Көкейтесті мәселелер қозғалды

704 Views

Иә, сөзбұйдаға салу, елдің алдында уәдені үйіп-төгіп беруден жұрт әбден жалыққан шығар. Осымен аудан әкімі жетінші аймақта ел алдында есеп беріп тұр. Сөзі нық, барлық мысалы дәлелді, уәдені де қабырғасымен кеңесіп ба­рып, он ойланып, жүз толғанып береді. Оның үстіне аудан 2019 жылды алты негізгі көрсеткіш бойынша артығы­мен орындаған. Бұрынғы басшылар миллиард деген санды аузына алып па десеңізші, ал, Садырқұлов мырза кіріс туралы сөз болғанда 14,9 миллиард тең­гемен жылды аяқтағанын асып-таспай-ақ, айтып салды. Бүгінде жұ­­мыс көлем индексімен өлшенеді ғой, оны да ау­дан 105,1-ке жеткізіп қойып­ты. Жиналыс­қа қатысып отырған жұрттың құлағы­ның құры­шы қана отырып, аудан әкімінің әр уәжін үлкен зейін қойып тыңдап, келтірген дәлел-дәйектеріне сөз саптауына сүй­сінгендерін жасыра алмай кейбір сәтте қол соғып қойып та отырды.
Иә, әкімнің баяндама тезистері осы есеп беру науқаны басталар алдында аудандық газетте жарияланған. Әкім со­ған қарамастан қай елді мекенге бар­са да оның бір сөзін қалдырмай жұрт­тың құлағына жеткізуден танбады. Бос сөзбен емес, нақтылы атқарылған ісі­мен көзге түсті. Әдетте бұрынғы әкім­дер ауыл тұрғындарының сұрақтары­нан қашқақтап, жиынды тезірек біті­ріп кетуге тырысатын. Ал, Е.Садырқұлов керісінше жұрттың көбірек сұрақ қойғанын қалап, олардан сөз суырт­пақ­тап, айта алмай отырғандарын айт­қызып, оған көрегендікпен жауап бе­ріп отырды. Өйткені әкім осы ауданға басшы болып келген аз уақыттың ішінде осы өңірдің тау мен тасын, үйі мен күйін, кеңсесі мен жекеменшік ауласын бір кісідей-ақ, аралап, ха­лық­тың тұрмыс-тіршілігімен етене жа­қын танысқаны байқалып тұрды. Иә, Ақыртөбе әкімі Айбек Әбішев те, Құмарыққа жаңадан әкім болған Болат Мансұров та, Көкдөнендегі Төлеген Атабаев та өздерінің жасаған баяндамаларында аймақтағы көзге кө­рініп тұрған көрсеткіштерін баяндап өтті.
Жиналған жұрт көбіне аудан әкімі­не сұрақ қойды. Ол сұрақтарға Ерболат Салқынбекұлы толыққанды жауап қайтарып отырды. «Аудан халқының көкейінде жүрген үш мәселені жете зерттедім. Қазір 47 ауылдың 26-на ауыз су келген. 7 ауылға облыстық бюджеттен қаржы бөлінеді. Алды елді мекенге биыл су келеді. Екінші өзекті мәселе көгілдір отын кіргізу. Ол да жа­қын болашақта шешімін табады. Ал, тұрғын үй мәселесімен айына екі рет қабылдау өткіземін. Пәтер осы уақытқа дейін бірде бір адамға бе­ріл­мепті. Өткен жылы 4 көпбалалы от­ба­­сына республикалық бюджет есе­бінен үй сатып алып бердік. Сондай-ақ, үш үйдің кілтін демеушілердің кө­мегімен кезекте тұрған жағдайы тө­мен аналарға ұстаттық. Үй кезегінде тұр­ғандар әлі де бар. Соны ескеріп, биыл 80 пәтерлі екі үй салуды жос­пар­ға қойдық». Ақыртөбедегі бала бақ­ша меңгерушісі З.Тойбекова көше ту­ралы, ал, зейнеткер Ә.Жолшыбеков жұмыссыз жүрген жастарға жұмыс тауып беру керектігін айтса, ауыл тұр­ғыны Еркімбек Сәрсенбаев Ұлы Жеңістің 75 жылдығын лайықты қар­сы алуға дайындық жасауды, кварц өн­ді­рушілер жайлы өз ойын ортаға салды. Әкім осы мәселелердің барлығын хат­тамаға енгізіп, тиісті органдарға осы бас­тан тапсырма берді. Әділ Әбішев­тің көпір өткелі жәйлі қойған сұрағы­на байланысты «Қазақстан теміржолы» басшыларына хат жолдайты­нын біл­дірді.
Жиналыста сөз алған ауылдың қа­дірменді ақсақалдары Кеңес Көкімбаев пен Еркімбек Сәрсембаев: «Біздің ауылда Тахир Хахазов деген ұй­ғыр азаматы бар. Осыдан үш жыл бұрын әйелі қаза болып, алты баламен қалған болатын. Осы азаматты ауылымыз­дың әкімі Айбек Әбішев өзінің маши­на­сына мінгізіп алып, балаларына ала алмай отырған жәрдемақысын, Қазақстан азаматтығын алып беріп, қор­ғаншылық бойынша көмек көрсе­тіп, бір миллионға жуық қаражат бер­гізді. Балалардың әкелері қазір ай сай­ын тағы да 60 мың теңге зейнетақы ала­ды. «Береке» шаруа қожалығында жұ­мыс істейді. Алайда оның баспанасы жоқ. Әкім бұл мәселені шешіп беруге де ынталы болып жүр. Сондықтан ауыл әкіміне рахметімді айтып, алғы­сымды білдірсем деймін» деді. Осы қайырымдылықты естіген аудан әкімі де А.Әбішевке ризашылығын білдірді.
Құмарық ауылының тұрғында­ры біз күткендей аудан әкімін сұрақтың астына ала қойған жоқ. Оның себебі де бар екен. Қазір пилоттық жоба бойынша несие халықтың өз қолына беріле бастапты. Сондықтан болар жи­налыста сөз алған зейнеткерлер М.Киікбаев пен Ш.Жапаралиев әкімге өз ризашылықтарын білдіре келіп бала бақша мен тау суы, жол жөндеу сияқты мәселелерді көтерді. Е.Садырқұлов бұл туралы да тиянақты жауап қай­тар­ды. Ал, Көкдөнен ауылындағы жи­налыс мәдениет Үйінде өтті. Айту лә­зім, клуб іші суық, от жағылмағаны бай­қалып тұрды. Осы мәселені ауыл тұрғыны Жомарт Төлеуішов өте орын­ды көтерді. Өзі де жаурап отырған әкім клубқа газ кіргізу мәселесін ке­шеуілдетпей шешіп беруге уәде ет­ті. Баяндама бойынша жарссөзге Халықберген Дүкенбаев шығып сөй­леп, Сарыбұлақтан келетін тау суы­ның ауылға жетпейтінін, жайылым­ның тарылып бара жатқанын тілге тиек етті. Аудан әкімі халықтың бар­лық талап-тілектері мен ұсыныстарын ескерусіз қалдырған жоқ, қайта олар­ды жеделдетіп шешіп беру үшін ау­данның барлық елді мекендері жанын­дағы жйылымдық жерлердің карта­сын сызып беруді тиісті орындарға табыс­та­ғанын айтты. Жиналыста сондай-ақ, ауыл тұрғындары Кәрім Ағыбаев пен Бекен Қырбасов, Болат Махаметкерімов сөйлеп, әкімге шағын футбол ала­ңын салып бергені үшін алғысын білдіріп, жа­саған есебіне қанағаттанарлық де­ген баға берді.
Үш аймақта өткен жиналыстар бой­ынша қорытындылар жасалды. Ол нәтижесіз де емес. Мәселен, ал­да­ғы жылы Ақыртөбе ауылы мен Жаңатұрмыста мәдениет ошағы, Луговой кентінде спорт кешені салы­на­тын болады. Осының барлығы ха­лық­­тың ұсыныстары мен талап-тілек­те­рін ескеріп, салынғалы отыр. Жа­­қын жылдары халық ауыз судан да тар­шылық көрмейтін болады. Көгілдір отын әр үйде маздап жанып тұрады, тұрғын үй де елдің игілігіне беріледі.

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: