Ағаш көшеттері отырғызылды
65 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Ауыл әкімдерінің округке қарасты елдімекен тұрғындары алдында есеп беру жиындары 27-29-ы қаңтар күндері өтті. Құлан, Қайынды, Ақыртөбе, Тереңөзек, Көкдөнен ауылдық округ әкімдері өздеріне тиесілі ауылдарды аралап, халықпен кездесіп, тұрғындар алдында есеп берді. Есеп беру жиындарында жыл бойы атқарылған жұмыстар жіпке тізіліп, алдағы уақытта да атқарылар жұмыстар сөз болды. Айта кету керек, аталмыш кездесулерге аудан әкімдігіне қарасты бөлімдердің басшылары да қатысты.
Мәселен, Тереңөзек ауылдық округіне қарайтын Көкарық ауылында өткен жиналысқа халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Д.Балпанов қатысты. Есеп беру жиынында алғашқы болып ауыл әкімі М.Мұсаев сөз алып, өткен жылы округте атқарылған жұмыстарды баяндады. Атап айтар болсақ, ауыл әкімі көбіне білім, денсаулық, кәсіпкерлік, жол, жарықтандыру мәселелері бойынша сөз қозғады. Ізінен сөз кезегі халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Д.Балпановқа берілді. Орталықтың өкілі ауыл тұрғындарына көп балалы аналарға берілетін атаулы әлеуметтік көмектің шарттары өзгергендігін айтып, әлеуметтік қолдаудың жаңа шарттарын түсіндіріп берді.
Жиын барысында тұрғындарға да сөз беріліп, ұсыныс тілектері тыңдалды. Атап айтар болсақ, ауыл тұрғыны Жексентай Сүйінбаев ауылдық клубқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігін айтса, Натибай Әбішев Көкарық ауылындағы М.Әуезов және А.Жүнісқадіров көшелерінің бұрылысына асфальт төсеу керектігін жеткізді.Тұрғындардың тілегі бірден хаттамаға енгізілді.
Тереңөзек ауылының әкімі М.Мұсаев Шолаққайынды елдімекен тұрғындарымен де кездесіп, есеп берді. Онда тұрғындар Т.Байдосов көшесіне су құбырын тарту керектігін алға тартты. Сонымен қатар, жиында электр жүйесінің кешқұрым әлсіз жанып тұратыны туралы да сөз болды. Жалпы жиын соңында қос ауылдың тұрғындары ауыл әкімінің жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға берді.
Дәл осындай баға Сөгетті және Мамай елдімекен тұрғындары тарапынан Қайынды ауылдық округінің әкімі Азамат Асанбайға да берілді. Дегенмен, тұрғындар ауыл әкімнің жұмысына баға бермес бұрын бірнеше сұрақтар қойды. Дәлірек айтар болсақ, тұрғындар ауыз су, мектеп алдына жол ережесін тежейтін белгілер қою, таудан келетін судың жолын реттеу сынды мәселелерді көтерді. Тұрғындар көтерген барлық мәселелерге ауыл әкімі нақты жауап қайтарды.
Суға қатысты мәселе келесі күні Малдыбай ауылында өткен жиналыста да айтылды. Ақыртөбе ауылының әкімі А.Әбішев есеп беріп болғаннан кейін, оған ауыл тұрғыны Қайрат Кездікбаев үйді-үйге су тарататын құбырлардың ескіргенін айтып, ауыстыру керектігін жеткізді. Аталмыш сауалға ауыл әкімі мәселені шешудің алғашқы жұмыстары жасалғанын, қаржыландыру үшін бюджетке сұраныс берілгендігін тілге тиек етті. Жиында ауылға жаңа мектеп соғу, ескі ғимаратты басқа мақсаттарға пайдалану секілді ұсыныстар айтылды. Одан бөлек жер алу мәселесі де қозғалды. Сауалдарға нақты жауап берген ауыл әкімнің жұмысына жергілікті тұрғындар оң бағасын берді.
Тұрғындар тарапынан көптеген сұрақтарға жауап берген әкімдердің бірі – Төлеген Атабаев. Көкдөнен ауылының әкімі округке қарасты Жақысылық ауылы тұрғындарының сан түрлі сауалдарына жауап беруіне мәжбүр болды. Сөгеттіктер секілді мұндағы тұрғындар да тау суын ауыл іргесіне жеткізуді көздейді. Осы мәселеге байланысты сұрақ қойған ауыл тұрғыны Қожамұрат Байтумановқа ауыл әкімі аталмыш мәселе басты назарда тұрғандығын, орын алған олқылықты реттеу жұмыстары жүргізілгенін айтып, нақты жауап берді. Жиын барысында интернет желісі, көшелерге жол төсеу, қаңғыбас иттердің көптігі және Құмарық бекетіне апаратын жолды жөндеу секілді мәселелерді округ тұрғындары баса айтты. Сауалдарға нақты дәлелдермен жауап берген Төлеген Атабаевқа жиын соңында ауыл тұрғындары Халықберді Дүкенбаев пен Мұратбек Биғазиев есеп беруі кездесуіне қанағаттанарлық деп баға беріп, ауыл әкімінің жұмысына табыс тіледі.
Құлан ауылдық округінің әкімі М.Иманбаевта округке қарасты Қарақат, Шөңгер ауылдарына барып, халық алдында есеп берді. Аталған ауылдарда да тұрғындардың талабы көше жолын жөндеу, көше жарығы мен ағын судың жайы болды. Ауыл әкімі көтерілген мәселелердің барлығын назарда ұстап, тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
Жәнібек Базылбеков.