Ботулизмнің алдын алу
36 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Қай қызметте болмасын атадан қалған адалдықтан айнымай, жастарға өзінің ісімен бірге сүбелі сөзімен де өнеге болып отырған жаны жайсаң жанның бірі – ауданның Құрметті азаматы Кеңесбай Исмаилов ақсақал. Кеңесбай қария қараша айының 10-шы жұлдызы күні 80 жасқа толғалы отыр. Сәрсенбі күні сексеннің сеңгіріне келген ақсақалды құттықтап, үйіне бардым. Кеңесбай ата өте қарапайым, ізетті әрі кішіпейіл жан екен.
«Қазақ есікте тұрып әңгіме өрбітпеген» — деп, төрден орын ұсынды. Үйге кірген бетте жоғарыда ілулі тұрған қазақтың қара домбырасына көзім түсті. Қанша кейіпкермен тілдесіп, жазып жүрміз. Шыны керек, төрінде домбыра ілулі тұрған қарашаңырақты сирек көреміз. Кеңесбай ақсақалдың телегей білімі айтқан әңгімесінен көрініп тұр. Ақсақал айтқан сөздерді мақаламыздың қорытынды бөліміне қалдырып, Кеңесбай Исмаиловтың туған жері және ол білім алған оқу ордасы мен атқарған қызметі төңірегінде сөз қозғайын.
Кейіпкеріміз 1939 жылы 10 қарашада Меркі ауданына қарасты Тәтті ауылында туған. 1963 жылы Абай атындағы ҚазПИ-ді, 1972 жылы Жамбыл зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын бітірген. Кеңесбай ата ең алғашқы қызметтік баспалдағын Каменка орта мектебінде мұғалім болып бастаған. Бұдан кейін 1965-1966 жылдары аудандық «Білім» қоғамының жауапты хатшысы болса, 1966-1987 жылдары аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, аудандық партия комитеті бірінші хатшысының көмекшісі, бөлім меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. 1987-1992 жылдары аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1992-1996 жылдар аралығында аудандық кино жүйесінің директоры, 1996 жылдан 2003-ға дейін аудан әкімдігінде бас маман, бөлім меңгерушісі болып еселі еңбек етті. 2 ұл, 2 қызынан 9 немере сүйіп отырған туған-туысқа сыйлы, дос-жаранға құрметі асқан ардақты жан.
Сөз арасында 56 жыл отасқан зайыбы Ажар Әлжанова апайымызды да сөзге тарттық. «Кенекең кез келген іске жауапкершілікпен қарайды. Зейнет жасқа жеткенше талай жауапты қызметтер атқарды. Ол соның барлығында адал әрі көпшіл болды. Содан кейін де болар, Кенекеңді есейген баладан еңкейген қартқа дейін сыйлайтындығы. Ұл-қыздарымыз да, немерелеріміз де атаңның ақ батасымен өсіп жетілді. Барлығы да жоғары білімді азаматтар мен азаматшалар. Қайсібірін айтайын. Өзің жақсы болсаң, сен де дос-жаран да, сырлас әрі сыйлас адамда көп болады екен қарағым» дейді ол.
Кеңесбай Исмаиловтың аузынан естіген даналық сөздермен мақаламды қорытындыласам деймін. «Қазақ халқы – жұрт ойлап жүргендей қой соңында салпақтаған бақташы халық емес, өзінің ұлан-байтақ жерін қорғап жүрген жаппай шекарашы, түгелімен сақшы халық», «Аузымызға алалық түсірмесек, ісімізге шалалық түсірмейміз», «Барша тығырықтан шығаратын бір-ақ жол – тәуелсіздігімізді тәу етіп, тәуекелімізге бекем болу» деген Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының ұлағатты сөздері кейіпкеріміздің көкейінде орнығыпты. Содан кейін «Шертпе күй – қазақтың төзімі, төкпе күй – сол төзімнің сарқылғаны» деген жазушы Алдан Смайылдың сөзін мысал етіп, қазақтың ұлттық аспабы домбырамен күй тартып берді.
Марат Диханбай.