Аудан ардагерлерімен кездесті

762 Views

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев пен Жамбыл облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Еркінбек Солтыбаев ауданымызға арнайы келіп, аудандық ардагерлер үйінде аудан ардагерлерімен кездесті. Келелі кездесу аудандық мәдениет үйінде орналасқан «Рухани жаңғыру» жобалық офисінде жалғасын тапты. Аталмыш шараға аудан басшысы Ерболат Садырқұлов, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қожайхан Бижанов, бірқатар бөлім басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел барысында ұтымды ұсыныстар мен көптеген ой-пікірлер айтылды.
Шарапаты мол іс-шарада алғашқы сөз «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаевқа берілді. Мемлекет және қоғам қайраткері өз сөзінде ауданымызға арнайы сапар шегіп, ардагерлерді айтулы мерекемен құттықтау үшін келгенін жеткізді. Сонымен қатар, Елбасы жайында сөз қозғап, көптеген тың мағлұматтармен бөлісті.
– Тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезеңдерінде жұмыс сапарымен шет елдерге жиі шығып тұрдық. Сол сәттерде қайдан келгенімізді айтып, ұзақ түсіндіріп жатушы едік. Картадан Каспий теңізін көрсетіп, әзер түсіндіретін кездер де болған. Соның өзінде бізді Ресейге қосып жататын. Ал, қазіргі таңда әлем танитын дәрежеге жеттік. Өзге мемлекеттерде біздің еліміз жайында сөз қозғалса, ең алдымен «Қазақстан», «Астана», «Назарбаев» деген сөздерді естиміз. Осыдан-ақ, Елбасының еліміз үшін аянбай қызмет еткендігін анық аңғаруға болады, — деп Тұңғыш Президенттің бойындағы ерекше қасиеттерге кеңінен тоқталды. «Нұрсұлтан Назарбаевтың бойындағы өзіме ұнайтын қасиеттердің бірі – шешендігі. Ата-бабамыздан дарыған осы бір қасиетін көп жерде ұтымды пайдаланғанына куә болған жандардың бірімін. Ендеше соларға да тоқталып өтуге рұқсат етіңіздер. 1994 жылы ел астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстыру жөнінде ұсыныс айтылғаны баршаға белгілі. Сол сәтте осы бір ұсынысқа қарсы шыққандар да көп болды. Дегенмен, Елбасымыз біраз жылдар өткеннен кейін үлкен жиын жасап, елорданы ауыстырудың 30-дан астам артықшылықтарын баяндап берді. Сонда ғана көпшілігіміз дұрыс қадам болғанын түсіндік.
Егемен ел болып, шекарамызды белгілеу мақсатында Елбасымыз арнайы сапармен Түркіменстанға барды. Келіссөздер жүргізіліп, шекара аумағы бекітілгеннен кейін, Ашхабад жерінде келген қонақтарға кешкі ас беріледі. Сол дастархан басында Түркіменстан басшысы Сапармұрат Ниязов Елбасымызға тосыннан сұрақ қояды. «Нұрсұлтан Әбішұлы, барлық келіссөздер жүргізілді. Шекараны бекіттік. Дегенмен, Маңғыстау өлкесі түркімендердің жері екендігі рас қой!» депті. Сонда Елбасымыз ойланбастан «Сапармұрат Атаұлы, Маңғыстаудан тоқтаған қазақ халқына алғыс айтыңыз. Егер де олар тоқтамағанда қазір біз шекараны Маңғыстаудан емес, Ашхабадтың маңынан сызып отырар едік» деп әзілмен жауап беріпті. Иә, бұл жауап әзілмен қайтарылса да, оның астарында үлкен мағына жатқандығын аңғаруға болады. Сөзге шешен, тапқырлығы өз басына жетерлік Елбасымыздың бұдан да бөлек оқиғалары өте көп» деп тұңғыш Президенттің білім саласына көрсеткен қолдауларын, іс сапар кезінде көзбен көрген әсерлерін әңгімелеп берді.
Төраға орынбасары өз сөзінде «Шал», «Қария», «Ақсақал», «Абыз» деген атауларға кеңінен түсінік беріп, аудан ақсақалдарын еліміздің дамуына, саналы ұрпақ тәрбиелеу жұмыстарына белсенді қатысуға шақырды. «Тараздың әрбір тасы тұнған тарих. Сондықтан да, Тараз жеріне көбірек келуге тырысамын. Тарихы тереңде жатқан Тараз ел қалаларының атасы деген баға бергім келеді. Шындығын айту керек, аудандарыңыз маған қатты ұнады. Аудан басшысы Ерболат Садырқұлов жас жігіт екен. Жас болса да, өз ісіне жауапты дәл осындай мамандарға ақсақалдар ақыл-кеңесін айтып, жол көрсетуі керек» дей келе, аудан басшысына «Бата дарып, бақ қонсын» атты баталар жинағын тарту етті.
Құттықтау сөздерден кейін жиын еркін форматта жалғасты. Аудан ақсақалдары өз ойларын ортаға салып, төраға орынбасарына ұсыныс тілектерін жеткізді. Кездесу барысында Жамбыл облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Еркінбек Солтыбаев, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қожайхан Бижанов пен ауданның белсенді ақсақалдарының бірі Райзо Шәділбековтер бірқатар мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын қарастырды.
Жиын соңына қарай аудан басшысы Ерболат Садырқұлов сөз сөйлеп, ауданға арнайы келген ақсақалдарға алғысын жеткізіп, Өмірзақ Озғанбаевқа аудан тарихынан сыр шертетін «Жаңғырған өңір» кітабын сыйға тартты.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: