АУДАННЫҢ «ҚҰРМЕТТІ АРДАГЕРІ» АТАҒЫ БЕРІЛДІ

871 Views

Қолданыстағы Ережеге сәйкес «Республикалық ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйғаруымен «Тұрар Рысқұлов ауданының құрметті ардагері» деген атақ тұңғыш рет екі ардагерге берілді. Мұндай атаққа қоғамдық жұмыстарға белсенділікпен қатысқан, ұзақ жылдар бойы аудан экономикасының өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан азаматтар лайықты деп табылды. Солардың бірі Қарақат ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы, Құлан ауылдық қоғамдастық кеңесінің мүшесі, медиатор, өндірістік кооператив пен «Дәулетбай» шаруа қожалығының жетекшісі Үмбет Жанәділов те, екіншісі Құлан ауылындағы Ақжайық, Сарыарқа, Каспий, Қостанай көшелерінің комитет төрағасы Базарбай Қозғанбаев екенінде дау жоқ. Олардың екеуі де сексенді алқымдап қалған, әлі де аттан түспей жүрген зейнет жасындағы белсенді ақсақалдар. Олар ауыл мен ауланың жоқтаушысы, ауызсу мен ағын суды да ауылға әкелетін солар. Жекеменшік малға өріс тауып беріп, көше тазалығына қамқор болып жүрген де солар.
Егер ауылға өңір басшылары келе қалса халықтың мұңы мен мұқтажын жоқтап айтатын да осы кәриелер. Оларды Құлан мен Қарақат ауылының үлкен-кішісі құрметтеп сыйлайды.Жақында облыс әкімі «Сарыбұлақ» бөгетін жасауға бюджеттен 170 миллион теңге қаражат бөлінетінін айтты. Аймақта 2675 мүйізді ірі қара, 21715 қой мен 2283 бас жылқы бар. Осы малға өріс тауып беру мәселесін көтеріп жүрген осы ақсақалдар.
Жақында Құлан ауылдық округінің әкімі М.Иманбаев аудандық ардагерлер Кеңесінің тапсыруымен осы екі кәриеге «Ауданның құрметті ардагері» атағын салтанатты жағдайда табыс етті. Тапсыру рәсіміне Құлан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Әліпбаев және кәсіпкер Ш.Толыбаев қатысып, зейнеткерлер Ү.Жанәділов пен Б.Қозғанбаевты алған атағымен құттықтап, оларға зор денсаулық тіледі.

Поделиться ссылкой: