Абай дүниетанымы дәріптелді

820 Views

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Максим Горький атындағы орта мектептің кітапха­на­шылары Нәзира Үсейінова, Ирина Филинкова және аталмыш білім оша­ғының қазақ тілі мен әдебиеті пә­нінің мұғалімдері Шынар Халбаева, Сандуғаш Сұлтанқұлова «Абай қара сөздері – өмір пәлсапасы» деген та­қырыпта өзгеше форматта іс-шара ұйым­дастырды. Іс-шара шымылдығын мек­теп директоры Гүлсім Найзабекова сөз сөйлеп, ашып берді. Ол өз сөзінде:
– Дана халқымыз «Ұлы адамның үнін есті, үйіне барма» деген. Біз қазақ­­тың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының үнін оның тағылымы терең шығарма­лары­нан оқыдық, әлі де оқып келеміз. Абай хакімнің «Айлакерлік алысқа апармайды», «Қолдағыңды қорғап бақ», «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» деген сөздерін мен әркез айтып жү­ре­мін. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын ұлттық деңгейде атап өту жөнінде сөз қозғап, тапсырма жүкте­ген болатын. Аудандық білім бөлімі та­рапынан жоспарлы кесте әзірленіп, со­ның аясында бүгін біз ауқымды іс-ша­ра ұйымдастырып отырмыз. Абай – ойшыл. Абай – сөз зергері. Сондықтан Абайды оқыңыздар. Себебі, хакім­нің әрбір шығармасынан ұлттық рух алу­ға болады,-деді.
Іс-шара барысында Әзиза Жексен, Ләйла Махмуд, Темірлан Аман, Нұрдәулет Қоңыр, Алмат Мұсахан, Қуаныш Нұрмахан, Сәния Әшімәлі, Мерей Ахан, Меруерт Иман, Балғын Таңатар, Аяжан Тоғаева, Зәуреш Орынбасар, Нүрсила Жаңабаева, Әйгерім Ахметбекова, Жансая Жакенова, Гүлнұр Тұрсынбек, Әсем Жахабай есімді мектеп оқушылары Абай Құнанбайұлының қара сөздерін оқу арқылы өздеріне өмірлік сабақ ала­тындықтарын айтып қана қойған жоқ, сонымен бірге, хакімнің өлең­де­рін жатқа оқып берді.
Шара соңында қазақ тілі мен әде­биеті пәнінің мұғалімі Шынар Халбаеваға сөз тізгіні берілді. Әрқа­шан ты­нымсыз ізденісте жүретін ұла­ғатты ұстаз Абай дүниетанымын бір оқығаннан түсіне қою екіталай еке­­нін сөз етіп, қазақтың данышпан ақы­­ны­ның шығармашылығын дәріп­теу мақсатында ұйымдастырылған маз­мұнды іс-шараға атсалысқан Мәди Абдалиев, Тоқтар Әшірәлі, Балжан Отарбаева есімді ұжымдас әріп­тес­теріне алғысын білдірді. Содан соң, осы шараға белсене қатысқаны үшін есімдері жоғарыда аталған мек­теп оқушыларын алғыс хатпен мара­паттады.

Поделиться ссылкой: