Боз кілемде боркемік танытпаған

872 Views

талантты палуан әрі әлемдік деңгейдегі бапкер еді

Республикалық «Жас Алаш» газеті «Әлемдік деңгейдегі қазақ бапкері» деген айдар ашып, оған аты көпке мәлім, бірақ жалпақ жұртқа беймәлім спорт саңлақтары туралы өндіре жазып келеді. Осы саңлақтардың қатарына біздің ауданымыздан да шәкірттері әлемдік деңгейден көріне білген бапкерлерді қосуға неге болмайды деген ой келді маған. Былғары қолғап шебері Атланта және Сидней Олимпиадаларының чемпионы Ермахан Ыбырайымовты қазір бүкіл жер жүзі біледі. Соңғы жылдары ауданымыздың палуандары да Олимпиада шыңына шығып қайтты. Солардың ішінде Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған Ислам Байрамуков пен Рио да Жанейрода кеудесін күміспен жарқыратқан Елдос Сметов және Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров бар. Осылардың біреуінің бапкері Серік Қайсарұлы Нұрманбетов болатын. Бүгінгі әңгімеміз осы қара нардай қайыспас белі, Қажымұқандай қайсар мінезі бар Серік Нұрманбетов туралы болмақ.

Иә, қамшының сабындай ғана келте ғұмыр неткен қатал едің…Ол өзі сақпанның тасындай сақа жігіт еді-ау. Елу үш жас деген не тәйірі, ер жігітке. Бозым еді, аттай шауып, атандай желіп жүрген шағында бақилыққа аттанды. Әйтпесе, әкесі Қайсар сақалына жас қондыратындай мезгіл ме еді…Өзі төрт ұлдың ішінде бітімі бөлек, жауырынды, қолы қарулы әрі шамдағай болып өсті. Ұлдың үлкені емес пе, оның ізін басып келе жатқан інілері Берік пен Қайрат та ағалары сияқты күрестен қалмайтын. Ол доп қуаласа олар да қоса қуалайтын. Үшінші сыныпта жүріп-ақ, «Алатау» футбол командасын құрып, облыстағы «Теңбіл доп» додасына қатысты. Әкесі құрылыс маманы болған соң бұлар Құмарықтан Құланға көшіп келген. Серік орысша оқыды. Бала болса да оның бүркіт қабағынан қатарлары тайсалатын, бірақ ойын баласы емес пе көбімен достасып кетті.
Жауырыны жерге тимеген жат­тықтырушысы Сайын Бекайдаров оның әр қимылын қаза жібермей қа­раудан бір жалықпайтын. Буыны қата қоймаған баласын күрес үйірмесі­нен алып кетпекші болған шешесі Тұрсынкүлге жаттықтырушысы: «Жеңеше балаңыздан мықты палуан шығады, әкетпеңізші?» деген қиылып. Варошилов мектебі жанындағы спорт мектебінде жүрген кезде де байыпты палуан әрі білікті басшы Асылқадыр Әбілдаев та Серіктің келешегінен үл­кен үміт күткен. Бапкерлердің сол үміті ақталды.Талантты спортшыны 8-ші кластан соң Қарағанды қаласындағы дарынды балалар оқитын спорт мектебіне оқуға жібергенде Серіктің ұстазы Ертай Медербаев онымен бірге кеткен.
Серік сонда артына алаңдай беріп еді. Өйткені оның артынан қос жанары жәудіреп «ағатайлап» жүгірген бес жасар бүлдіршін: «Мен қайтемін,аға?» деп қалып бара жатқан. Серік өзі оқушы болса да бес жасар Исламды жанынан жарты қарыс тастамайтын, өзі үйренген айла-тәсілдерді оған да үйрететін. Бірақ, Серік інішегін жұбатып: «Мен қайтып келемін, содан соң екеуіміз бірге жаттығуға барамыз, жарай ма?» деген аса бір қимастықпен. Сол кезде олардың екеуі де күні ертең Исламның Олимпиада жүлдегері, даңқты палуан болатынын білген жоқ. Алайда Серік өзіне және өзінің көршісі, жанындай жақсы көріп кеткен қарашай оғланына сенді. Онымен аз уақытқа болса да қимай-қимай қоштасты.
Серік Қарағандыға келгенде ал­дынан үлкен спортқа жол ашы­ла­тынын білген жоқ. Мұнда оны КСРО-ның спорт шебері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері Александр Алексеевич Мыцик жаттықтырды. Ол бір ай ішінде талай қарсыластарының жауырынын боз кілемге тигізіп, өте жақсы нәтиже көрсетті. Сөйтіп, Бүкілодақтық Жастар құрамасына алынды. Ол көптің ішінде аса көзге түспесе де кі­лемге шыққанда шиыршық атып, қар­сыластарынан айла-тәсілін асы­рып жеңіп жүрді. Оның бәсекелестері осал палуандар емес еді. Олардың ішінде әлем чемпионы атанған Аманкелді Жапаров және Серік Алшынбаев та бар болатын. Сөйтіп, жүріп Серік Ресейдің Кишинев, Калининград қалаларына Қазақстанның «Еңбек резервтері» спорт қоғамының атынан барып қатысып, талай қарсыластарына кілем иіскетті, осы жарыстарда чемпион деген атаққа ие болды. Ол кезде Нүркен Әбдіров атындағы Бүкілодақтық турнирге жақын шетелдерден де атағы жер жарған спортшы палуандар келетін Серік осылардың бәрімен күш сынасты. Қазақстанның спорт шеберлігіне кандидат нормасын орындады. Сөйтіп, ол көп ұзамай туған Құланына оралды.
Ол үлкен спорттан бас тартқан жоқ, қайта ауылға келіп жастарды еркін күрес өнеріне баулысам деген ниетпен бұрын өзі оқыған жасөспірімдер спорт мектебіне жаттықтырушы болып жұмысқа кірді. Енді ол қазақша және еркін күрестің шебері атанған Асылқадыр ағасымен бірге, бір мектепте жұмыс істейтін болды. Кішкентай Ислам бұл кезде бұлшық еттері бұлтиып, кавказ еріндері дүрдиіп, боз кілемде бойбермей қарсыластарының меселін қайтарып жүрген. Серік ағасы келген соң оны мықтап жаттықтыра бастады, еркін күрес өнерінің ол білмейтін талай тәсілдерін үйретіп, алғаш аудан, одан соң облыста ешкімге дес бермейтін халге жеткізді.
Серік шынында да жан-жақты спортшы болатын. Ол әскер қатарына алынар кезде өзінің замандасы, боксер Есдәулет Құрмантаевпен көп сырласушы еді. Сол досының әсері болды ма, Қарулы Қүштер қатарында жүріп боксқа қатысты. Нәтижелі өнер көрсетті. Бір таңқаларлығы Секең спорттың 30 түрінен сынақ тапсырып, бәрінен «5» деген баға алды. Жамбыл педагогикалық институтына оқуға түсті. Ол суда жүзу, эстафеталық қашықтық бойынша тұрған жерін анықтау сияқты сирек тапсырмалардан да сүрінбей өтті.
– Серіктің спорттың қандай түріне болсын икемі бар еді,- дейді ол туралы інісі, еркін күрестен спорт шеберлігіне кандидат Берік Нұрманбетов.- Ол Қарағандыдан қайтып келгенде оны жыға танитындар: «Серік еркін күресті бекер тастады, оның жаратылысы бөлек еді. Әлем чемпионы болуға толық мүмкіндігі бар болатын»дейтін. Біз ағайынды үшеуіміз де күреспен айналыстық. Аудан, облыс чемпионы атанып, жарыстарда жүлделі орын­дар­ды жеңіп алып жүрдік. Серік ағам нағыз кемел шағында арамыздан кенеттен кетіп қалды. Ол дәстүрлі спорт түрлерін де жақсы көретін. Өзі ат баптап, жарыстарға қатысып, екі дүркін машина ұтып алды. Луговой жылқы зауытының бас зоотехнигі Зәуірбек Әлібековтің батасын алғанын аузынан тастамай айтып отырушы еді. Көкпарды да жақсы көретін. Болмысы бөлек жан еді, амал қанша…
«Серік Нұрманбетов жат­тық­тырушы ретінде өте талантты әрі дарынды адам болатын» дейді №1-ші спорт мектебінің директоры Ұлан Омарбеков. «Оған сол үшін де, дәлірек айтқанда Ислам Байрамуков сияқты дарабоз палуанды даярлағаны үшін Қазақстан Республикасы спорт жә­не дене шынықтыру істері жөнін­дегі агенттігі өзінің 2013 жылғы 12 мау­сымдағы №199-шы бұйрығы­мен «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы» атағын берді. Ол расында осы атаққа лайық азамат болатын. Серік Ислам Байрамуковты ғана емес оның інісі, Азия чемпионы, халықаралық жарыстардың жеңімпазы Расул Байрамуковты, спорт шеберлері Ертай Алимов, Милат Жүнісбаев, Хаким Мирзантовты, спорт шеберлігіне кандидат Адам Хакимов, Ноян Тіленшиев, Асхат Жаманбаевты жаттықтырды».
Серіктің Лаура мен Жазира есімді екі қызы, сүйген жары ар­тында қалды. Ал, немересі Мадияр атасына айнымай тартқан. Ол да күреске қатысады. Демек, тұлпар­дан қалған тұяқ бар. Секең қандай жарысқа қатысса да боркеміктік танытпайтын. Оның көзінде оты, жүрегінде намысы, жұдырығында күші бар спортшы болатын. Биыл желтоқсанның 10-шы жұлдызында осынау спорт саңлағының арамыз­дан кеткеніне төрт жыл болады. Бауырлары 30-шы қарашада еркін күрестен Серік Қайсарұлын еске алу турнирін өткізбекші.

С.Қожеке.
Суретте: Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Серік Қайсарұлы Нұрманбетов.

Поделиться ссылкой: