Мектепте «Мобильді кітапхана бұрышы» ашылды
Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет» — деген еді. Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» делінген. Қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдында оқыту үдерісін технологияландыру мәселесін қойып отыр. Білім берудің нәтижелі технологияларын сараптап, әлемдік іс – тәжірибелер зерттеліп, мектеп өміріне енгізу — басты мақсат. Осы мақсатта мектебіміздің директоры Мұратжан Мейманхановтың бастамасымен мектеп кітапханасына ауылымыздың кәсіпкерлері Нұржігіт Дәулетов пен Нұргүл Тымбаева демеушілік жасап, «мобильді кітапхана» бұрышы ашылды. Негізгі міндет – мектеп оқушыларының кітапқа деген қызығушылығын ояту және мобильді кітапхана бұрышынан отандық және әлемдік классиктердің, заманауи жазушылардың туындыларын баршаға қолжетімді ету. Оқушылардың қуанышында шек жоқ. Себебі, мектеп кітапханасына келген оқырмандар түрлі туындылардың электронды нұсқасын оқи алады. Электронды кітаптарды оқу үшін смартфондардағы QR-код оқитын бағдарлама арқылы макеттегі кез келген кітаптың кодын сканерлейді. Код бағдарламамен қабылданғаннан кейін автоматты түрде кітаптың электронды нұсқасына өтеді. Кітапты жазып алып,онлайн оқуға немесе ұялы телефонға жүктеп алуға да болады. Мектеп кітапханасының жанынан ашылған мобильді оқу залында әзірге 100 кітаптың электронды нұсқасы және 100 жаңа оқулықтың 19 нұсқасы орналастырылды.
Білім алып, білік пен дағдыға қол жеткізу ғана емес, солардың негізінде дербес жылдам өзгеріп жатқан бүгінгі дүниеде лайықты өмір сүріп, жұмыс істей алатын, яғни ақпаратты өзі іздеп тауып, ұтымды пайдалана алатын, жан-жақты дамыған білімді жеке тұлғаны қалыптастыру біздің басты мақсатымыз. Осы орайда, жаңа технологияларды оқу үдерісіне енгізіп қана қоймай, соның ішінде, мобильді кітапхананы оқу үдерісіне енгізу жеке тұлғаның дамуына оң әсер етеді.
Ж.Ауелева,
Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің кітапханашысы.