Оқушыларға домбыра сыйға тартылды

1 307 Views

Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Оларды бір-бірінен ажырату әсте мүмкін емес. Ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде беріліп келе жатқан музыкалық аспапты насихаттау жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілуі тиіс. Себебі, кейінгі ұрпақ домбырадан қол үзіп қалмауы керек. Бұл біздің емес, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық аспапты ұлықтау күнінде айтқан сөзі. Дәл сол күні ел Президенті күмбірлеген домбыраның үні кезінде батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт бергенін де тілге тиек еткен болатын. «Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз бола беруі тиіс. «Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай», «Әлқисса» күйлері ұлттық рухымызды көтеретін таңғажайып туындылар. Домбыраның пернесінен шыққан күйде халқымыздың терең тарихы бар. Біз атадан балаға аманат болған асыл мұрамызды сақтап, қадір тұтуымыз қажет» деп мектептерге домбыра үйрену пәнін енгізу керектігін ұсынған болатын.
Бүгінде Президенттің ұсынысы бойынша жүйелі жоспар құрылып, жұмыстар іске асырылуда. Сөзіміздің дәлелі ретінде айта кетейік, қазіргі таңда аудан мектептерінде «Мен сыйға тартқан домбыра» атты акциясы жүріп жатыр. Аталмыш акцияға аудандық білім мекемелерінің ішінде алғашқылардың бірі болып, №2 шағын орталықты орта мектебінің ұжымы үн қосты. Олар жәрмеңке жасау арқылы қажетті қаражат жинап, дарынды оқушыларға домбыралар сыйға тартты.
Шара барысында мектеп директоры Ербол Қайпулдаев, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Қораласбаева, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Жеңіс Өтепбергенова сөз сөйлеп, ұлттық аспаптардың ішінде төресі саналатын домбыраның қасиетіне кезек-кезек тоқталды.
Жиын соңында акцияның өтуіне атсалысқан ата-аналарға, оқушылар мен сынып жетекшілерге алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді.

Ж.БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: