Ұяты бардың иманы тірі

1 142 Views

Бұл әуелгі Адам (ғ.с) әрі соңғы ақыреттік Мұхаммед (с.ғ.с) пайғам­барға дейін өзгеріссіз жеткен бірқатар ұлағаттар ішіндегі адамды кілт тоқтататын ерекше оқшау хадис. «Асыл сөзге өлім жоқ» демекші, құны ес жидыртатын өсиет. Білгенін істеу деген — хайуан тірлік. Ал, одан жоғары тұру – адамилық. Адам ойында бір ғана өтірік пен санада сәл қиянат болса, кеудедегі жүректің кірленуіне жетіп артылады. Ал, қол ұрлыққа, аяқ арамға жүгіре берсе, онда бойдан ұят кетті деген сөз. Жалпы, ұят деген не, оны кім қалай пайымдап жүр, пайызы қанша?
Қазақтың кеңдігінде абырой, ар-намыс, қадір-қасиет ұяттың туыстары. Алайда, ұят күннің көзінен көлеңке іздеген Күнікей қыздай, адам табиғатына өлшеусіз жасырынған қысымды күш екенін көбісі біле бермейді. Ол әркімге әрқалай емес, барша адамзатқа бірдей егілген табиғи екпе. Рухты таза ұстайтын иманмен тамырлас тұқым. Адамилықтың қазығы, адамгершіліктің атасы, ізгіліктің анасы.
Бір адамды ұяттылыққа шақырып отырған сахабаны Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар тоқтатып «Ұят сөзбен сіңдіретін дүние емес, ол иманнан» дегені бар. Ал, «Расында, әрбір діннің өзіне тән мінезі бар. Исламның мінезі-ұят. Ұят пен иман тығыз байланысты» деген хадисте мұсылманның болмысы жатыр. Бұдан бой мен ауыз қуысты таза ұстау, некелесу, ұят сақтау тәрізді жан мен тән тазалығы пайғамбарлар дәстүрі болып қалыптасқан.
«Әдеттілік, арлылық пен махаббат-қабірден әрі өткендегі үш жолдасың» дегенді білген аталарымыз ар-ұят­пен туылып, абыроймен дүние сал­ған тәуірлеріміз. Олар пұлға арын сатқан, бұлданған, кекірейген, түрлі-түсті антұрғаннан сабақ ала білген ақылдылар. Ұятсызбен ұстаспаған, оны тыңдап, тілін тәрбиелеген, оған қарап қылығын түзеген. Алдына атойлап келген жөнсізді жұмсақ тілімен жөнге келтірген, әдепсізді әдемі сөзімен шығарып салған. Шіркін-ай, сағындырып сағым болған сол кезеңнің ұяты ұлтымыздың мінезі еді ғой. Ұяттан аттап өту, өзін жауға беру саналатын. Әріден ұят санаға сақтық, Құдайдан қорқудың шегесі-тін. Дегенмен, «Сырты сұлуға көз, іші сұлуға жүрек қызығады» деген халықпыз. Ол дәуірдің арлы аналарымыз өз алдына бір өмір еді. Өйткені, қазақтың кез-келген келіншегі күйеуіне жас көңілін білдіре алмайтын. Он шақты ұрпағын шұбыртып, ел алдында ақ жаулықты ана атанғанымен, үйдегі отағасыға ләм деуге батылы жетпейтін. Немерелеріне кимешекті әже болса да, қарт қариясына тіктеп қарамайтын. Иманның күштілігі сонша, сол жандар имене төмен қараған жүздерімен, қадірін өсірген қастерлі ұятын кебін етіп, жұмағының іргетасын осы өмірден бастап өріп кетті. Алайда, бұдан артық болмаса, олар ешкімнен кемімеді, еш жасымады, бірде-бір өкінбеді. Себебі, өз өмірлеріне өздері қайшы болып, Алланың берген жақсы қасиетін санасымен қимады. Сонда, олар ұялшақ болған ба? Әлбетте, ұяңдық ұяттың бір бұтағы. Тек, ұялу ұятты мінез емес. Керісінше, ұяттылық-мәдениеттілік, инабаттылық, көрегенділік, ибалылық! Ал, қазіргі аңыраған қазақ ненің ұятты, ненің ұятты емесін ажырата алмай қалғандай.
Адамның түйсік қызметін жүйелеуші әдеп. Ал, ұят осы әдептің бір мүшесі. Ол санаға шек, тілге тиек, жүріске тоқтам. Үш түрлі ұят яғни Алладан, адамнан, өзінен ұялу бар. Ұяттың Ұлы Иесі Жаратушыдан адамның ұялуы тиісті. Жаны мұрын ұшына жеткенде, саудасы тығырыққа тірелгенде, отбасы қиындыққа ұшырағанда, Оған алақанын тосып, екі қолын ұялмастан жаяды, жылана сұрайды. Ал, Оның бұйрықтары мен тыйымына келгенде, бойын не ойын ұсынбақ түгілі, ұмытып кетеді. Міне, осы тұста адамның ұяты өлшенеді. Алладан ұялу — Жаратқанға құрмет, Оның назарын әркез сезіну, Оның алдында абыройын сақтау деген мән. Алайда, бұл мән екінің бірінен табыла бермейді. Ал, адамдардан ұялу — өзгеге құрмет. Өзінен ұялу — өзін сыйлағаны, ұятымен үндескені. Мәселен өмірде «Өзін танығысы келген адам жалғыз қалғандағы ахуалына қарасын» деген ғұламалар бар. Тіптен «Адамдардан ұялғанша, өзіңнен өзің ұял» деп, «Ұяты жоққа дәріс жоқ» дейді де. Өткен заманнан үш жақсы бар. Олар:
«Ердің ұяты жақсы, әйелдің ұяты одан жақсы»;
«Әр адамның әділ болғаны жақсы, басшының әділдігі одан да жақсы»;
«Қарттың тәубелілігі жақсы, жастардың тәубелі болуы тіптен жақсы».
Әлбетте адамды «Бетсіз» деп жүзінен, «Ұяты бар» деп, ісінен танитын халықтың көзі турашыл. Бір ойшылдың «Ұятсыз адам иттен де жаман» дегенін оқып, иттен ұят іздегеніне таң қалдым. Алайда, қазанның қақпағын сол аңдушыда мынадай бір әдеп бар екен. Ала бөтен жерге барып, нәжісін шығарады да, топырақты бұрқырата отырып, төрт аяғымен көмеді, сосын орнынан жылжиды екен. Ал, күні кеше Елордамыздың қақ ортасында нәжісін тастап жүре беретін небір адамдардың барын естігенде «Ең болмаса ит екеш иттен де өнеге алмаған екен» деген шаққа жеттім. Осы біз ар-ұятты әрбір жерге тастап жүрген жоқпыз ба?
Біздер сүйіп қосылған жұбымызды таза шынайы жүрекпен жақсы көру, қарым-қатынасты құрметтеуде Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардан бастап, кешегі бабалар өнегесіне еліктейміз. Алайда, бүгінгі таңда осы құрмет пен махаббат адасып барады. Өйткені, қаражаты бар қалталы әйелдерді аңдыған, оларды әдейілеп арнайы іздеген, жолдарына шаршанды «жаным» сөзімен тұзақ құрып, ұятсыз тірліктерін бір түннен асырмайтын, өтірік қылымситын ерлер, оның ішінде жастар көбейді. Егер де, бұл зина орта жолдан тоқтап, әрі қарай отбасы құрумен жалғасқан күнде, көбінесе ерлердің өкшеқұлдар мен жорғаларға айналуына бір себеп болуда. Осы біз өр рухты, қайсар мінезділіктен шығып, ұятсыздыққа көшкен жоқпыз ба?
Әр үйдің қос әулиесіне шаңырақ­тың босағасы шаттанып, қуаныштан шалқиды екен. Өкініштісі, олардың көздері кетсе, ұрпағы мұраға балқитын болды. Әке мен ананың өмір бойы тірнектеп жинаған дүниесіне таласып, белдері бүгіліп өздері жинағандай, бет жыртысып, ақырында ағайын мен ағайын, абысын мен абысын, бала мен баланың ара жігі ашылып, бірін-бірі соттың алдына сүйрелеу көбейді. Осы біз бауырымызды шеттетіп, ағайындықтан ажырап, ұятсыз болған жоқпыз ба?
Мұсылман ұлылығына көсем бол­ған Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз «Ұят кетсе, екіншісі де кетеді» деп, ұят пен иманды егіздесе, ұлтының кемеңгерлігіне дана болған Абай атамыз «Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ» деп мақұлдайды. Ал, қазақтың қарапайым шекарасы бір ғана «Ұят боладысы». Ендеше, ұяты бардың иманы тірі, ұяты жоқтың иманы өлі. Ұяттылық беттің оты, ұятсыздық рухтың өшкен шоғы.

Нұрлан қажы Байжігітұлы,
дінтанушы имам

Поделиться ссылкой: