Спортқа сүбелі үлес қосқан
Спортқа сүбелі үлес қосқан
Киелі Құлан жері спорт саңлақтарына әсте кенде болған емес. Ермахан мен Ислам, Ақжүрек пен Елдос сынды дарабоздарды «Олимп шыңын бағындырған жерлестеріміз» деп зор мақтанышпен айтып келеміз. Алайда, осы жетістіктердің түпкі тамырында спортшылардан бөлек басқа азаматтардың қажырлы еңбегі мен үлкен жұмыстары жатқандығын өкінішке орай санамыздан шығарып алып жатамыз.
Спортшының қандай да бір жетістікке жетуі үшін оның жеке қабілеті жеткіліксіз болатыны анық. Яғни, мінбенің биік тұғырынан көрінуі үшін оларға бар жағдай жасалуы керек десек, аудан спортының дамуына «Қайрат» ерікті спорт қоғамының қосқан үлесі зор. 1971 жылы аталмыш комитеттің төрағалық қызметіне Кенжебек Бекебаев тағайындалады. Жұмысына белсене кіріскен төраға аудандық комсомол комитетімен бірігіп орталық стадионның алғашқы тасын өзі бастап қояды. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары Кенжебек ауыл жастарын жұмылдырып, бір жылдың ішінде стадионды іске қосады. Бүгінде сол стадион Кенжебек Бекебаевтың атымен аталып келеді.
Кенжебек Бекебаев 1942 жылы 27 ақпанда Луговой ауылында дүниеге келген. Ауылдағы №33 орта мектепті бітірген соң, еңбек жолын теміржолда жұмысшы болып бастаған. Дегенмен, спортқа жаны құмар бозбала 1961 жылы Алматы денешынықтыру институтына құжаттарын тапсырып, оқуға түседі. Одан соң әскер қатарына шақырылып, Крондштаттағы Балтық теңізі флотының «Киров» крейсерінде әскери борышын өтейді, әскер қатарында бокстан Балтық теңізі бойынша СССР теңіз флотының чемпионы атанады. Әскерден келген соң Алматыдағы оқуын жалғастырып, Абай атындағы орта мектепте денешынықтыру пәнінен шәкірттерге дәріс берген. Осы салада бірнеше жылдар бойы қызмет атқарып, төрағалық қызметке дейін көтерілді.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.