Құрылысқа салғырттық емес, жауапкершілік қажет аудан әкімі мердігер компания өкілдерімен тілдесу барысында осылай деді

557 Views

Биыл Тасшолақ, Бәйтелі, Әбжапар ауылдарына су құбыры желілері мен су іркуіш имаратының құрылысы, Құмарық пен Жарлысу ауылына су құбыры желісі мен су сорғыш құбырын салу, Құлан ауылындағы орталық су іркуіш имараты құрылысын жаңалау, яғни, реконструкциялау жұмыстары, сондай-ақ, аудан аумағындағы 5 білім ошағына күрделі жөндеу жұмыс­тарының құрылысы жүргізіледі. Атап айтатын болсақ, Рахым Сәбденов ауылын­дағы Ақбұлақ, Көгершін ауылын­дағы Ақтоған, Құмарық ауылындағы Болтай батыр, Қарақыстақ ауылындағы Бауыржан Момышұлы және Қызылшаруа ауылындағы №3 ша­ғын орталықты орта мектебі. «Нә­тижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасындағы қалалардың және аудандық елді мекендердің объектілерін жөндеу шеңберінде жүзеге асатын аталмыш мектептердің құрылыс жұмыстарына 1 млрд.60 млн.369 мың теңге қаражат бөлініп отыр.
Сөз басында Құлан ауылының су жүйелері құрылысы мен су тартатын қондырғы құры­лы­сына жөндеу жұмыс­тары жүргізілетінін айт­тық. Аталмыш құрылыс жұмысына жалпы жиынтық сомасы 367 млн. теңге қаражат бөлінген. Құры­лыс жұмысын жүргізетін мердігер компания «ТаразСтрой 2004» жеке шаруашылық серіктестігі. Қазіргі күні су қоймаларын (резервуарлар) бұзу және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүр­гізілуде. Құрылысқа 8 техника жұмыл­дырылып, 22 азамат жұмыс жасауда. Жұмысшылардың басым көпшілігі жергілікті елді мекендердің азаматтары.
Өткен жұмада аудан әкімі Ерболат Садырқұлов құрылыс нысанына барып мердігер компания өкіл­дерімен жүздесті. Өз кезегінде «Тараз Строй 2004» ЖШС-і директорының орынбасары Нұрғазы Бекбердиев аудан басшысына құрылыс картасының сызбасын көрсетіп, жұмыс жоспарын баяндап берді. Ерболат Салқынбекұлы Құлан ауылының су жүйелері мен су тарту нысанының әбден тозығы жетіп тұрғанын айтып, мердігерлік компания өкілдеріне алдағы жылдары ауыз су мәселесінде еш кедергі туындамайтындай етіп құрылысты сапалы жүргізуді тапсырды.
Бұдан соң аудан әкімі Ерболат Садырқұлов 1972 жылы салынып, 2003 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген Көгершін ауылындағы Ақтоған шағын орталықты орта мектебіне барды. Бұл білім ошағында құрылысты жүргізіп жатқан мердігер «ЖаңатасҚұрылысСервис» ЖШС-і. Мектеп құрылысында 45 адам жұмыс жасауда. Оның 20-сы жергілікті тұр­ғын­дар болса, қалғаны аймақтың өзге аудан­дарынан. Ерболат Салқынбекұлы құрылыс жұмыстарының санитарлық талапқа сай жүргізілмей жатқанын көз­бен көріп, мердігерлік компания бас­шысына бірнеше сын-ескертпелер айт­ты. Аудан басшысы бұл мәселені ал­дағы уақытта жіті бақылауға алу қа­жеттігін ескертіп, жауапты сала маман­дарына тапсырма жүктеді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: