Келелі жиын өтті
23 ViewsОсы аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және оған қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында жиын өтті. Аталмыш кездесуге Қазақстан Республикасының…
Соңғы кездері табиғат тосын мінез танытып, облыс тұрғындарын біраз уайымға салып жүргені жасырын емес. Оны күнделікті ұялы телефонға келіп жатқан SMS хабарламалардан да анық аңғаруға болады. Бұл – бір. Екіншіден, қыс мезгілі аяқталуға жақын. Көктем шыға салысымен қыс бойы жауған қар еріп, елдімекендерді су басуы ықтимал. Осыған байланысты жақында аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің ұйымдастыруымен «Көктем – 2020» арнайы тактикалық оқу-жаттығу жиыны өтті.
Жылдық жоспарға сәйкес өтетін жаттығу жиындары биыл алғашқы рет ұйымдастырылды. Оған апаттың алдын алуға қауқарлы 10 мекемеден барлығы 25-ке жуық адам, 10-ға жуық жеңіл және ауыр автокөліктер қатысты. Олардың қатарында аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі, №10 Өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы, орталық аурухана, жедел жәрдем, Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорыны, «Құлан-Энергожылу» және ауылдық округ әкімдіктерінің қызметкерлері бар.
Шара барысында аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Жандар Сейтімбетов алғашқы болып сөз алып, оқу-жаттығу жиынына қатысушылардың дайындығы жоғары деңгейде болу керектігін алға тартты. Сонымен қатар, төтенше жағдай орын алған сәтте бірлесе жұмыс істеу керектігін айтып, апаттың алдын алуға жауапты мекемелердің қызметкерлеріне оқу жиынының мақсаты мен міндеттерін айтып берді. «Бүгінгі оқу-жаттығу жиыны табиғи апаттардың алдын алуға бағытталған. Әсіресе, біз бүгін желдің ұйытқуы және елдімекендерді су басу кезінде жасалуға тиісті жаттығуларды қайталаймыз. Мұның бәрі табиғаттың тосын сыйына қарсы төтеп беру үшін жасалатын шаралар» деп жаттығу жиынының жоспарымен таныстырды.
«Көктем – 2020» арнайы тактикалық оқу-жаттығу жиынында алғашқылардың бірі болып, орталық аурухананың жедел жәрдем бөлімі өз қызметтерін көрсетті. Дәлірек айтар болсақ, ақ халаттылар апат кезінде жарақат алған тұрғынға алғашқы көмектің қалай көрсетілетінін толығымен баяндап берді. Одан кейін жаттығуға қатысушылар су тасқыны кезінде төрт түлікті тысқа қарай шығару, тұрғындарды әлеуметтік нысандарға эвакуциялау, су ағарларды қоқыстан тазалау секілді тактикалық жаттығуларды жасап, машықтанды.
Жиын соңында құтқару жұмыстары қорытындыланып, талдау жүргізілді. Нәтижелер анықталғаннан кейін, тактикалық оқу-жаттығу жиындарына қатысқан қызметкерлерге алғыс айтылды.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.