Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі

557 Views

Құрметті отандастар!
Қазір бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған күрделі жағдаймен бетпе-бет келіп отыр. Коронавирус індеті дүние жүзін жайлап барады. Бүгінде 177 мемлекетте 800 мыңға жуық адам осы дертке шал­дықты. Оны жұқтырғандар саны күн­нен-күн­ге артуда. Біз төтен­ше жағдай жариялап, Қазақ­стан­да вирустың жаппай таралуына жол бер­медік. Соның арқасында ахуалды бақы­лауда ұстап отырмыз.
Халқы Қазақстанмен шамалас кейбір елдерде коронавирусқа шал­дыққандар ондаған есе көп. Мен елорда мен Алматыда ғана емес, еліміздің бар­лық өңір­­інде карантинді күшейтуді тапсырдым.
Барша қазақстандықтарға сабыр сақ­­тап, түсіністік танытқаны үшін алғы­сымды айтамын.
Біз дүрбелең тудыруға жол бер­мей­міз. Дәл осы кезде халық мемлекетке қолдау көрсетуі керек.
Бұл – аса маңызды.
Коронавирус – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дерт. Де­ген­мен, біз індетке шал­дық­қан адам­дар­ға барлық қажетті көмекті көр­сетеміз. Бүгінде бүкіл еліміз дәрігерлер мен меди­цина қызметкерлерінің қайсар­лы­ғына тәнті болуда. Олар – адам өміріне ара­ша түсіп жатқан бүгінгі күннің батыр­лары.
Сондықтан пандемияға қар­сы кү­рес­тің алдыңғы легінде жүр­гендерге қо­сымша қолдау көрсету жөнінде шешім қабылдадым.
Дәрігерлерге және медицина қыз­мет­керлеріне 3 ай бойы қосымша үстеме­­ақы төленеді.
Медицина қызметкерлерінің өмірін сақ­тандыру мәселесі де шешімін тапты.Әрине, ақ халатты абзал жандар бұдан да зор қолдауға лайық. Сондай-ақ полиция қыз­мет­керлері мен әскери қызметшілерге де айрықша алғыс білдіремін.Төтенше жағдай режімінің қашанда экономикалық және әлеуметтік салдары болады. Біз үшін азаматтардың ден­сау­лы­ғы­мен қатар олардың өз табысынан айырылмауы да маңызды. Мен бұған дейін дағдарысқа қар­сы алғашқы шаралар топтамасын жарияладым. Үкімет пен әкімдер оны жүзеге асыруды бас­тады. Жағдайдың ушыға түскенін ескеріп, азаматтарға және бизнеске одан әрі қолдау көрсету жөнінде мынадай қосымша шешімдер қабылдадым.
Бірінші. Инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атау­лы әлеуметтік көмек мөл­шерін жылдық өлшеммен алғанда 10 пайызға индексациялауды тапсырамын. Осыған орай, аталған санат­тағы аза­маттардың табысын арттыру үшін мем­лекет тарапынан 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді.
Екінші. Биылғы 23 наурыз­да табы­сынан айырылған аза­мат­тарға ең тө­менгі жалақы мөл­шерінде қолдау көр­сетілетіні туралы айттым. Енді осы көмекті алатын аза­мат­тар­дың санатын кеңейтуді тап­сырамын.
42500 теңге көлеміндегі бұл қа­ра­жат бұрын тұрақты жұ­мыс істеп, жалақы алғандарға ғана емес, сондай-ақ өзін өзі жұ­мыс­пен қамтыған және ресми тіркел­мей еңбек ететін азаматтарымызға да берілуге тиіс. Мұндай көмекті алу үшін олар өздерінің мәртебесін бекітуге тиіс. Содан кейін аталған азаматтар төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттен ай сайын әлеуметтік көмек алып отырады.
Еш жерде көрсетілмесе де жет­кілікті табысы бар адамдар осы төлемді алу үшін өтінім беруі мүмкін. Бұған дейін де осындай жағдай болғаны жасырын емес.
Бірақ кейбір жауапсыз адам­дар­дың кесірінен шын мәнінде көмекке мұқтаж жүз мыңдаған азама­ты­мызды қолдаусыз қал­дыра алмаймыз.
Жалпы, 23 наурызда және бүгін жарияланған шаралардың нәтижесінде 3 миллионға жуық азаматымызға көмек көрсетіледі.
Үшінші. Міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру жүйесі бойынша сақтандырылмаған аза­маттардың меди­циналық кө­мек алу құқығын 1 сәуірден 1 шілдеге дейін ұзартуды тапсырамын.
Аталған сақтандыру жүйесінде болу-болмауына қарамастан осы ке­зеңде азаматтарымызға толық меди­циналық көмек көрсетілуге тиіс.
Төртінші. Тұрмысқа қажетті зат­тар мен азық-түлікті тегін ала­тын азаматтардың санатын кеңей­ту керек.
Мұндай көмек түрі қосымша 1-ші, 2-ші, 3-ші топтағы мүгедек­тер­ге, мү­гедек балаларға және жұ­мыс­сыз ретінде тіркелген аза­мат­тарға берілуі қажет.
Осындай шара арқылы 800 мың­нан астам адамға көмек көр­се­теміз.
Бұл ретте тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түліктің шекті мөлшерін бекіткен жөн.
Жергілікті шағын және орта бизнесті өнім өндіру және оны жеткізу ісіне жұмылдыру қажет.
Үкімет отандық ІТ-ком­панияларды әлеуметтік қолдауға бөлінген қара­жаттың мақсатқа сай жұмсалуына тиімді мо­ниторинг жүргізетін платформа әзір­леу жұмысына тартуы керек.
Алдағы уақытта мұндай көмекті заттай емес, азамат­тар­дың өздері таң­дап, сатып алуы үшін қаржылай беруге көшкен жөн.
Бесінші. Көктемгі егіс нау­қа­­нын уақтылы өткізу аса ма­ңызды.
Бюджеттен 70 миллиард теңге бө­лінеді. Бұл қаражат шаруаларға «Аграр­лық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Оның үстемеақысы 5 пайыздан аспайды.
Осы мақсатқа «Қарапайым заттар экономикасы» бағдар­ламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.
Аталған бағдарлама ая­сын­дағы түпкі мөлшерлеме барлық салалар бо­йынша біріздендіріліп 6 пайыз болды.
Ең алдымен шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсеткен жөн.
Сонымен қатар Үкіметке жа­нар­майдың нарықтық бағасын 15 пайызға арзандатып, 165 тең­геге дейін төмендету міндеті жүк­телді.
Осыны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңіл­дікпен сатылатын болады.
Арзан жанармай шаруаларға де­йін же­туге тиіс. Оны жеткізетін «опера­тор­лардың» жұмысы толығымен ашық бо­луы керек.
Үкімет пен Бас прокуратура өңір­лер­де тиісті бақылау мен қада­ғалау жұмыс­тарын қамта­масыз етуге тиіс.
Карантин жағдайында күрде­ле­не түсе­тін бірқатар мәселе бар.
Бұл – кепілге қойылған мүлікті ха­лыққа қызмет көрсету ор­талық­та­рында ресімдеу, нота­риалды куәлан­дыру, қо­салқы бөлшектер сатып-алу және тағы басқалар.
Сондықтан Үкімет пен әкім­дік­тер көктемгі егіс науқанын ерек­ше бақы­лауға алуы керек.
Азық-түлік қауіпсіздігін қам­та­масыз ету тұрғысынан алғанда әр күніміздің маңызы зор.
Алтыншы. Карантинге байланысты елорда, Алматы және Шымкент қала­лары төңірегінде ең­бекке жарамды, бірақ жұ­мыс­сыз қалған азаматтардың саны арта түсті. Бұл, ең алдымен, жас­тарға қатысты.
Үкімет пен әкімдер «Жұ­мыс­пен қамту жол картасы» аясында аталған өңірлерде нақты жобаларды жүзеге асыруды дереу қолға алуы қажет.
Азаматтарымыздың табыс кө­зі болуға тиіс. Олар күнін көре ал­май құрсауда қамалып отыр­мауы керек.
«Жұмыспен қамту жол картасы» аясында жұмыс істеуге ниет білдірген азаматтарға ең төменгі мөлшердегі екі жалақы немесе 85 000 теңге төленеді. Мұны олар бірден жұмыс орнына келген кезде алады.
Бұл тұрақты жалақысы емес, соған қосымша ретінде беріледі.
Осыған орай арнайы мобильді орындар ашылып, әкімдіктер түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, коронавирусқа қатысты экспресс-тест алып, жұ­мыс­шыларды жұ­мыл­дыруды және жаңа жұмыс орнына дейін жеткізуді ұйым­дас­тырады.
Жұмыс берушілер «Жұ­мыс­пен қамту жол картасы» бойын­ша ең­­­бек ететіндердің бәріне лайық­ты жағ­дай жасап, қорғану құрал­дарымен қамтамасыз етуге тиіс.
Жетінші. Мен бұған дейін шағын және орта бизнесті қол­дау­ға арналған шараларды жария­ладым.
Бұл – салық жеңілдіктері, қарызды өтеу мерзімін шегеру және тағы басқа шаралар.
Шағын және орта бизнес өкілдерінің ұсыныстарына келетін болсақ, олардың көбі қазірдің өзінде қолдау тауып, құзырлы ор­гандар тарапынан жүзеге асырылып жатыр.
Соның ішінде мемлекеттік қолдау шараларына сай келетін қызмет түрлерін кеңейту, несиенің үстемеақысын тө­мен­дету және бі­різдендіру, мем­лекеттік кепіл­дік­тердің көлемін арттыру жұмыс­тары қамтылған.
Қаржы нарығын реттеу агент­тігі шағын және орта бизнестің не­сие­­­лерін өтеу мерзімін ұзарту, тө­лем­ді қайта қарастыру мәселе­лері бойынша банктермен, басқа да қаржы ұйымдарымен жұмыс жүргізуде.
Осы мәселеге жеке тоқталып өт­кен жөн.
Көптеген кәсіпкер төтенше жағ­дай кезінде несиенің пайыздық үстеме­ақысын есептемеу үшін банктерге тапсырма беруді сұрап отыр.
Мұндай қадам банктерді шы­ғынға ұшырататынын түсінуі­міз керек. Олар да біздің эконо­ми­камыздың ажырамас бөлігі.
Дегенмен, мен тағы да екінші дең­гейдегі банктерден азаматтық жауап­кершілік пен түсіністік танытуды сұраймын.
Банктер қиын жағдайға тап бол­ғанда мемлекет оларға айтар­лықтай көмек берді.
Қазір сіздер халыққа және отандық бизнеске қолдау көрсе­ту­леріңіз керек.
Қажет болған жағдайда мем­ле­кет тарапынан қосымша нұс­қау­лық шаралар қолға алынады.
Жағдай одан әрі ушығатын болса, Үкімет пен қаржы сала­сының құзырлы органдары бұл мәселені шешу үшін тиісті шаралар қабылдайды.
Келесі мәселе. Кәсіп­кер­леріміз салықтық жүктемені азайтуға қа­тысты қосымша қолдауға мұқтаж. Бұл жұмыс орындарын сақтау жә­не жалақы төлеу үшін аса ма­ңызды.Сондықтан экономиканың ең көп зардап шеккен сек­торларындағы шағын және орта бизнес өкілдері 6 айға (биыл­ғы 1 сәуірден 1 қазанға дейін) ең­бекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан және басқа да төлемдер­ден босатылады.
Бұл қоғамдық тамақтану, сау­да, көлік қызметі, консуль­та­ция­лық қызмет, ІТ, қонақүй, туризм және басқа да салаларды қамтиды.
Оның нақты тізімін төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия бекітіп, қажет болған жағдайда толықтырып отырады.
Кәсіпкерлердің үндеуінде дағ­дарыс кезеңінде салық төле­меу туралы өтініш болғанын айт­қан едім.
Осы орайда мынадай мәселені атап өткім келеді.
Тиісті жедел шешім қабыл­данды. Менің тапсырмам бойын­ша Үкімет шағын және орта кәсіп иелерінің барлық салық төлем­дерін 3 айға тоқтатты.
Бұл қазіргі қалыптасқан жағ­дай­да салықтан босатылғанымен, оның кейін төленуі керектігін білдіреді. Сонымен қатар біз эконо­микалық ахуалды жан-жақты бағамдап отырмыз. Алдағы жағ­дайға байланысты түпкілікті шешім қабылдаймыз.
Келесі мәселе. Үкімет елі­міз үшін маңызды импорт тауар­ла­ры­­­на салынатын баж салығын алып тастау мәселесіне қатысты Еура­зия экономикалық одағындағы серік­тес­тері­мізбен жұмыс жүргізуде.
Жеке қорғаныс құралдары, өнді­ріске қажетті шикізат, вакциналар мен диагностикаға арналған құрал-жаб­дықтар жөнінде тиісті шешім қабыл­­данды.
Өз елімізде жеткілікті емес азық-түлік тауарларына салынатын импорт­тық баж салығын төмендету бойынша жұмыс жал­ғасуда.
Үкімет отандық бизнестің сұра­ныс­тарын ескеріп, аталған жұмысты жедел­деткені жөн.
Сондай-ақ жергілікті шағын және орта бизнестің әлеуетін пайдалану қажет. Бұл – өте маңызды мәселе.
Әкімдіктер және Үкімет («Мем­­­ле­­­кеттік азық-түлік корпо­ра­­циясы» ар­қылы) отандық агро және қайта өң­деу кәсіп­орын­дарынан кемінде 6 ай бұрын өнім­­ді сатып алудың кепілді жүйесін жолға қоюға тиіс. Бас­қаша айтқанда, «алдын ала сатып алу» немесе «алынған өнім бойын­ша сатып алу» тетігін енгізуі керек.
Кәсіпорындардың өзара ықпал­дас­тығының нақты жолын анықтау қажет, яғни егістік ба­сынан дүкен сөресіне дейінгі тіз­бекті айқындап, оларды жеңіл­­детілген несиемен қамтамасыз ету қажет.
Бұл ретте бизнес өкілдері өн­діріс көлемін қамтамасыз ету, тұрақты бағаны ұстап тұру, жұ­мыспен қамту және өзіне жүк­телген басқа да міндеттерді жа­уап­кершілікпен орындауға тиіс.
Сегізінші. Аталған шаралар топ­тамасын жүзеге асыру үшін Үкіметке және Ұлттық банкке барлық қажетті қаражат көздерін пайдалануды тап­сыра­мын. Соның ішінде Мемлекеттік әлеу­меттік сақтандыру қоры, Ұлттық банктің ресурстары мен құралдары да бар.
Тұңғыш Президентіміз – Ел­басы құр­ған Ұлттық қордың қар­жы­сын ұтымды пайдалануымыз керек.
Бөлінген қаражатты нақты эко­но­микаға жедел әрі тиісті дең­гейде жеткізу үшін мемле­кет­тік даму институттары арқы­лы қаржыландыру мүмкіндігін де қарастырған жөн. Олардың қатар­ында «Бәйтерек», «Аграрлық несие корпорациясы» және бас­қа­лары бар.
Осындай қолдау түрі өзге де же­ңілдіктер сияқты экспорттық әлеуеті бар тез дамып келе жатқан орта деңгейдегі компанияларға ар­налуы тиіс. Мұндай компаниялар дағдарыстан кейінгі кезеңдегі негізгі «қозғаушы күшке» айнала алады.
Тағы бір мәселе. Дағдарысқа қарсы шаралардың ауқымы мен қаржылық ресурстардың көлеміне байланысты бөлініп жатқан қаражаттың мақсатқа сай әрі тиімді жұмсалуының, аза­мат­тарға және бизнеске қолдау көрсе­ту кезінде ашықтық пен айқын­дық қағидатын қамтамасыз етудің маңызы арта түседі.
Бұл міндет – Есеп комитетіне жүк­теледі. Бұл жұмысқа аймақ­тық реви­зия­лық комиссияларды, қоғамдық кеңес­терді де жұ­мыл­дыру қажет.
Осы ретте төтенше жағдайда қойы­ла­тын арнайы талаптар да ескерілуі керек.
Қадірлі ағайын!
Коронавирус індетіне байланысты баршамыз күрделі кезеңді бастап өт­керіп отырмыз.
Бірақ бұл – уақытша қиындық.
Біз мұны міндетті түрде жеңеміз!
Бүкіл әлем күресуде. Біз де бар күш-жігерімізді саламыз.
Біз, мемлекет және қоғам болып бар­ша азаматтарымызға қолдау көрсетеміз, ешкімді көмексіз қалдырмаймыз.
Мұқтаж адамдарға қол ұшын бере­міз. Бұған ешқандай күмән болмауы керек. Қоғамдағы береке-бірлік күш-қуатымызды арттырады.Осы ретте індетті жұқтырған азамат­тарға да қолдау білдіргім келеді. Еш мойымаңыздар! Бұл ауру қаншалықты қауіпті болға­нымен, одан емделіп шығуға болады. Сіздерге көмектесу үшін бар­лық жағдайды жасаймыз.
Ең бастысы, шыдамдылық, төзім­ділік және жауапкершілік танытайық.
Біз – рухы асқақ, бірлігі бекем, еңсесі биік халықпыз.
Сондықтан бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, қиындықты бірге еңсереміз деп сенемін.
Басты тойларымыз әлі алда.
Төрт құбыламыз түгел болсын, ағайын!
Біз біргеміз!

Поделиться ссылкой: