Мемлекеттік қызметте жауапкершіліктің жүгі басым

679 Views

Бекітілген жұмыс алгоритміне сәйкес өткен жұмада облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков арнайы жұмыс сапарымен ауданымызға келіп, бірқатар әлеуметтік нысан­дардың, сондай-ақ, бюджеттік мекемелер мен аудан тұрғындарын қажетті көмірмен қамтитын «ТаразОтын Трейд» және «ЖК Иманалиев» се­кілді көмір түсіретін тұйығының атқарып жатқан жұмыстарымен танысты. Облыс әкімінің бірінші орынбасарының жұмыс сапары Көкдөнен ауылдық округі әкімі аппаратынан басталды. Мұнда Бекболат Серікбекұлы «Е-халық» ақпараттық жүйесі қызметімен танысып, көп балалы отбасыларға мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмек жәрдемақысы турасында әкімшілік қызметкерлерімен еркін пікір алмасты. Содан кейін, облыс әкімінің бірінші орынбасары аудандық полиция бөлімі мен Луговой ауылындағы 280 орындық «Алтын сақа» балалар бақшасына барды. Айта кетейік, биыл аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың қолдауымен аталмыш әлеуметтік нысанның отқазандығы газдандырылған болатын. Балабақша қызметкерлері Бекболат Серікбекұлына аудан басшысының іскерлігін айтып, өз ризашылықтарын білдірді.Бұдан соң, сөз басында жазып өткеніміздей, бюджеттік мекемелер мен аудан тұрғындарын қажетті көмірмен қамтитын «ТаразОтын Трейд» және «ЖК Иманалиев» секілді көмір түсіретін тұйығының атқарып жатқан қызметтік сапасымен танысқан Бекболат Серікбекұлы аталмыш мекеменің алғашқысына өз ескертпелерін айтты. Яғни, «ТаразОтын Трейд» көмір түсіретін тұйығының алаңы тым жұпыны екенін сөз етті. Өз кезегінде Бекболат Орынбековтың бұл ескертпелерін аталмыш мекеменің қызметкері басшылыққа алып, жұмыс жасайтындығын жеткізді.
Одан кейін, облыс әкімінің бірінші орын­басары «Нұр Отан» партиясы аудандық филиа­лының ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді. Қоғамдық қабылдауға алғашқы болып тіркелген Жарлысу ауылының тұрғыны Қалдыкүл Раси­лова отбасылық жағдайға байланысты қол­дың қысқалығынан үйіне газ кіргізе алмай отыр­ғандығын айтады. Ал Қарақат ауылының ақса­қалдар алқасының төрағасы Үмбет Жанаділов мал терісі мен жүнінің өтімсіз кәсіп болып отыр­ғандығын мәселе етіп көтерді. Тұрғындар тара­пынан қойылған сұрақтарды егжей-тегжейлі тың­даған Бекболат Серікбекұлы қоғамдық қабылдауға жазылған азаматтар мен азаматшаларға нақты мысалдар арқылы жауап беріп, айтылған ұсыныс­тар хаттамаға жазылды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасарының бе­кі­тілген кестеге сәйкес жоспарланған жұмыс сапары аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында қоры­тындыланды. Аудан әкімі Ерболат Садыр­құлов­пен бірге оның орынбасары Руслан Оразхан, сондай-ақ, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл әкімдері мен мекеме басшылары қатысқан актив жиынында Бекболат Орынбеков мемлекеттік қызметте жауапкершіліктің жүгі басым екенін атап өтіп, әріптестеріне әркез осы қасиеттен айнымай, нәтижелі жұмыс жасау қажеттігін ескертті.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: