Он үш отбасы бақ сынады
«Баланы ең әуелі мейір-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы» дейді абыз Абай. Көпшілік ұл-қызын мектеп жасына дейін мейір-шапағатқа бөлеп өсіргенімен одан кейінгі кезеңдерді ұмыт қалдырып жатады. Ақыл-парасатқа баулуда бар жауапкершілікті ұстаздарға ғана артып қоймай, әр ата-ана ұрпағының парасат-пайымын арттыруы маңызды. Өйткені, баланың бас ұстазы – ата-анасы. «Әкеден – ақыл, анадан – мейір алған» баланы ғылымға, еңбекке баулу да ата-ананың мойнындағы басты парызы. Осы құндылықтарды жас ұрпаққа ата-ана мен ұстаздар қауымы бірлесе ұғындырып, ортақ шешім қабылдаса Абай айтқан мейірімді, парасатты, еңбекқор адам қалыптасатыны шығар күндей шындық.
Бұл жұмыстарды отбасылық байқаулар арқылы да атқаруға болатынын өз тәжірибемізден аңғардық. Біз өткен жылы алғаш Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің бастамасымен қолға алынған «Парасатты отбасы» байқауының аудандық кезеңін өткізген едік. Сол үрдісті биыл да жалғастыруды мақсат тұттық. Себебі, жас ұрпақтың ақылы артып, кісілік келбеті кемелденіп, парасатты адамға тән қасиеттерді бойына сіңіріп өсуі үшін алдымен ата-ананың бала тәрбиесіне деген көзқарасын қалыптастыруымыз керек екен. Ол үшін мектеп өмірі мен отбасы байланысын нығайту қажеттігін түсіндік. Аудандық М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінде өткен байқауға Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев арнайы келіп қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Алты кезеңнен тұратын байқау ережесіне сәйкес дайындықтарын пысықтап келген он үш отбасы бақтарын сынап, әділқазылар алқасының төрелігіне жүгінді. Бас жүлде Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің атынан қатысқан Арыстанбековтер отбасына бұйырды. Бүгінде Абай ауылдық округінің әкімі лауазымында жүрген отбасының тірегі Мұратбек Арыстанбеков ұзақ жылдар ұстаздық қызметті абыроймен атқарып, «Білім беру ісінің үздігі» атанған болатын. Ұстаздық және ата-аналық парызына жауапкершілікпен қараған отағасының ұл-қыздары қазір жетістіктерімен қуантса, немерелерінің алды мектепке барып, отбасылық байқауға қатысуға негіз қалады. Енді бұл отбасы аудан намысын облыстық байқауда қорғайтын болады.
Бауыржан Самылтыров,
аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі.