Құлан жайлы айтылған үзік сырлар

2 591 Views

Құлан жайлы айтылған үзік сырлар

1938 жылы өз алдына отау құрып шыққан ауданның бүгінде бетбейнесі өзгергеніне ешкім шүбә келтіре қоймас. Дәл осы мерейтой қарсаңында аудан орталығы болып саналатын Құлан ауылдық округінің өткен тарихы мен бүгінгі тыныстіршілігіне тоқталуды жөн көрдік.

630 жылы біздің өңірде болған будда ғұламасы, жиһангез Шуаң Заң: «Суябтың батысында бір-біріне тәуелсіз, бірақ бәрі түріктерге бағынышты бастықтарға қарайтын он шақты қала бар. Қалалардағы халықтың бір бөлігі жер өңдейді, ал, екінші бір бөлігі саудамен айналысады» деп жазды. Жазба деректерде Құлан қаласы ҮІІІ ғасырдың бірінші жартысындағы шаһарлар санатына жатады. Қытайлықтар оны Цзюлен, яғни «сұлу қала» деп атаған. Жиһангез-саяхатшылар Ибн Хордадбек пен Құдама қаланың Тараздан 14 фарсах жерде орналасқанын айтады. Құдама былай дейді: «…құм Тараз бен Құлан аралығының солтүстік жағында, ал, оның арғы жағында құмды және жұмыр тасты шөл жатыр» дейді. Ал, араб географы Максиди: «Құлан бекітілген қала, онда алқалы мешіт (медине) бар. Ол бос қалған, үлкен Тараз жолында» деп дәлірек жазады. Географиялық сөздік құрастырған Якут: «Құлан – Түрік елінің Мәуренахр жағындағы шекарасында орналасқан сүйкімді қала» дейді. Осы тарихи дерек пен дәйектерді зерттеу үшін ғалым, археолог В.Бартольд көп еңбектенді. Оның айтуына қарағанда мұнда 740 жылы түркеш бегі Құрсыл ең соңғы Батыс -Түрік қағаны Ашинь Сыньды өлтірген. Ал, араптар Құланға 840 жылы келіп жеткен. Енді осынау сүйкімді қаланың орнында қалған қалдықтарды өз қолымен ұстап, ғасырлар қойнауында жасырынып жатқан құпияға бірінші болып үңілген, дәлірек айтқанда, көненің көзін тірілткен ғалым-археологтар Карл Байпақов пен Арнабай Нұржановтың пікірлеріне көз жүгіртсек: «Иә, Құлан сүйкімді де, сұлу қала болған. Алынған мәліметтерге жүгінсек, ішкі қамалдың орнында (ҮІІ – ҮІІІ ғ.) қабырғалары пахсадан қаланған ғимарат тұрған деп болжауға болады» дейді. Өткен жылғы қамалға жүргізілген қазба жұмыстары осы болжамның дұрыстығын дәлелдеді. Дәлірек айтқанда, шығыс үлгісінде тұрғызылған қабырға табылды. Оның ою-өрнегі Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мазарының қабырғасындағы оюдан аумайды. Енді Карл Байпақовтың ойын одан әрі қарай өрбітейік: «Тап осылайша мәселен, көне қала Ақбешімдегі будда шіркеулері салынған ғой. Қамалдың төменгі бөлігінен керамика жинағы табылып отыр. Қолдан жасалған хум, қазан, кең ауызды су таситын құмыралар да ерте ғасырлық қала қолөнерінен сыр шертеді. Тегі шикі кірпіш пен пахстан қаланған ғимараттар да болған сыңайлы. Ойма әшекеймен өрнектелген көптеген қақпақтар мен дастархандар болжамымызды дәлірек даталап белгілеуге жол ашты»-дейді. Көне Құлан жайында айтылған осындай пайымдар мен болжамдар өте көп және олар толығымен дәлелденген. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қала тарихының бір бөлшегі болу біз үшін үлкен мәртебе.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: