Самарқанда топ жарды
№1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бокс жаттықтырушысы Еділбек Тайлақов Өзбекстан мемлекетінде өткен халықаралық «SamarkandHalfMarathon» жарысында жүлделі I орынға ие болды. Біз «Аламан» айдарында Едекеңнің жігерлі жеңістері туралы үздіксіз мақала жазып келеміз. Бұған дейін Ыстықкөл мен Бішкек қаласында өткен халықаралық турнирлерде жеңімпаз атанған Еділбек Тайлақов Шымкенттегі бәсі жоғары жарыста да көптеген марафоншылар арасынан үздік шыққан болатын. Биыл бокс жаттықтырушысы нағыз бабында. Неге олай дейміз? Өйткені, жыл басынан бері көптеген жарыстарда еншілеген жүлделері бұл сөзімізге нақты дәлел бола алады. Оның бірді-екілісін сөз арасында жазып өттік.
Еділбек Тайлақовтың Шымкентте өткен марафон жарысындағы уақыт көрсеткіші 1 сағат 30 минут болатын. Ал Самарқанда дәл осы қашықтықты Едекең 1 сағат 31 минутта жүгіріп өтті. Бұл деген өте жақсы көрсеткіш. Жүгіруді салауатты өмір салтына балайтын Еділбек Тайлақовпен жақсы қарым-қатынаста араласамыз. Ол жақында редакцияға келді. Әңгімелестік. Сонда Едекең:
– Самарқандағы жарыс жолы өте күрделі болды. Өрге де шықтық. Ауданның атынан қатысып отырғаннан кейін, соның барлығына шыдас беруге тура келді. Мен 45-49 жас аралығындағы категорияда бақ сынадым. Жалпы жарыс нәтижесінің осылай болғанына іштей қуандым. Өйткені, үздіксіз дайындалып келемін. Күн сайын жол бойымен жүгіретінімді өзіңіз де білесіз.Еңбек етсең ғана жетістікке жетесің. Қарқынды жаттығудың арқасында нәтиже солай болған болу керек деп ойлаймын,-дейді Еділбек Тайлақов.
«Түнгі лига» өз мәресіне жетті
Қыркүйек-қараша айлары аралығында мемлекеттік қызметшілер арасында волейболдан өткен «Түнгі лига» ойыны өз мәресіне жетті. Айта кетейік, «Түнгі лига» ойынына 10 команда қатысып, өзара жарыс көрігін қыздырды. Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі I орынды «Арыстан» командасы (топ жетекшісі М.Арыстанбеков), жүлделі II орынды «Рухани жанғыру» командасы (топ жетекшісі Б.Әлпейісов), жүлделі III орынды «Жауынгер» командасы (топ жетекшісі майор Қ.Мингбаев) және «Бірлік» командасы (топ жетекшісі Е.Айдархан) иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің кубогы, медальдары мен арнайы дипломдары табыс етілді.
Сондай-ақ, ойын барысында үздік ойын өрнегін көрсеткен аудан әкімінің орынбасары Б.Әлпейісов «Үздік ойыншы» номинациясына ие болса, Абай ауылдық округінің әкімі М.Арыстанбеков пен Көгершін ауылдық округінің әкімі Е.Айдархан арнайы дипломмен марапатталды.
Топтаманы дайындаған Марат Диханбай.