Көшбасшы партия әркез халықтың қолдаушысы

582 Views

«Нұр Отан» партиясы еліміздегі көшбасшы саяси ұйымның бірегейі екені белгілі. Партияның халық кәдесіне жарайтын сан түрлі бағдарламалары бар. Көптеген игі істің бастамашысы болған «Нұр Отанды» отандастарымыздың басым көпшілігінің қолдайтындықтары сондықтан болса керек.
Өткен жұмада «Нұр Отан» партия­сы Жамбыл облыстық филиалы төрағасы­ның бірінші орынбасары Нарбаев Балабек Жанбекұлы мен Қазақстан Фермерлер Одағы қауымдастығының төрағасы Жигули Дайрабаев ауданы­мызға арнайы іссапармен келіп, аудан­дық мәслихат депутаттарымен кездес­ті. Алдымен партия аудандық филиа­лы төрағасының бірінші орынба­са­ры Қанатбек Арыстанбеков сөз сөйлеп, партия тарапынан аудан аумағында атқарылып жатқан оңды істерді атап өтті. Одан кейін «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Жанбекұлы өз ойын ортаға салды.
– «Нұр Отан» партиясы әркез халықтың қамқоршысы әрі қолдау­шысы. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы­мен елімізде «Біз біргеміз» атты қор құрылған болатын. Республика­дағы беделді кәсіпкерлердің атсалысуы­мен аталмыш қорға қыруар қаржы жи­нал­ды. Есесіне, жиналған қаражаттың барлығы ел аумағындағы көп балалы және тұрмыс жағдайына байланыс­ты аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуге жұмсалады. Қазақтың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев «Аузымыз­ға алалық түсірмесек, ісіміз­ге шалалық түсірмейміз» деген. Осындай қиын сәтте біз әрқашан бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз керек. Қазақ талай қиындықты еңсерген халық. Берекелі бірлігіміз мығым болса, бұл індеттен де аман шығатынымызға кәміл сене­мін, -деді партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
Бұдан кейін Қазақстан Фермерлер Одағы қауымдастығының төрағасы Жигули Дайрабаев та сөз сөйлеп, елдің бірлігі бекем болғанда ғана мемлеке­тіміздің мерейі үстем боларын айтты. Кездесу соңында аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов сөз сөйлеп, келген меймандарға дәйек­ті әрі тұшымды мағлұмат айтқаны үшін алғысын білдірді.
Содан соң Балабек Нарбаев пен Жигули Дайрабаев майдан даласында етігімен су кешіп, фашистік Германия­ның әскерінен отанын азат еткен Ұлы Отан соғысының ардагері Жахан Мырзахметов ақсақалдың шаңырағы­на бас сұқты. Төтенше жағдай кезінде азық түлік тауарын әкеліп, хал сұрай келген інілеріне майдангер ақсақал ризашылығын білдіріп, ағалық ақ батасын берді. «Нұр Отан» партия­сы Жамбыл облыстық филиалы төрағасы­ның бірінші орынбасары Балабек Жанбекұлы мен Қазақстан Фермерлер Одағы қауымдастығының төрағасы Жигули Дайрабаев Құлан ауылының тұрғыны, көп балалы ана Г.Мырзабекованың да шаңырағына бас сұғып, азық-түлік өнімдерін табыс етті. Өз кезегінде 32 жастағы көп балалы ана осындай қиын сәтте халыққа қолдау көрсеткен «Нұр Отан» партиясына алғысын білдірді.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: