Бізге де артылған жүк ауыр

583 Views

Ел аумағында төтенше жағдай ен­гізілгелі бері құқық қорғау орган­дары­ның жұмысы айтарлықтай күр­де­ленген. Мәселен, аудан аумағының 3 елдімекеніне қойылған блок-пост­тар күндіз-түні жұмыс атқаруда. Сани­тарлық бекеттердің екеуі Кө­гер­шін және Луговой ауылының бұры­лы­сында орналасса, үшінші бекет Р.Сәбденов ауылының маңындағы Қора­­ғаты тасжолында орналасқан. Әр бе­кетке күндізгі және түнгі ауысым­мен жұмыс жасайтын 4 полиция қыз­мет­керлері бекітілген. Сонымен қатар, аудан аумағында жылжымалы 4 бекет тағы бар. Бұл – бір. Екіншіден, құқық қор­ғау саласының мамандары тәртіп бұзып, жалған ақпарат таратқан құқық­бұзушылардың іс- әрекетіне де тосқауыл болуда. Дәлірек айтар болсақ, олар осы күнге дейін тәртіпке бағынбай, жалған ақпаратты желіде бөліскен тұрғынды анықтап, жауапқа тартқан.
Аудан аумағында орналасқан дү­кен­дердің санитарлық тазалығы да атал­мыш бөлімнің басты назарында. Яғни, халыққа тауарларды сату ке­зін­де дүкен қызметкерлері сақтық шара­ларын ұстанбаған жағдайда оларға ҚР ӘҚБК-нің 476 бабы 6-тармағы бойынша (төтенше жағдай режимін бұзу) арнайы әкімшілік іс-құжаттар тол­тырылады. Арнайы рейд барысында дәл осындай құқықбұзушылықтың 12 дерегі анықталған. Олардың біріне сот­тың шешімімен ескерту берілсе, екіншісі әкімшілік қамаққа алынған. Ал, қалған дүкен иелеріне 10 айлық есеп­тік көрсеткіш бойынша 265100 теңге көлемінде айыппұлдар салынған. Айыппұлдар блок-бекеттердің ал­дына қойылған жол белгілерінің ережелеріне бағынбаған жүргізушілерге де салынған. Анығын айтар болсақ, төтенше жағдай кезінде шектеулерді бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 601 бабы бойынша (жол белгілерін бұзу) 10 әкімшілік іс анықталып, 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 79 530 теңге көлемінде айыппұл салынып, тиісті жұмыстар атқарылыпты. Соны­мен қатар, ҚР ӘҚБтК-нің 612 бабы бойынша (автокөлікті құжатсыз басқару) 2 әкімшілік іс анықталып, ескерту және 53 020 теңге көлемінде айыппұл салынған. Одан бөлек, ауданнан басқа өңірге жол тартқан 65 автокөлік тоқтатылып, түсіндіру жұмыстары арқылы кері үйлеріне қайтарылған. Аталмыш мәліметтердің барлығын бізге аудандық полиция бөлімінің басшысы Қайрат Қапаров мәлімдеді. Сонымен қатар, полиция полковнигі ауданда 9 сәуірден бастап карантин режимі жарияланғанын, соған байланысты аталған аумақта карантин талаптарының сақталуын қадағалау мақсатында полиция қызметкерлері күшейтілген режимде күнделікті тек­серу жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізді. Одан бөлек «Халық банк», «Казпошта» сынды мекемелер ал­дында тұрғындардың белгіленген сы­зық­пен тұруына, арақашықтықты сақ­тау шараларына құқық қорғау қыз­меткерлері айтарлықтай үлес қосып жат­қандығын тілге тиек етті. «Төтенше жағ­дай кезінде бізге де артылған жүк ауыр. Оны біздің мамандар жақсы түсінеді.
Сондықтан да күшейтілген режимде жұмыстың ауырлығына қарамастан қызмет етуде. Сол үшін де өз атымнан оларға алғысымды жеткізгім келеді. Ал, аудан тұрғындарын тәртіпті сақтап, шектеулерге түсіністікпен қарауға шақырамын. Үйде болып, тазалықты барынша сақтауды сұранамыз. Біз қауіпті дертпен бірлесе күресуіміз қажет» деп әлемді жаулаған індеттің алдын алуға шақырды.
Жалпы Қайрат Мұқанұлы басшылық ететін бес бірдей бөлімшеде 90-ға жуық адам еңбек етеді. Олар аудан аумағында құ­қық бұзушылықтардың алдын- алу, ескерту, қоғамдық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету, қылмыстың жалпы жағдайы мен жедел жағдайды тұрақтандыру мақ­сатында кешенді іс- шаралар ұйым­дастырып келеді. Соның нәтижесінде қызметкерлер соңғы үш айдың қоры­тындысы бойынша ауыз толтырып ай­тар­лықтай жетістіктерге жете білген. Мәселен, ауданда жыл басынан бері 57 қылмыс тіркеліп, көрсеткіш -24 пайызға төмендеген. Олардың ашылуы — 72,3 % құрайды. Бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстары бойынша 16 дерек тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш -58,8 %-ға төмендеген. Мал ұрлығы бойынша – 4, пәтер ұрлығы бойынша — 6 қылмыс тіркеліпті. 2019 жылмен салыстырғанда мал ұрлығы — 90,9 пайызға, пәтер ұрлығы — 25 пайызға төмендеп отыр.
Ауданда жол-көлік оқиғаларының орын алуы да азайған. Мысалы өткен жылдың бастапқы үш айында 15 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, биыл 5 оқиға тіркеліп, 63,6 пайызға төмендеген. Бірақ, көліктердің қақтығысынан бір адам көз жұмған. Ал, жарақат алғандар саны – 7. Бұл көрсеткіш өткен жылдың алғашқы үш ай қорытындысымен салыстырғанда — 84,6 пайызға төмендеген. Осы орайда құзырлы орган қызметкерлері темір тұлпарды масаң күйінде тізгіндеген жүргізушілерге заң қатал екендігін ескертеді. ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының (автокөлікті масаң күйінде басқару) талаптарына бағынбай, көлік басқарған жүргізушілер 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынатынын және көлік жүргізу құқығынан 7 жылға айырылатынын біліп жүргені абзал.
Жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды жіпке тізген бөлім басшысы түс ауа аудан аумағына қойылған блок-бекеттердің жұмысын қадағалап қайтатынын жеткізді. Жоспар бойынша жүргізілетін жұмыспен танысуға бізді де шақырды. Осылайша санитарлық бекеттердің жұмысымен танысу мақсатында бізде бардық. Блок-бекеттер маңында жұмыс қызу жүргізіліп жатқанына куә болдық. Көліктер арнайы рұқсат қағаздармен ғана өткізіліп, тұрғындарға ақпараттық- түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сырттан келген көліктер мен азаматтар арнайы есепке алынып жатыр. Ондағы атқарылып жатқан істермен таныс болған Қайрат Мұқанұлы жа­уап­ты мамандарға бірнеше нақты нұс­қаулықтар берді. Сонымен қатар, ау­дан орталығына өтпекші болған тұр­ғындармен тілдесіп, сақтық шараларына тү­сі­ністікпен қарауды өтінді.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: