Қазақ дәстүрін дәріптеген қарт ана

787 Views

Тағдыр талайымен алыстағы туған жерін тастап, қазақтың дархан даласына еріксіз қоныс аударған өзге ұлт өкілдері қан­шама… Қасиетті Құлан жеріне сонау 1943 жылдың 2 қарашасында 115 қырым татар, 158 қарашай, 187 татар ұлт­тары қоныс аударған еді. Аудан тұрғындары осы қиын-қыстау заманның зардабын көрген қо­ныстанушылардың басына түскен ауыртпашылығын бірге көтере білді.
Аудандағы әр түрлі ұлт өкіл­дері өз салт-дәстүрлерін ғана емес, қазақ халқының да әдеп-ғұрып, салт-дәстүрлерін ұс­танып келеді. Солардың қа­тарына Қарақат ауылының тұрғыны Анаркүл апамызды да жатқызуға болады.
«1960 жылдары Қазақ­стан­дағы тың игеру кезінде сонау Иванофранкиевскі облысы, Варона селосынан төрт украин отбасы келген едік» дейді Анаркүл әже. «Солардың ішінде біздің отбасымыз шағын ғана болатын. Анамның есімі — Олена, ал ағамның ныспысы – Багдам. Қазақстанға келгенімізде мен 15 жастағы қаршадай ғана қыз едім. Ойын баласы болсақ та, еңбекке ерте араласып, қызылша алаңынан табылдық. Сол кездегі, қызылшаны баптап өсіру оңайға соқпады. Бірақ, мен жұмыс ауыр болса да еш мойыған емеспін» деп өткен өмірін ой елегінен өткізді.
Қылша алқабына таңда кетіп, кеш қайтатын анасына ілескен Анаркүл әже тынымсыз еңбектің арқасында еңбек ері дәрежесіне дейін көтеріліп, «Еңбек ері» медалімен де марапатталған. Кейіннен аудандық депутаттыққа сайланып,1968 жылы Алматы қаласындағы еңбек слетіне де қатысып қайтты.
1962 жылы 17 жасында қазақ жігіті Тоқтасын ағамыздың етегінен ұстап, үлкен Қоңырбай ұрпағының, Иманбаевтар отбасына ке­лін болып түседі. Тоқ­тасын ағамыз да кезінде елге сыйлы,бақытын еңбектен тапқан бригадир болған. «Ауыл молдасы некемізді қиған сәтте менің есімімді Ганнадан, қазақшалап Анаркүл болсын деп жария етті» деген қарт ананы қазір ауыл халқы Анаркүл деп атайды.
Қазақтың келіні атанған анамыз бүгінде қазақтың салт -дәстүрін, ырым-тыйымдарын қазақ келіндерінен артық біледі. Ол кісі қайныларының атын атамай, барлығына қазақтың ат тергеу дәстүрімен өзінше ат қойды. Мақалдап сөйлегенде алдына жан салмайды. Келіндеріне сәлем салдырып, қазақтың салтын берік сақтап келеді.
Қазіргі таңда Тоқтасын ағамыз бен апамыз 9 ұл-қыз тәрбиелеп, ұлын – ұяға, қызын қияға қондырған бақытты отбасы. Батыр ана 9 ұл-қыздан 40 немере, 24 шөбере көріп отырған бақытты әже. Әулеттен тараған ұл мен қыздар Алматы қаласында тұрып жатыр. Ұлының үлкені, қара шаңырақ иелері Сайлау мен Махаббат апаның жағдайын жасап отырған жандар. Ұлы — Ерғали кәсіпкер, келіні — Гүлбүбі, ауылдағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі, ұлағатты ұстаз. Апамыздың немерелері де өнерден, спорттан құралақан емес. Мәселен, Ерғалидан та­раған немерелері Ақжүніс пен Ерсұлтан өнерді бағындырып жүр­ген балғындар. Ал, шөбе­ре­лері Дулат пен Бексұлтан еркін күрестен республикалық жарыстардың жүлдегері. 3 жасар шөбересі Аилин де талай дүбірлі додаларда бақ сынап, би жарысынан бас жүлдені иеленіп жүрген өнерпаз.
Қазір Тоқтасын ағамыз бұл өмірде жоқ. Сондықтан, апамыз кейде жан-жарын есіне алып, көзіне жас алып тұрады. Бірақ, ана бақыты ортаймақ емес. Өйткені, немере-шөберелерінің ортасында марқайып, ұл-қыздары арқылы мақтанып отырған бақытты әже, қамқор ана.

Ж.Өтепбергенова,
№2 шағын орталықты орта
мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пән
мұғалімі.

Поделиться ссылкой: