Парасаттылық парақорлықтан сақтандырады

696 Views

Жемқорлықты түп-тамырымен жою – күн тәртібінен түспейтін күрделі мәселе. Мемлекет пен қоғамның іргесін сөгіп, елдің ілгерілеуіне үлкен кедергі келтіретін бұл «кеселмен» күреске Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әуелден айрықша мән беріп, осы бағыттағы іс-шараларды күшейту үшін өз Жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін қайта құрғаны белгілі. Біз агенттік төрағасы Алик Шпекбаевпен арнайы жолығып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жөнінде сұрап білдік.

Көп асқанға – бір тосқан
– Алик Жатқамбайұлы, былтыр Мемлекет бас­шысының Жарлығымен Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін қайта құру кезінде жаңа департаменттер ашу тура­лы шешім қабылданды. Соның ішінде квази­мемлекеттік секторда жемқорлықтың жолын кесу арнайы бір департаментке жүктеліпті. Нәтижесі қалай болып жатыр?
– Өздеріңізге мәлім, Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күресті мемлекеттік саясаттың негіз­гі бағыттарының бірі ретінде белгілеп, әр­дайым назарында ұстаған болатын. Былтыр Мемлекет басшысының Жарлығымен Агенттік қайта құрылғаннан кейін, оның идеологиясы мен жұмыс тәсілдері де өзгерді. Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында әділдік, сенім және парасаттылық құндылықтарына негізделген түбегейлі бетбұрыс жасап жатырмыз. Үкіметтің былтыр 15 шілдеде өткен кеңейтілген отырысында Президент квазимемлекеттік сек­тор­дағы субъектілер қызметінің тиімділігі, сыбай­лас жемқорлықпен күрес, құқық қорғау және сот жүйесін реформалау туралы мәселе көтерген болатын. Осыған орай Агенттік былтыр квазимемлекеттік сектордағы, құқық қорғау және сот органдарындағы сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтау, жолын кесу міндеттерін іске асыратын дербес департамент құрды. Оның құзіретіне құқық қорғау және сот саласының мекемелері, сондай-ақ аудандық құрылымдарға қоса республикалық және облыстық деңгейдегі 154-тен аса мекеме кіреді. Барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда орналасқан еншілес компанияларды қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың 58 шаруашылық субъектісі бар. Сектордың қаржылық айналымы елдің ішкі жалпы өнімінің 59%-дан астамын құрайды және 35 триллион теңгеден асады. Бұл – жемқорлыққа бейім кейбір басшылар мен қызметкерлердің бюджет қаражатын жымқырудың түрлі жолдарын жасауына түрткі болады. Аталған департаменттің жұмысы сондай жүйелі жемқорлық фактілерін анықтауға бағытталған.
Жалпы, мемлекеттік органдармен қоса, сыбайлас жемқорлыққа бейім келетін квазимемлекеттік секторда былтыр 324 құқық бұзушылық тіркелді. Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін 196 тұлға жауапкершілікке тартылды, олардың жартысына жуығы, 82-сі – әртүрлі деңгейдегі басшылар. Негізінен сатып алу, мемлекеттік бағдар­лама ­ны іске асыру кезіндегі жымқыру, лауазымдық өкілет­­тікті асыра пайдалану, парақорлықпен тұ­тыл­ғандар.
Квазимемлекеттік сектор ұйымдарының ара­сында жемқорлыққа ең бейім «Қазақстан Темір Жолы ҰК» АҚ қызметінде 45 тұлғаға қатысты 81 жемқорлық қылмыс тіркеліп, 34 тұлға сотталды. Кейбір басшылар вагондарды кедергісіз өткізу үшін кәсіпкерлерден ірі көлемде пара бопсалаумен айналысқан. Бұл ұйымдасқан қылмыстық схемалар заңсыз баюға мүмкіндік беріп, пара сомасы 100 мыңнан 5 миллион теңгеге дейін жеткен. Мұндай фактілер Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында анықталды.
Сонымен қатар бюджет қаражатын жым­қыру фактілері акционерлік қоғамдардың кор­пора­тивтік қорлары құратын жеке мекемелерде де анықталды. Мысалы, «Astana Motorsports» мекеме­сінің басшысы («Астана» Президенттік спорт клубының құрамында) Артур Ардавичус әлем чемпионаттарына қатысып, Қазақстанның имиджін арттыруға арналған 2,1 млрд теңге көле­міндегі мемлекет қаржысын жымқыру бойынша күдікке ілінді. Бұл қаражат команда мүшелерінің оқу-жаттығу жиындарына және жарыстарға қаты­суға арналғаны анықталды. А.Ардавичусқа халық­аралық іздеу жарияланып, тергеу жалғасуда. Күдік­ті кінәсінің деңгейі туралы түпкілікті шешімді сот шы­ғарады.
– «Astana Motorsports» басшысына халық­ара­лық іздеу жарияланғанын айтып қалдыңыз. Жалпы қазір шетелдерде қанша адам жасы­ры­нып жүр? «Астана LRT» жобасына қатыс­ты айыпталған азамат та шетелде жүр. Бұл жоба­ның төңірегіндегі дау-дамай қалай шешіліп жа­тыр?
– Жалпы, шет мемлекеттерде жасырынған, халықаралық іздеу жарияланған Қазақстан азамат­тарын іздеу Бас прокуратураның, Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің, Қорғаныс, Ішкі істер, Сыртқы істер министрліктерінің бірлескен бұйрықтарының негізінде және еліміздің құзіреттi органдарының Интерполмен өзара іс-қимылы арқылы іске асырылады. Қазіргі таңда Агенттік алыс және таяу шетелдерде жасырынған 33 тұлғаны іздестіруде. Соның 21-і Еуропа елдерінде жасырынып жүр. Біз тиісті жұмыстарды жалғастырып жатырмыз.
Ал «Астана LRT» құрылысы жөніндегі мәселеге келсек, бұл – Мемлекет басшысының және қоғамның жіті назарында. Былтыр 9 қазанда Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде өткен елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте Президент осы даулы істі тергеуді жеделдетуді тапсырған еді. Бүгінде «Астана LRT» құрылысына қатысты қылмыстық іс бойынша «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасымен үш күдіктіге халықаралық іздеу жарияланған. Іздестіруді өкілетті органдар, сондай-ақ Интерпол жүргізеді. Тиісті заңнамаларға сәй­кес, іздестірілетін тұлғалардың жүрген жері анықталғаннан кейін оларды ұстау және Қазақ­станға қайтару шаралары қабылданады. Бұл мәселе халықтың ерекше назарында екенін ескеріп, Агенттік былтыр БАҚ өкілдері үшін 2 мәрте бас­пасөз мәслихатын өткізді. Тергеу кезінде анықталған фактілерді жұртшылыққа уақтылы жеткізуге және бөлісуге тырысамыз.
– Қазақстан шетел асқан қылмыскерлерді жаза­­лауға ықпал ететін Еуропа Кеңесінің Сыбай­­лас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы (ГРЕКО) бастамасына қосылды ғой. Бұл мүше­ліктің жалпы қандай мүмкіндіктері бар?
– 2019 жылы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы мен Еуропа Кеңесі арасындағы ГРЕКО және бағалаушы топтар мүшелерінің артықшылықтары мен иммунитеттеріне қатысты келісімді ратифика­циялау туралы» заңға қол қойып, Қазақстан аталған ұйымның 50-ші мүшесі болып танылды. Таяуда ғана 15-16 қаңтарда ГРЕКО Атқарушы хатшысы Джанлука Эспозито елімізге алғашқы сапармен келіп, Президентпен, менімен және Жоғарғы сот төрағасымен, құзіретті мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесті. Ең бастысы, бұл мүшелік Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын халықаралық сарапшылардың объективті бағалауына жол ашады. Сондай-ақ, ГРЕКО жұмысына белсене қатысу әрі қарай сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы Конвенцияны ратификациялауға мүмкіндік береді. Келешекте бұл Еуропа елдерімен құқықтық көмек көрсету, қылмыскерлерді экстрадициялау және олардың заңсыз иемденген мүліктерін қайтару мәселелеріндегі ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді.
Қарамағындағы қызметкер үшін әрбір басшы жауапты
– Президент өз Жолдауында сыбайлас жем­қор­лыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігін заңна­малық және нормативтік тұрғыдан нақ­ты белгілеу керек екенін айтты. Соған орай, бағынышты қызметкері жемқорлықпен ұстал­ған басшының қызметтен кетуі қоғамда көп талқы­ланды. Осы мәселеге тоқталсаңыз.
– Президент былтыр 26 қарашада Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет тура­лы» заңына бағынышты қызметкерлердің сыбай­лас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін басшылардың дербес жауапкершілігін қарастырған заңнамалық түзетулер пакетіне қол қойды. Заңның жаңа редакциясына сәйкес саяси басшының өз қызметін доғаруға өтініш беруінің басты шарты – оған тікелей бағынышты қызметкерге қатысты заңды күшіне енген соттың айыптау үкімі болуы немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы шешімнің қабылдануы. Басшының жұмыстан кетуге өтініш беретін мерзімі – 10 күнтізбелік күн. Екінші шарт – тікелей бағынышты қызметкер жасаған қыл­мыс басшы саяси лауазымға тағайындалған күні­нен бастап 3 ай өткеннен кейін жасалуы. «Қызметтен кету» түсінігі тек саяси қызметшілерге қатысты қолданылады. Жұмыстан кетуді қабылдау немесе қабылдамау саяси мемлекеттік қызметшіні тағайындаған тұлғаның құзіретінде.
Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер бо­лып сана­латын басшылар осыған ұқсас жағдай­лар­да жұмыстан босатуға дейінгі тәртіптік жауап­кершілікке тартылады. Сондай-ақ, мемле­кеттік органдар мен ұйымдардың, квазимемлекеттік субъек­тілердің басшыларына сыбайлас жемқор­лық­­тың алдын алуды өз міндетінде жүйелі ескермегені үшін тәртіптік санкциялар енгізілген. Мен бұл мәселе бойынша былтыр 6 желтоқсанда Фэйсбук әлеуметтік желісіндегі парақшамда арнайы жазба жариялаған болатынмын. Біздің мінде­тіміз – басшыларды өз ұжымдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алумен және ескертумен сөз жүзінде емес, іс жүзінде айналысуға мәжбүрлеуге саяды.
– Жалпы кейбір жоғары лауазымдағы тұл­ға­лар ұсталып кеткенімен, олардың орнын бас­қан қызметкерлер де жемқорлықпен шаты­лып жатады. Неге мұндай жаманат жағдайлар кейін­гілерге сабақ болмайды? Жең ұшынан жал­­ғасқан жемқорлықтың жолы қайтсе кесі­ле­ді?
– Өкінішке қарай, сіз айтқандай фактілердің орын алғанын мойындауға мәжбүрмін. Бұл мәселені моральдік тұрғыдан тарқатып көрейін. Шындығында, кейбір басшылар өкінішті істен сабақ алудың орнына, сол отқа қайта түсіп жатады. Адамның өкінішті немесе өнегелі іс-әрекеті оның бойын­дағы моральдік-адамгершілік қасиеттерінің те­рең­дігіне байланысты деп ойлаймын. Біз «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деп өмір сүрген ата-бабаның ұрпағы емеспіз бе? Таяуда ғана Президент Қ.Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында халқымыздың дана перзенті Абай Құнанбаевты «бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған» деп атап өтті. Ендеше, біз осы жаһандану заманында жаманнан жиреніп, жақсыны үйренуіміз және «көнерген» түсінік пен «қалтаның ғана қамын» ойлайтын қамсыздықтан арылуымыз қажет деп санаймын. Елбасы айтпақшы, «Абай сөзі – қазақтың бой­тұмары. Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазы­насы». Сондықтан біз әрдайым Абайдың сарқыл­мас терең философиясына жүгінеміз. Ұлы ойшыл «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деп алдымен арды асқақтатқан. Ар-ұяты терең, ынсапты, тәрбиелі және адал адам ешқашан «ала жіпті аттамайды» деп сенемін. Кемеңгер ойшыл әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы, ал келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген екен. Сондықтан, тәрбиеге аса мән беру керек. Тәрбиесіздік тойымсыздық пен түрмеге жетелейді, ал қанағат қарын тойғызады. Осы ретте, кез келген қызметкер «қалта мен қарынның» қармағынан шығып, жемқорлықты өзінің ертеңгі ұрпағының бақытты болашағын ұрлау, тұтас Отанына жасаған опасыздық ретінде түсініп, парасаттылық және ізгілік қағидаларын ұстанса, Қазақстан келешекте жемқорлықсыз мемлекетке айналады деп сенемін. Менің ойымша, жемқорларды түрмеге тоғыту, қоғамды үнемі қорқынышта ұстау жемқорлықты түбегейлі жеңе алмайды. Бізге сыбайлас жемқорлық қылмыс­тарының алдын алу, оған жол бермеу және жемқорлықты мәнсіз ету – өте маңызды. Парасат­ты­лық идеологиясын қалыптастыру – сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимылдағы табыстың бас­ты факторы. Осыған орай, Агенттік үкіметтік емес сектор мен сарапшылардың әлеуетіне сүйене оты­рып, қоғамда парасаттылық мәдениетін қалып­тас­тыру арқылы жемқорлыққа қарсы күресті арт­тыру­ға күш салуда.
Не­гізі, барлық басшылар мен мемлекеттік қызмет­шілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңы­на сәйкес міндеттелген. Заңда көзделген сы­байлас жемқорлық тәуекелдерін талдау және мониторинг жүргізудің тиімді тетіктері арқылы кез-келген басшы ұжымда жемқорлық құқық бұзушылықтарын анықтау, алдын алу және жоюға қатысты тиісті шаралар қабылдай алады. Сондықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек уәкілетті органның ғана емес, барлық басшылар мен мемлекеттік қызметшілердің, тұтас қоғамның міндеті әрі азаматтық борышы деп санаймын.
– Агенттіктің кадр саясаты, қызметкерлер іріктеу жұмысы қалай жүргізіліп жатыр?
– Таяуда Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жас кадрлар резервінің мүшелерімен кездесу барысында «Әр заманда кез келген халықтың білімді және білікті азаматтарының ортақ мүддеге топтасатын кезеңі болады. Осылайша ұлтты биікке жетелейтін, жаңаша дамуға бастайтын шо­­ғыр қалыптасады. Жаңа Қазақстан үшін де осындай маңызды әрі жауапты сәт келді деп санаймын», деді. Аталған кадр резервіне Агент­тік­тің орталық аппараты мен территориялық депар­таментінің 5 қызметкері өтті. Осыған орай, Агент­тік жұмысына жасампаз, жаңашыл жастарды тарту басымдыққа ие. Былтыр Агентікті қайта ұйымдастыру барысында қызметкерлердің басым көпшілігі өз бағыттарын сақтап қалды. Бізде берік ұстанатын меритократия қағидатына сәйкес жүзден аса қызметкер жоғары лауазымдарға тағайындалды. Жеке құрам басқа құқық қорғау және арнаулы органдардың жоғары білікті мамандарымен күшейтіліп, ұлттық қауіпсіздік органының – 13, прокуратураның – 23, азаматтық сектордың – 17, Президент Әкімшілігінің 5 қызметкері қабылданды. Жалпы, кадр саясатында отандық және шетелдік жетекші білім ордаларын бітіргендерге басымдық береміз. Агенттікте қазір шетелдік жоғары оқу орындарының 17 түлегі жұмыс істейді, оның 7-еуі «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен оқыған. 3 қызметкер PhD дәрежесіне ие, 6 ғылым кандидаты, 96 магистр бар. Агенттікте жұмыс істеуге сұраныстың өте жоғары екенін атап өткен жөн. Әкімшілік лауазымдар бойынша конкурстарда бір бос орынға үміткерлер саны 25 адамға дейін жетуі – осының айғағы. Былтыр қызметкерлердің жаңа генерациясын қалыптастыру және жастар жылын қолдау мақсатында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қыз­меттің 30 жаңа тұлғасы» атты рекрутингтік жоба іске асырылды. Конкурс нәтижесінде 25 үміткер қызметке тағайындалды. Біз кадр саясатын жаңғырту және дәйекті жүргізу арқылы азаматтардың жоғары сенімін қамтамасыз етуді көздейміз. Осы ретте қабылданып жатқан шаралар мекеме жұмысының тиімділігін арттыруға, қыз­меткер­лердің халыққа адал және қалтқысыз қызмет етуіне ықпал етеді деп үміттенемін.
Ашықтық жемқорлыққа қарсы күреске септеседі
– Ашықтық пен әділдік – сыбайлас жемқор­лық­пен күресте негізгі қағидат. Осы ретте елі­­­міз­­­дің өңірлерінде жүзеге асып жатқан «Адал­­­дық алаңы» жобасының тиімді тұстарын ай­­тып берсеңіз.
– Азаматтық қоғаммен ашық және айқын қа­рым-қатынас орнату – мемлекеттік аппаратты дамы­тудың басты қырының бірі. Біз үшін ең алды­мен ашық, тиімді құқық қорғау органын және қоғам­дық диалог құру маңызды. Жемқорлыққа қар­сы жобадан жалпыұлттық қозғалысқа айналып, күн өткен сайын қарқын алған «Адалдық алаңы» жо­басы осы өзгерістердің басында тұр. Бүгінде «Адал­дық алаңының» жобалық кеңселері облыстық әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдарда тұ­рақты жұмыс істейді. Үкіметтік емес сектордың, биз­нес-қауымдастық пен азаматтық қоғам өкіл­де­рінің, танымал қоғам қайраткерлері мен халық­аралық ұйымдардың белсенді қолдауымен асыры­ла­тын жоба өз тиімділігін көрсетті.
«Оpen space»-ке көшу арқылы мемлекеттік органдарды трансформациялау жалғасуда. Бұл форматқа 960-қа жуық мемлекеттік мекеме көшті. Жүзден аса сервистік әкімдік ашылып, 4 мыңға жуық басшы бірінші қабатқа ауысты. Мұндай жаңа тәсілдер шенеуніктердің ұйымдастырушылық мәдениетінің өзгергенін ғана емес, тұтынушыларға бейімділігі артқанын да айғақтайды.
Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты азайту, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында құрылған «Адалдық алаңы» жоба­сының аясында түрлі саланы қамтитын «Саналы ұрпақ», «Адал ұрпақ», «Сапалы жол», «Адал жол», «Protecting Business and Investments» жобалық кеңселері, қоғамдық бақылауды қамтамасыз ететін арнайы мониторингтік және ақпараттық-ағарту топтары жұмыс істейді. Мәселен, «Protecting Business and Investments» жобасының аясында отандық және шетелдік капиталдың қатысуымен жалпы сомасы 12,1 трлн теңге болатын 421 бизнес-жоба сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуге ие болып отыр. Инвестициялық жобалардың 28%-ы шетелдік инвесторлардың үлесінде. Кәсіпкерлер мен инвесторлардан келіп түскен шағымдардың 90%-ы (684 шағымның 625-і) олардың мүддесіне шешілді.
6 мыңнан астам мектепте 1 млн жуық мүшесі бар «Адал ұрпақ» мектеп клубы жұмыс істейді. Осы клубтар арқылы былтыр 25 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, еліміздің барлық жалпы білім беретін мектептерінде жалпы республикалық «Адалдық сағаты» акциясы өткізілді. Бұған қоса «Transparency Internatioanal Kazakhstan» ҚҚ қолдауымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жазғы мектептер» мен парасаттылық мектептері жұмыс істеді. Скандинавия елдерінің тәжірибесі бойынша «Адалдық дүкендері» (Integrity Shop) ашылды. Жалпы, еліміздің барлық өңірлерінде халықты ішкі мәдениет пен парасаттылыққа тәрбиелеуге бағытталған 5 мыңға жуық сатушысыз дүкен жұмыс істейді. Сондай-ақ, былтыр «Адалдық алаңы» жобасы қоса ұйымдастырушы ретінде өткізген «Халық заңгері» акциясында 18 мың азаматқа тегін құқықтық кеңес беріліп, оған 2 500 сарапшы қатысты. Акция бір уақытта 176 елді мекенде өткізілді. Бір сөзбен айтқанда, қоғамдық бақылау мен үкіметтік емес сектордың белсенділігі артуына байланысты, мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтық азайды. Сол себепті мемлекеттік аппарат неғұрлым ашық және айқын бола түсті. Менің ойымша, «Адалдық алаңы» алдағы уақытта ар мен адалдықтың, әділдік пен заңдылықтың, сенім мен парасаттылықтың орталығына айналуы тиіс. Мен қоғам мен азаматтардың ұтымды ұсыныстары мен пайымды пікірлері Агенттік пен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысын одан әрі жетілдіріп, қарқынын күшейтетініне сенемін.
– Жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азамат­тық ұстанымы бар ел тұрғындарын ынта­ландыру тәжірибесі енгізілді. Былтыр Call-орталыққа қанша қоңырау түсті және оларға қандай көлемде сыйақы берілді. Бұл ретте қай өңірдің тұрғындары көбірек белсенділік та­нытты?
– Агенттік Президент Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес халықтың мұң-мұқтажын естіп қана қоймай, оны шешуге тырысып жатыр. Өзім азаматтарды апта сайын, орынбасарларым мен басқа басшылар күн сайын қабылдайды. Былтыр 2 201 азамат қабылданып, олардың саны бұрынғымен салыс­тырғанда 3 есеге артты.
Сондай-ақ менің, орталықтағы және өңірлердегі басшылардың әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы азаматтардың сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша барлық шағымдарына кідіріссіз жауап беріледі. Еліміздің 11 өңірінде азаматтық бастамалардың диалог алаңына айналған «Антикор орталықтары» ашылды. Биыл мұндай орталықтарды барлық өңірде ашу жоспарлануда. Орталықта халыққа ашық, жайлы әрі қолжетімді қызмет көрсетуге барлық мүмкіндік жасалған және кез келген азамат түрлі мәселе бойынша тегін құқықтық көмек пен кеңестер алады. Біз азаматтармен жедел және үзіліссіз кері байланыс орнатуға мүдделіміз. Сондықтан Агенттікте тәулік бойы сыбайлас жемқорлық туралы хабар­ламаларды қабылдайтын 1424 Call-орталығы жұмыс істейді. Бұл жұмыс Еуропа елдері мен АҚШ-тың озық тәжірибесіне негізделген. Былтыр сыбайлас жемқорлық фактілері туралы 1 000-ға жуық қоңырау тіркедік. Бүгінгі таңда расталған фактілер бойынша 66 қылмыстық іс қаралуда, 18 іс сотқа жолданды. Былтырғымен салыстырғанда, қоңыраулар мен тергеліп жатқан істердің екі есеге артуы азаматтардың Агенттік қызметіне сенімінің артқандығын көрсетеді. Өңірлер бөлігінде ең көп өтініштер Түркістан – 148, Алматы облыстарынан – 137 және Алматы қаласынан – 112 түсті, бұл АЕК-те тіркелген осындай өтініштердің жалпы санының жартысына жуығын құрайды. Басқа өтініштер қалған 14 өңірге тиесілі (Шымкент қ. – 84, Нұрcұлтан қ. – 76, Жамбыл – 63, Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстары – 30-дан 50-ге дейін, Қостанай, Ақтөбе, БҚО, СҚО, Қызылорда, Атырау облыстары – 20-дан аз). Call-орталығына түскен шағымдар негізінде соттарда қаралған қылмыстық істер бойынша 9 азамат 1,5 млн. теңге (126 250-ден 176 750 теңгеге дейін) мөлшерінде сыйақы алды. Атап айтқанда, Нұрcұлтан қаласында және Түркістан облысында – 2, Шымкент қаласында, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Қара­ғанды облыстарында 1 сыйақыдан төленді. Жал­пы алғанда, 2019 жылы сыбайлас жемқорлық фак­тілерін хабарлаған 214 адамға 31 811 080 теңге көле­мінде сыйақы берілді. Біз Call-орталығының жұмы­сын одан әрі жетілдіру мақсатында оны техникалық және бағдарламалық қайта жабдықтау, оның ішінде мобильді қосымша және орталыққа хабарламаларды әлеуметтік желілер арқылы жолдау, сондай-ақ операторларды бағалау жүйесін енгізу мүмкіндігін пысықтаудамыз. Сондай ақ, орталық қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға арналған келісімге қол жеткіздік. Біздің жобалық кеңселер мен арнайы мониторингтік топтардың көмегімен 1424 Саll-орталығы жұмысының адвертайзингі бойынша жұмыс жүргізілуде.

– Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рақмет!
Әңгімелескен Айбын Шағалақ.

Поделиться ссылкой: