«IQanat» олимпиадасы өтті

676 Views

Аудан әкімдігі білім бөлімінің ұйымдастыруымен жуырда Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектепте «IQanat» олимпиадасының аудандық кезеңі болып өтті. «IQanat» олимпиадасы қабілетті оқушыларды анықтау, зияткерлік бастамаларын жандандыру және шет мемлекеттер мен Қазақстан Республикасындағы жоғарғы оқу орнына түсу гранттарының иегері атануына қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
Аудан мектептерінің 9 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған «IQanat» олимпиадасының аудандық кезеңі «IQanat» олимпиадасын ұйымдастыру және өткізу туралы» Ережесіне сай «Эрудит» эссе конкурсы, математика, физика, ағылшын тілі пәндерінен өткізілді.
Бұл жоба тек ауыл мектептерінде­гі қабілетті оқушыларды анықтап, шет мемлекеттер мен Қазақстан Респуб­ликасындағы жоғары оқу орындарына түсу гранттарының иегері атануына зор мүмкіндік береді. Жоба ІІІ кезең­нен тұрады: аудандық, облыстық, республикалық.
Республикалық кезеңінің же­ңім­паздары атанған оқушылар онлайн режимінде оқыту платформасы арқы­лы жоғары оқу орындарының қабыл­дау емтихандарына дайындала алады.
Аталмыш олимпиадаға аудан мектептерінің 403 үздіктері қатысып бақ сынасты.
«IQanat білім қоры» қоғамдық қорының аймақ-аралық координаторы Нартаева Толқын Утеуліқызы олим­пиаданы ашып беріп, олимпиаданың өтілу барысына тоқталды. Ауданның мерейін асқақтатар үміткерлерге шалқар шабыт пен толағай табыстар тіледі.
Аудандық білім бөлімінің әдіс­темелік кабинетінің меңгерушісі Дәуренбекова Раушан Өскенқызы «Да­рын жеке жетілмейді, дарындар сайыса жүріп, бірін-бірі жетелейді» де­гендей, оқушылардың алған білімдері мен дағдыларын іс жүзінде сарапқа са­латын жауапты күн екендігін айта келе, үміткерлерге ғылым мен білім жолында биікке самғауларына тілектестігін білдіріп, олимпиаданың өтуіне қолдау көрсете отырып, жобаның тиімді тұстарын атап өтсе, мектеп директоры Шулакова Нургул Төленқызы өткен күннің үзігі мен келер күннің үмітін жалғар балаларымыздың ғұмырының ұзақ болып, Қазақстанның болашағын көркейтер азаматтар болып өсетініне сенім білдіріп, олимпиада қатысушыларына сәттілік тіледі.
Әуелете шырқалған ән мен қазақы домбыраның күмбірлете төгілген күміс үні олимпиаданың салтанатты ашылуының ажарын аша түсті. Тараз қаласы «Silk way star»халықаралық байқауының бас жүлде иегері Серік Азамат «Қазақ елі» әнін және Республикалық «Жас жұлдыз» телевизиялық байқауының бас жүлде иегері Серікбай Арсен «Жаса, Қазақстан» әнін шырқаса, «Мектеп» ансамблі Құрманғазының «Балбырауын» күйін паш етті.

П.Байботаева,
Ә.Бөкейханов атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Поделиться ссылкой: