Ботулизмнің алдын алу
30 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Сейсенбі күні аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың 2019 жылы атқарылған ауқымды жұмыстар төңірегіндегі кезекті есеп беру жиналысы орталықтан шалғай қашықтықта жатқан Қайыңды ауылдық округінде жалғасын тапты. Ауылдық клуб ғимаратында өткен әкім есебіне қайыңдылықтар әдеттегідей белсенділік танытып, көптеп жиналды. Жиында ең алдымен ауылдық округтің әкімі Азамат Асанбай сөз алып, доңыз жылында атқарылған баянды тірліктердің ретін жіпке тізді. Одан кейін мінбеге көтерілген аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы жергілікті жұртшылыққа өткен жылғы оң шешімін тапқан игі істерді баяндап берді.
Осыдан 4-5 жыл бұрын аудан әкімінің жылдық есеп беру жиналыстарында қайыңдылықтар көгілдір отынның жайын айтып, өздерінің сұрақтарын жаудырушы еді. Қазір Қайыңдыға көгілдір отын тартылған. Электр жарығынан бұл ауылда проблема жоқ деуге болады. Ауыз су мәселесі де түйткілді сұрақтардың бірі болатын. Алайда, бұл да өз шешімін тауып, қайыңдылықтар бүгінгі күні таза ауыз суды тұтынып отыр. Газ бен ауыз су мәселесі толықтай шешілгендіктен, есепті жиында жергілікті тұрғындардың сауалдары мейлінше аздау болатын шығар деп топшылағанбыз. Алайда, округ тұрғындарының қос әкімге қояр сұрақтары таусылмады. Жиынға қатысушылардың көпшілігі таудан келетін судың аздығы шаруаға өз кедергісін тигізіп отырғандығын айтады. Былтырғы есепті жиында Қайыңдыда балалар бақшасының жоқтығын айтып қынжылған ауыл ақсақалы Әбділда Нұржанов та бұл жолы тау аңғарынан келетін ағын судың жайын сөз етіп, көпшіліктің сөзін растады. Округ тұрғындары тарапынан қойылған сауалдарды ыждахаттылықпен тыңдаған Ерболат Салқынбекұлы көктем айында таудағы бұлақтардың көзін ашу жұмыстары тағы да жүргізілетінін айтты. Айтпақшы, соңғы кездері ауыл тұрғындарын алаңдатқан тағы бір мәселе бар. Қайыңды ауылдық дәрігерлік амбулаториясында жоғары білімді дәрігерлер көп тұрақтамайтын. Аудан басшысы Ерболат Садырқұловтың тиянақты тірлігінің арқасында бұл мәселе оңтайлы шешіліп, қазір ауылдық емханада жоғары білімді маман қызмет істеп жүр. Аудан әкімінің бұл іскерлігіне қайыңдылықтар дән риза болысты.
Шыны керек, көп мәселенің түйіні тарқатылған ауылдық округтің бірегейі — Тереңөзек. Газ, электр жарығы, ауыз су мәселесі барлығы расымен де Тереңөзекте шешілген. Ауылдық клуб замануи үлгіге сай күрделі жөндеуден өткен. Рас, балалар бақшасының жоқтығы ауылдағы басты проблемалардың бірі еді. 2018 жылы ол мәселе де өз шешімін тапты. Яғни, ауылда мемлекеттік-әріптестік шеңберінде Талғат Жүнісқадыровтың демеушілігімен «Балауса» балалар бақшасы ашылып, қазір бұл мекемеде ауыл бүлдіршіндері тәрбиелену үстінде. Сондықтан болар, округ әкімі Мұхтар Мұсаев пен аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың өткен жылдың он екі айында атқарылған жүйелі жұмыстар жөніндегі есепті жиналысында тереңөзектіктер қос әкімді көп сұрақтың астына алған жоқ. Тек ауылдық округке қарасты Шолаққайыңды елді мекенінің тұрғыны, зейнеткер ұстаз Бейшеналы Қалмырзаев ақсақал көтерген мына бір мәселе жиындағы өзекті сұрақтардың бірі болды біздіңше. «Құрметті Ерболат Салқынбекұлы, бүгінгі сіздің ауылдық округтің әкімі Мұхтар Мұсаевпен бірлесіп өткізген жылдық есебіңізді өз басым қанағаттанарлық деп бағалаймын. Ауыз судың жайы сіздің баяндамаңызда жан-жақты айтылды. Өте қуаныштымыз. Сондықтан ол жағына тоқталмай-ақ қояйын. Ал енді өзім ұзақ жылдар бойы ұстаз болғандықтан бала тағдырына қатты алаңдаушылық білдіремін. Біздің Шолаққайыңды елдімекенінен округтің орталығы Тереңөзек ауылындағы «Балауса» балалар бақшасына бүлдіршіндер тасымалданады. 8-9 бүлдіршінді бір жеңіл көлік машинасына сыйғызады. Бұл енді сұмдық қой. Осыған назар аударып, ықпал жасауыңызды сұранамын» деді зейнеткер ұстаз. Ақсақал сауалына жан-жақты мысалдар арқылы жауап берген аудан басшысы бұл мәселені бақылауға алатынын айтып, хаттамаға енгізді.
Ал өткен жылы есептік жиналыста тұрғындардың базынасынан гөрі тілегін көп естіген Өрнек ауылдық округінің әкімі Бауыржан Ақүрпеков бұл жолы былтырғыдай ықыласқа кенелді дей алмаймыз. Ал аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың іскерлігін жоғары деңгейде бағалайтындықтарын жарыссөз барысында ұқтырып жатты өрнектіктер. Әрине 2019 жылы ауылдық округте және аудан аумағында атқарылған бірқатар оңды тірліктердің жай-жапсары қос әкімнің баяндамаларында жан-жақты айтылды. Оны тыңдадық. Ең бастысы, биыл Өрнек ауылдық округіне қарасты Жарлысу және Әбжапар елді мекендеріне жаңа ауыз су құбыры тартылатын болады. Бұл өте қуанышты жаңалық. Жиналыста округке қарасты Сәлімбай ауылының тұрғындары да таза ауыз су жүйесі тартылса деген ұсыныстарын білдірді. Өрнекке мәдениет үйін салу мәселесі де ұзақ жылдан бері көтеріліп келеді. Аталмыш мәселелердің барлығын өз бақылауында ұстап отырғанын ескерткен аудан әкімі алдағы уақытта рет-ретімен бұл проблемалардың да түйіні шешілетінін нақты мысалдармен тарқатып айтып берді.
Марат Диханбай.