Қайырымдылық деп осыны айт

622 Views

Жақында Тараз шаһарынан бастау алған «Елдік елге байланысты» атты қоғамдық форумы ауданымызда да өткендігі белгілі. Аудандық газетте форумда сөз болған рухани кеңістіктегі қордаланған мәселелер айтылып, жазылған еді. Сондағы байқағанымыз, сол айтылған ұсынысқа қолдау білдіріп жатқан тұрғындар да бар. Соның бірі Қорағаты ауылдық округіне қарасты Мамыртөбе елдімекенінің тұрғыны Дінмұхамед Закенов.
Ол жақында өз алдына отау құрып, үйленген болатын. Қазір шыны керек, тойдың алдында жастарымыз кешкі сейілге шығады. Оған жұмсалған қыруар қаражатты айтсаңызшы. Ол аздай, Тұрар бабаның ескерткішінің алдына барып, ащы суды атасынан қалғандай аспанға ататынын қайтерсіз… «Сенім деген құдіретті күш – ол сеңгір тауды да қозғайды» деген мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың сөзін жадына сақтаған кейіпкеріміз тойының алдында осының бірін де істеген жоқ. Ол құр дарақылықты шетке ысырып қойып, соған жұмсалатын қаражатқа ауылдық округтегі әлеуметтік аз қамтылған тұрмысы төмен, көп балалы және жалғызілікті отбасыларға қайырымдылық жасап, көмек қолын созды. Қорағаты ауылдық округінің әкімі Бақытбек Аблазимовтың сөзіне сенсек, Дінмұхамед Закенов 6 отбасыға 25 келіден ұн, 10 келіден картоп, пияз, макарон өнімдері, 5 келіден қант, күріш және 5 литрден сұйық май алып, ауыл тұрғындарына үлестірген. Дінмұхамед Ахметұлының «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты кітабынан «Әрине, істің орайы келе бермейді, әйтпесе алдыңа келген адам өтінішін аяқ асты етпегенге не жетсін» деген сөзін оқыған едік. Димаш атасының әрбір сөзін ұлылыққа балайтын қорағатылық Дінмұхамедтің істеген жақсылығынан өзге жастарымыз да үлгі алса ғой, шіркін…

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: