ҚОНАЕВ ауылы көркейіп келеді

852 Views

«Панам да елім, данам да елім,
Соған арқа сүйедім, содан үйрендім» деген сөзі арқылы халықтың жүрегінен орын тапқан Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімі әрбір қазақ үшін қастерлі һәм қасиетті. Дінмұхамед Ахметұлының қазақ халқы үшін жасаған игі істерін ешкім жоққа шығара алмайды. Мына мәліметке зер салыңызшы. Қайбір жылдары еліміздегі белді басылымның бірі қазақтың Димашының ай сайын алатын еңбекақысын жетімдер үйіне аударып, жұмысына қымбат көлік және күзетпен емес, жаяу баратыны хақында мақала жарияланған еді. Шыны керек, осы мақаланы оқыған кезде қатты таңырқадым.
Қаңтар айының 12-ші жұлдызы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың дүние есігін ашқан күні. Биыл қазақтың Димашының туғанына 109 жыл толып отыр. Өзінің «Өтті дәурен осылай» атты кітабында «Жақсының жақсылығын көре білу бар да, оны айта жүру, үлгі ете білу бар» деген сөз өрбіткен екен. Шынтуайтында, Димаш атаның заңғар тұлғасы жыл өткен сайын асқақтап келеді. Әлі де асқақтай берері сөзсіз.
Ұзақ жылдар бойы Новосель аталып келген ауылымыздың аты бұдан былай халқына пана, жұртына қалқан бола білген Дінмұхамед Ахметұлының есімімен аталады. Бұл аудан жұртшылығы үшін де үлкен қуаныш болды. Өзім осы ауылдың тумасы болғандықтан бұл шешімге қатты қуандым.
Адалын айту керек, ауылымыз жылдан-жылға жаңарып, түрлену үстінде. Олай дейтін себебім, біраз жыл бұрын ауыз суға зәру болған халықтың талап-тілегі орындалып, ауылға ауыз су құбыры тартылды. Бұған жергілікті жұртшылық ерекше қуанды. Әйтпесе, 3-4 шақырым жерден еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін су тасып әлек болатын. Міне, ендігі жерде бұл өзекті мәселе де оңтайлы шешімін тауып, қазіргі күні әр үйде ауыз су сарқырып ағып тұрған жайы бар. Сонымен қатар жаңбыр жауса, әрең қозғалып балшыққа бататын көше жолдарының жөнделуіне де мемлекет тарапынан қаражат бөлініп, асфальт төселді. Ауылдағы ендігі шешімін таппай тұрған мәселе көгілдір отын еді. Жазған мақалама тұздық болар деген оймен Ақниет ауылдық округінің әкімі Нұрдос Тұрабаевқа жолыққан едім. Ол өз сөзінде:
– 2020 жылға жобалық сметалық құжаттар дайындалып, шымкенттік «Нумад» атты компания тендерді ұтып алды, бұйыртса бұл мәселе де оңтайлы шешімін тауып қалар, — деді. Оның сөзін тыңдап отырып, көз алдыма шоғы жоқ қызуы мол көгілдір отынның сұлбасы елестеп кетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында:
«Қазір қала мен ауыл мектептері арасында орта білімнің сапасы алшақтап барады. Шалғай елді мекендерде білікті педагог тапшы. Сондықтан «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру керек» деп сөз өрбіткен еді. Бұл ретте, Қонаев ауылындағы білім ошағында 5 жас маман аталмыш бағдарлама шеңберінде қызмет атқаруда. Ауылдық емханаға аға дәрігер болып қызметке орныққан Аяулым Көшкін есімді жас маманды да осы тізімге енгізсек болады. Сондай-ақ, демеушілік есебінен жеке кәсіпкер Ержан Мырхамыновтың ауыл жастарына арнап спорт алаңын салып жатқандығы да көңіл қуантады. Спорт демекші, ауыл мектебінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Николай Анатольевичтен дәріс алатын қыздар командасы волейболдан 5 жыл бойы аудан көлемінде ешкімге дес бермей келеді. Мінеки, Дінмұхамед Қонаев ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Мақаламды Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың сөзімен бастап едім. Түйін сөзді былайша қорытындыласам деймін. «Алмазды шаң баспайтыны, алтынды тот баспайтыны» тәрізді қазақ халқының маңдайына біткен алып тұлға Димаш атаның тұлғалық болмысы тарих бетінде сөнбес сәуле болып қала бермек.

Дариға Құрманалы,
Қонаев ауылының тұрғыны.

Поделиться ссылкой: