Әулеттің ардақты анасы
Ана — деген кім десең?
Алаулаған таң дер ем.
Қанша тәтті болса да,
Анам үшін жан берем!– деп жырлаған қазақтың ақиық ақындары қаншама?! Неге екені белгісіз ақ жаулықты аналар жайында сөз қозғалса, осы өлең шумағы санама еріксіз оралады да тұрады. Бәлкім, бұл ғаламда анадан асқан артық жан жоқ болғандықтан болар. Иә, кез келген адамның жан дүниесінің сұлулығы ананың ақ сүтімен берілетіндігі айтпаса да түсінікті.Менің бүгінгі мақаламның жазылуына арқау болған кейіпкерім де «Ана» деген аяулы атауға әбден лайықты жан. Өйткені, ол кісі өз балаларынан ешнәрсені аямай, ақ сүтін беріп аялай, бар өмірін соларға арнаған жандардың бірі.
Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты Қызылшаруа ауылының тұрғындары Әбутәліповтер әулетін жақсы таниды. Тіпті, осы отбасын ауыл тұрғындары «Мұғалімдер әулеті» деп те атайды. Олай деп атаудың өзіндік себебі де бар. Мәселен, аталмыш әулеттің анасы Ұлдаркүл Түкбасова саналы ғұмырын жас ұрпақты оқытуға, тәрбиелеуге арнаған. Білім саласында қажырлы еңбек еткен ұлағатты ұстаз талай шәкіртке тәлім-тәрбие беріп, қанаттарын қатайтқан.
Кейіпкеріміздің жастық шағы Ұлы Отан соғысы жылдары өтіп, ерте еңбекке араласты. Шаруашылықтарда қызмет етіп, шөп, астық, қызылша жинады. Кейіннен мектепті бітіргеннен соң Жамбыл педагогикалық училищесінде оқып, оны үздік тәмамдады. Алғашқы еңбек жолын Кызылшаруа мектебінде бастап, уақыт өте келе Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын сырттай бітірді. Мектепте 32 жыл жемісті еңбек еткен ардақты ұстаз бірнеше мәрте «Құрмет грамоталар», төсбелгілер және медальдармен марапатталған.
Ұлдаркүл апа ұстаздық жолды таңдағанына ешқашанда өкінген емес. Керісінше өз қалауымен таңдаған мамандығын әрдайым мақтан тұтады. Кейіпкеріміз мамандық таңдаудан ғана емес, жар таңдаудан да қателескен жоқ. Өмірлік серігі ретінде қызылшаруалық Абақ Әбутәліповті таңдап, онымен отбасын құрды. Көңілдері жарасқан жұп он баланың ата-анасы атанды. Сол үшін де бүгінде Ұлдаркүл апаның кеудесінде «Батыр ана» мен «Алтын алқа» белгісі жарқырап тұр. Қазіргі таңда анамыз бейнетінің зейнетін көріп, бақытты өмір кешіп келеді.
Ұлдаркүл апамызды 32 жыл білім саласында еңбек еткенін айтқан едік. Енді бізге белгілі қызықты ақпаратпен бөлісе кетейік. Кейіпкеріміздің жұбайы Абақ та бар ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған азамат. Талай жылдар бойы директор қызметін жемісті атқара білді. Сонымен қатар, ата – анасының жолын тұңғыш қызы Сәуле, ұлдары Бейбіт пен Ербол, кенже қызы Жұлдыз жалғастырды. Тіпті, Ұлдаркүл апайдың немерелерінің көпшілігі ұстаздық мамандықты таңдап, шәкірт тәрбиелеу жолында жемісті еңбек етіп жүр.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.