдының қадірлі қариясына айналған Мейірқұл Скендіров ақсақал сөз сөйлеп, жобаның тиімді тұстары көп екендігіне тоқталды. Қосымша өз ұсынысын айтып, аудан әкімінің жұмысына сәттілік тіледі.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: