Байқау жеңімпаздары анықталды

832 Views

Жақында аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Сұлутөр» кинотеатрында «Туған жерім – тұғырым, туған тіл – қыдырың!» атты тақырыпта аудандық жас ақындардың мүшәйрасы өтті. Мүшәйраның мақсаты – Жамбыл облысының 80 жылдығына орай жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын кеңінен насихаттау, өңірдің тарихы мен даму белестерін көрсете отырып, жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу.
10 және 35 жас аралығындағы қатысушылар арасында өткен мүшәйраның шымылдығын аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрдәулет Жамалбеков сөз сөйлеп, ашып берді. Ол өз сөзінде Кәріпжан Нүсіп, Қуандық Шолақ сынды ауданымыздан шыққан есімі елге танымал ақындардың жырларының эстетикалық мазмұны төңірегінде ой қозғап, қатысушыларға солардың өлеңдерін үлгі етті. Екі кезең бойынша өрбіген мүшәйрада қазылар алқасына үздік үштікті анықтау аса бір қиындық тудырған жоқ. Шығарған өлеңінің көркемдігі мен жатқа оқу шеберлігі жағынан Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің 11 сынып оқушысы Жәнібек Әміре, Жамбыл орта мектебінің 11 сынып оқушысы Саламат Осалы өзге қатысушылардан оқ бойы озық болды деуге болады. Дегенмен, қазылар алқасының шешімімен Жәнібек Әміре жүлделі II орынға, ал Саламат Осалы жүлделі I орынға ие болды. Осы ретте, Саламат Осалының «Тұғыры биік туған жер» атты өлеңін сіздердің назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Алпыс екі тамырды тулататын,
Ақын біткен пендені жырлататын.
Ажырамас болса да бір-ақ нәрсе,
Сағынышқа сарғайтып құрғататын.
***
Ол менің жадымда да жүрегімде,
Сен болмасаң мен бұлай жүремін бе?
Жырым да жақұтым да туған өлке,
Мен өзіңсіз сүюді білемін бе?
***
Бастау алар өзіңнен жалыным да,
Басқалардың арналса жаны мыңға.
Мендік жыр тек өзіңе арналады,
Тек өзіңсің түнім де, жарығым да.
***
Туған өлке арналар бәрі саған,
Мен сен үшін әлеммен жарыса алам.
Туған өлке адамнан алыс емес,
Кездесер туғанынан алыс адам.
***
Турасы туған жердей табылмайды,
Қай пенде туған жерін сағынбайды.
Мұндай мекен бар шығар менде ғана,
Сәл көрмесем жұтады жаным қайғы.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: