Ботулизмнің алдын алу
23 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Аудан топырағында кіндік қаны тамып, әлемдік ареналарда ел мәртебесін көтере білген талай спорт саңлақтары бар. Солардың қатарына — Нұржігіт Сүйімбайды да қосуға болады. Себебі Нұржігіт жастығына қарамастан, алақандай ғана ауылдың атын алты Алашқа таныта білген азамат.
Нұржігіт Ержігітұлы 1995 жылдың наурызында тау бөктерінің бойында орналасқан Қарақат ауылында дүниеге келген. 2000 жылы мектеп табалдырығын алғаш аттаған ол білім ордасында жүріп-ақ, еркін күреспен шұғылданып, оқушылар арасындағы көптеген жарыстарда жеңімпаз атанды. Дүбірлі додаларда білікті бапкерлердің көзіне ілініп, 2007 жылы аудандағы №2 балалар мен жасөспірімдер мектебінің еркін күрес бөліміне қабылданады. Аудандық, облыстық бәсекелерде бақ сынап, мектебі мен ауылының намысын абыроймен қорғап, Қарақат тұрғындарының зор ықыласына бөленеді.
Спорт саласына өз үлесін қосуды мақсат еткен Нұржігіт 2009 — 2013 жылдар аралығында Алматы қаласындағы «Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп интернат — колледжінде», одан соң 2013-2017 жылдары Алматы қаласындағы республикалық спорт колледжінде шеберлігін шыңдап, білім алады. Білім ордаларында еркін күрестің сан түрлі әдістеріне машықтанып, оқушылар мен жасөспірімдерар арасында Қазақстанның 6 дүркін жеңімпазы атанады.
Нұржігіт өзінің спорттық ғұмырында ел мерейін ұлттық біріншіліктерде ғана емес, әлемнің әр түкпірінде ұйымдастырылған байрақты бәсекелерде де асқақтатқан азамат. Ол жасөспірімдер және жастар арасында Ресей, Үндістан, Түркия, Әзірбайжан, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде өткен халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанып, еліміздің көк туын биіктен желбірете білді. Осы үшін де Нұржігітке 2016 жылы еркін күрестен «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағы беріледі. Боз кілемде қарсылас шақ келтірмеген Нұржігіттен білікті мамандар сол кезден-ақ зор үміт күтті. Бірақ… Сол сенім өкінішке орай ақталып үлгермеді. Өткен жылдың ақпан айының 14 жұлдызында ауыр сырқаттанған Нұржігіт өмірден озды.
«Кім білсін!? Бәлкім, тірі болғанында Қазақстанның көк туын әлемдік додаларда биік ұстап, Әнұранымызды талай рет шырқатары анық еді» дейді ата-анасы Ержігіт пен Әдемі. Ал әжесі Жахұт пен әпкесі ГауҺар болса, Нұржігіттің елі үшін жасаған жақсылығы артынан ерген қарындасы Аягөз бен інісі Нұралиға әрдайым үлгі боларына сенімді.
Өткен жылы Қарақаттан қанат қаққан қыран ұлдың ерлігі бауырларының ғана емес, ауылдастарының да жадынан өшпесін деген ниетпен №2 шағын орталықты орта мектебінің ұжымы спортшыға арнап бұрыш ашты. Онда оның суреттері мен алған марапаттарының барлығы да қойылған.
Ал, төмендегі өлең жолдары ата-анасы мен туған-туыстарының Нұржігітке деген сағынышы тереңде екендігін аңғартады.
Өз тағдырын жатыр дейсің кім біліп,
Жүруші едің жарқыл қағып шын күліп.
Бірақ күнде жас ғұмырың таусылып,
Бəрімізді өкіндірдің Нұржігіт.
Спорт мəнін намысым деп білуші ең,
Отаншылдық оймен өмір сүруші ең,
Чемпион боп топты жарып сан рет,
Ел намысын сəтті қорғап жүруші ең
Ажал ерте іліп кетті қармаққа,
Мұңайамыз ой шышырап əр жаққа.
Жаратқанның шешіміне не шара,
Ардақтым ай жаның болсын жәннатта
Көңілімді қамап алды мұнша мұң,
Есімізде сендей алтын ұл дəйім.
Əр уақыт өткен сайын ұмытпай,
Біздер сені сағынамыз күн сайын…
Өмірдің жолы өте күрделі, әрі бұралаң. Жаратушымыз оны о бастан-ақ қара мен ақтан құраған. Бұл фәниде кімнің қалып, керсінше кімнің кетеріне өкінішке орай біз ешқандай ықпал жасай алмаймыз. Сондықтан болар, Жаратушымыз арамыздан жақсы жандарды ерте алып кететіні… Бір білеріміз өмірде өзінің игі істері арқылы өз орнын қалдырған жандардың аты ешқашан өшпейді. Жаның жәннатта болсын, ҚАРАҚАТТАН қанат қаққан ҚЫРАНЫМ! Сен өскелең ұрпақтың мәңгі есінде қаласың!
Жәнібек Сәдуақас.