Балалардың қауіпсіздігі — ата — аналардың жауапкершілігі

7 180 Views

«Бала – бауыр етің». Өміріңнің мәні де, сәні де солар… Таңның атысы мен күннің батысына қарамай, жұмыс істеуіңнің себебі де, сол – бала қамы. «Қайтсем, ұрпағыма жағдай жасаймын» деген ата-ана үшін бұл бақытты өмірдің баспалдағы іспетті. Ата-бабамыз әу баста бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, ұрпағының текті әрі саналы болып өсуіне бар күш-жігерін жұмсаған. Ата-әжелеріміз шет ел асып оқымаса да, адам баласы нені беру керек, нені сұрау керек, нені тілеу керек деген адами қасиетті сіңіріп өсті. Жазылмаған дала заңы оларды ештеңеден кенде еткен жоқ. Керісінше, өнегелі де парасатты ұрпақ болып өсуіне жол ашты.
Ал бүгін ше? Бүгінгі ұрпақ – «жоқ» дегенді білмейтін заманның кейіпкерлері. Не ішем, не кием демейді. Қарны тоқ, көйлегі көк. Себебі олар адам жанынан басқасының бәрін сатып алуға болатын заманда өмір сүріп жатыр. Иә, барлық бала ата-анасының құшағында алаңсыз өмір сүруге лайық. Десек те, біз бала қауіпсіздігінің басты назарда екенін естен шығарып алып жүргендейміз.
Бүгінде жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын оқыс оқиғалар жиілеп кетті. Жоғары қабаттағы терезеден құлаған сәби, түтінге уланған бала, суға батқан жасөспірім, отқа күйген нәресте, өгей шешенің қорлығы, қатал әкенің сұмдығы… Одан бөлек, ата-аналарының кәмелетке толмаған балаларын қараусыз қалдырып, оның соңы қайғылы оқиғамен аяқталып жатқан жағдайлар…
Күн сайын еліміздің қалаларында, ауылдарында автокөліктер саны өскен сайын жол апаттары да арта түсуде. Жол көлік оқиғалары жөніндегі деректерге зер салсақ, қалалық жерлерде жаяу жүргіншілердің кінәсінен болатын оқыс оқиғалар саны едәуір көп. Оның ішіндегі жас балалардың апатқа жиі ұшырайтыны: жастай өмірмен қоштасып, орны толмас өкінішке әкелетіні немесе ауыр жарақат алып, кейбірі өмірлік мүгедек болып қалуы мүмкін. Оның себептері: көптеген оқушылар жолда жүру ережесін сақтай білмеуінде. Олар көбіне ереже талабын бұзып, асығыстық жасап, жүгіріп өтуге ұмтылады. Асыға жолға жүгіріп шыққан баланың қауіпке ұшырайтыны, өзіне ғана емес, өзгенің де өміріне қатер төндіретіні баршаңызға мәлім. Осындай оқиғаларды болдырмас үшін мектепте мұғалім, үйде ата-ана балаға үнемі жолда жүру ережесін ескертіп отыруы міндетті. Әдетте кез келген ата-ана балаларды мектепке шығарып саларда «жолдан жүгіріп өтуші болма, машина қағып кетеді» деген ескертуден аса алмайды. Бұл – әрине, жеткіліксіз.
Бастауыш сынып оқушысы үшін үйден мектепке дейінгі жол қиындықтарын білуі тиіс. Сол үшін ата-анасы баласына жол-жөнекей кездесетін қиындықтарға, жол белгілеріне көңіл бөліп, үйреткені дұрыс. Жол көлікпен қатынасатын оқушыға ата-анасы жол қиылыстарынан өтуді, көлік толық тоқтағанда түсіп, мінуіне болатынын, өз аялдамасын дұрыс білуін, бөтен көлікке отырмауын ескеріп отырғаны жөн.
Бастауыш сынып оқушыларының күнделігінің алғашқы беттері, яғни баланың аты-жөні, мектебі, сыныбы, мекен-жайы, үй телефоны, әке-шешесінің ұялы телефондары, мектеп телефоны толық жазылып, баланың фотосы жапсырылуы тиіс. «Менің мектепке барар жолым» кестесі анық сызылып, қандай көшелерден, қандай қиылыстан, қай үйлердің арасынан жүретіні қызыл бағытпен сызылып көрсетілуі тиіс. Бастауыш сынып оқушыларының әсіресе 1-2 сынып оқушыларының мектепке әке-шешелері міндетті түрде өздері әкеліп-әкетуі керек.
Жалпы ата-ана баласының қайда және кіммен ойнап жүргенін білуі керек. Мектепке кешікпей баруын, үйге уақытысында келуін қадағалағаны абзал.
Баланың жарақат алуы көбінесе мектеп пен үй арасында болады. Көшеде ұзақ ойнап жүріп қалған бала міндетті түрде қиын жағдайға тап болуы мүмкін (балалармен ойнап жүріп ерегісіп, төбелесіп қалуы, бір-бірінің заттарын тартып алуы, бөтен бұзақы балалардың көзіне түсуі және олардың ақша талап етуі, дүкеннен жарылғыш заттарды сатып алып ойнауы, т.с.с.). Ата-ана балаға артық ақша бермеуі керек. Үшкір заттар мен газды балондар алып жүрмеуін қадағалауы қажет.
Көбінесе ата-ана жұмыста болып, бала үйде жалғыз қалатын кездер болады. Балаға техника қауіпсіздік ережелерін және мынаны ескертіп отыруы керек: үйде жалғыз қалғанда электр жүйесіне жақындамау, газ плитасына тиіспеу, терезені ашпау, бөтен кісіге есік ашпау, т.с.с. Ата-анасының әрбір ескертуін ұмытпай, ереже талабын бұлжытпай орындаған балалардың әр түрлі сәтсіздіктен аулақ болатыны шындық.
Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 442-бабына сәйкес кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы – заңды өкілдеріне үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатынын ескерсек, бүгінде қосымша ақша табу мақстанында жасы кәмелетке толмаған жасөспірімдердің мейрамханаларда жұмыс істеуі әрбір ата-ананы алаңдатуы абзал. Себебі түнгі уақыттағы бала өмірінің қауіпсіздігі үшін өзімізден басқа ешкімге кіна арта алмайтындығымыз анық.
Иә, бала – сіздің көзіңіздің нұры, көңіліңіздің қуанышы! Дүниенің бар алтынына айырбастамайтын қымбатыңыз! Біздің көңіліміз балада болғанымен, баланың көңілі далада екені рас. Бала болған соң ойнайды. Білуге құштар болып, әр нәрсені бір түртетіні де әу бастан белгілі. Алайда жаза деген аяқасты. Балаларды қайғылы оқиғалардан қорғау үшін қарапайым ережелерді жадыңызда ұстау артықтық етпейді.
Құрметті ата-ана, балаларыңызды жолда қараусыз қалдырмаңыз, жолда жүру ережесін сақтауда балаларыңызға үлгі болыңыздар. Бала өмірінің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамайық.

Ардақ Кульчиков,
аудандық ата-аналар қоғамдық кеңесінің төрағасы

Поделиться ссылкой: