Жампоз жаттықтырушыны еске алды
Пифагор ойшылдың мына сөзі жүрек шымырлатады. Ол «Өмір ойын сияқты, біреу саудаласу үшін келеді, біреу күресу үшін келеді, енді біреу зау биіктен қарап тұру үшін келеді» деген. Астары терең ғой шіркін. Мына сөзден арагідік қылаң беріп қалатын шындық дейтін есті ұғым есіп тұр. Күнделік дәптерімнен Пифагор данагөйдің дуалы сөзін оқыған сайын осыдан 4 жыл бұрын дүние салған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, еркін күрес шебері Нұрманбетов Серік Қайсарұлының тұлғалық болмысы еске түседі. «Уақыт – зымыран» деген осы. Серік Нұрманбетов әркез шындықты бетке айтатын батыл жан еді. Яғни, табандылық Секеңнің түпкі тамырында тулап тұр десек, артық айтпаспыз. Амал нешік! «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген осындайда айтылса керек.
Өткен аптада еркін күрестен 2005-2007 жылғы жасөспірімдер арасында Нұрманбетов Серік Қайсарұлын еске алуға арналған облыстық ашық турнир өтті. Марқұмның ағайын-туыс бауырлары бастап, аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен өткен турнирге барлық аудандардан өзге Тараз қаласынан, Түркістан және Алматы облыстарынан да балуандар келіп қатысты. Турнирдің шымылдығын аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев сөз сөйлеп, ашып берді. Содан соң, даңқты жерлесіміз әрі Серік Қайсарұлының шәкірті,Сидней Олимпиадасының күміс медаль иегері Ислам Байрамуков сөз сөйлеп, атақты бапкердің адамгершілік болмысы жайында ой өрбітті. Серік Қайсарұлының туған бауыры Берік Нұрманбетовте марқұм азамат келбеті туралы жүрек тебірентерлік сөздер айта келіп, турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі.
Турнир барысында жасөспірім балуандар 12 салмақ бойынша белдесті. Турнир қорытындысында ауданымыздың жасөспірім балуандары төмендегідей нәтижеге қол жеткізді. 29 келіде Дінмұхамет Меркібек жүлделі II, 32 келіде Досжан Омар III, Еркебұлан Дүйсенбек I, 38 келіде Алмат Тілеубаев I, 42 келіде Дулат Әлібекұлы I, 50 келіде Дамир Жорабек II, 54 келіде Арыстан Алхадыр I, 58 келіде Дияс Төлеген I, 62 келіде Расул Қалпаш III, Әзімбек Топжар II, 65 келіде Алихан Мадуар I, 68 келіде Ниет Абдрахман мен Еркебұлан Үмбет III, Қуаныш Жолдасқұл II орынды иеленді.
Жарыс алғыр басшының құрметіне арналды
Жергілікті халықтың көкейінде «Әбіш» деген атқа ие болған Қазақстан Республикасы спорт қайраткері Абиур Бестерековтің ұзақ жылдар бойы аудандық денешынықтыру және спорт бөлімін абыроймен басқарғанын білеміз. Өткен жылы кенеттен дүниеден озған Абиур Аманкелдіұлы туралы шыны керек көп сөз жазуға болады. Дегенмен, біз оның алғырлығын ерекше атар едік. Өйткені, аудан атынан қанша жарысқа барса да, оның жүлдесіз қайтқан кезі жоқ. Облыс аумағында біздің аудан алдыңғы орындардан көрінетін. Бұл Абиур Бестерековтың қарға тамырлы қазақтың бойында тулаған алғырлық деген қасиетті болмыс-бітіміне дарыта білгендігінің арқасы.
Жуырда волейболдан ересектер арасында Қазақстан Республикасының спорт қайраткері Бестереков Абуир Аманкелдіұлын еске алуға арналған аудандық турнир өтті. Ақиқатын айтуымыз керек, жарыс өте тартысқа толы болды. Дегенмен, жарыстың аты жарыс. Бірі олжалы болса, енді бірі жүлдесіз қалады. Спорттың заңдылығы солай. Нәтижесінде аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған Абиур Бестерековты еске алуға арналған аудандық турнирдің жүлделі III орнын Жаңатұрмыс, жүлделі II орынды Көкдөнен ауылының командалары иеленсе, жүлделі I орын Көгершін ауылының жігіттерінен құралған командаға бұйырды.
Батыржан Медет, оқушы.