Веломарафоншылар Құланға келді

887 Views

Атланта және Сидней қалаларында өткен қос бірдей Олимпиада ойындарында ел қоржынына қола және алтын медаль салған қазақтың даңқты боксшысы Ермахан Ыбырайымов, Сидней шаһарындағы төрт жылдықтың басты додасында еркін күрестен күміс медаль еншілеген Ислам Байрамуков, Ұлыбританияның астанасы Лондон және Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарында еркін күрестен қола, дзюдодан күміс медаль жеңіп алған Ақжүрек Таңатаров пен Елдос Сметовтың киелі Құлан жерінен шыққан спортшылар екені баршаңызға мәлім. Егер де алыс-жақын шет елдерден келген туристер бізден спорт саңлақтары жайында сұрай қалған кезде аты аталған ел мақтаныштарының есімдерін бірден айтамыз. Өйткені, бұл спортшылар Тәуелсіз Қазақстанның абыройын биік шыңдарға жетелеген нағыз спорт майталмандары.
«Ел тірегі» атты Қазақстанның шағын және орта бизнес қауымдастығының мұрындық болуымен «Алматы-Түркістан» бағытын бетке алған республикалық веломарафоншылар шеруі сәрсенбі күні киелі Құлан өлкесіне келіп, жұртшылықпен жүздесті. Веломарафоншыларды аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев қарсы алып, жылы лебізін білдірді. Осы ретте, біз осы жобаны ұйымдастырушылардың бірі Бақтияр Базарбековті әңгімеге тартқан едік.
«Биыл біздің команда «Алматы-Түркістан» бағытын бетке алып, жолға шығып отыр. Әрине, өмірде түрлі жағдай орын алады ғой. Сондықтан біз бұл веломарафон арқылы мүмкіндігі шектеулі жандардың «мүмкіндігі» шексіз екенін көрсеткіміз келді. Арамызда жүзу спортынан Рио-де-Жанейро қаласында өткен паралимпиада жеңімпазы, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Зульфия Габидуллина да бар. Негізінен бұл біздің алғашқы бағытымыз емес. 2016 жылы Алматыдан Астанаға 1200 шақырымдық жолды жүріп өткен болатынбыз. 2017 жылы Алматыдан Ыстықкөлге жол тарттық. Ал 2018 жылы елордасы Астанадан Франция астанасы Парижге бардық. Бұл екі аралық 5 мың шақырымдық жол. Дегенмен, біз оны бағындырдық. 2019 жылы Қазақстанның киелі жерлерін аралап, яғни Тараз, Шымкент, Түркістан қалаларына ат басын тірейтін боламыз» дейді ол. Ал паралимпиада чемпионы Зульфия Габидуллина аталмыш іс-шараның маңыздылығы өте жоғары екендігін және мүмкіндігі шектеулі жандарға үлкен серпіліс сыйлайтынын айтады. Велошеру соңы Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: