Ахаңның ұлағаты немесе жас ұрпақты азаматтық тұлға ретінде тәрбиелеудің әлеуметтік маңыздылығы

328 Views

Қазақ – ұлы халық. Оның ұлылығы сөз жүзінде емес, іс жүзінде әлдеқашан дәлелденген. Сонау Керей мен Жәнібектен бастау алған азаттық жолындағы тартыс Хақназардың да, Абылайдың да, әз Тәукенің де, тіпті, хан Кененің заманында да жалғасын тапқан. Олардың ізгілікті жолын Алаш арыстары да бір арнаға тоғыстырып, ұлт мүдесін қорғаудың ерекше үлгісін көрсете білді. Яғни, Ахмет бастап, Әлихан қостаған қазақ ағартушылары қарға тамырлы қазақ үшін бостандық жолында өз өмірлерін өлімге қиды.
«Биді дауда, батырды жауда жеңген,
Ердің жүгін ел менен нарға берген.
Біздің қазақ ешқашан аштан емес,
Аштан емес, Ардан, Намыстан өлген». Қайран арыстарым-ай…
Өз өмірінен ұлтының болашағын биік қойған, пайым-парасаты биік тұлғалардың қатарынан Алаш арысы, педагог-ғалым, ұлтшыл тұлға Ахмет Байтұрсынұлының есімін бөле жарып айтар едік. Ахмет Байтұрсынұлы өте білімді, оқыған, сөзі уытты, кешегі Ақтамберді мен Доспамбеттен жұғысты болған қиып түсер тілі бар нағыз ұлтжанды азамат болатын. «Бейімбет жау болса, менде жаумын» деп басын қатерге тіккен алып жазушы Ғабит Мүсіреповтің замандас досы Ілияс Омаров хақында айтқан мынандай бір орамды сөзін оқыған едім. «Ол отырған орнына қарай үлкен де, кіші де көрінген емес. Орын оны көркейтпейтін, керісінше, орынды ол көркейтетін» депті антқа адал, сертке берік заңғар жазушы Ғабаң. Дәл осы ойды Ахмет Байтұрсынұлына қарата айтсақта болады деп ойлаймын. Себебі, Ахмет Байтұрсынұлы қылышынан қан тамып тұрған қызыл Империя тұсында «Қазақ» деген газет шығарып, жұрттың еңсесін көтерді. Оның «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген өнегелі сөзі осы күні мәтелге айналып кетті. Қазақ тілінің емле-ережесі жіктеліп жазылған Ахаңның «Әдебиет танытқыш» атты кітабын білмейтін жан баласы жоқ шығар, сірә. «Әдебиет танытқыштың» бүгінгі таңда ғалымдарымызға ғана емес, ұзтаздарымызға да үлкен көмекші құрал ретінде пайдасы тиіп жүргенін мойындауымыз керек. Ақиқатын айтайық, қазақ рухын оятып, тұңғыш әліпби құрастырған Ахмет Байтұрсынұлы секілді біртуар азаматтардың арқасында біз осы күнге жетіп отырмыз.
Мен қазіргі таңда мұғаліммін. Ахаң бағалап, құрмет тұтқан Әлихан Бөкейханұлының «Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек» деген сөзін мен өзімнің өмірлік ұстанымыма балаймын. Сондықтан ұстаз ең алдымен, ұлт жанашыры болуы керек деп есептеймін.
«Ызыңдап ұшқан мынау біздің маса,
Сап-сары, аяқтары ұзын маса.
Өзіңе біткен түсі өзгерілмес,
Дегенмен қара яки қызыл маса.
Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,
Қаққы жеп қанаттары бұзылғанша.
Ұйқысын аз да болса бөлмес па екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса».
Осы жолдардан қалың ұйқыда жатқан қазағына ой салып, енжарлықтан, жалқаулықтан ада болу қажеттігін сол кездің өзінде-ақ Ахаң қалай жырлап өткенін байқасақ қой шіркін…
Несін жасырайық, бүгінгі күнде сырты жылтырап, іші қалтырап тұратын жылтыр жылпостар, қара бастың қамын ойлайтын, «тілінде бар, бірақ ісінде түк жоқ патриотсымақтардың» қатары көбейіп барады. Ахаң осындай «мәдениетті мырзалармен» өмірінің соңына дейін күресті. Қазақ үшін жаратылған, қазақ ұлтының болашағы үшін аянбай еңбек еткен ұлағатты ұстаздың әрбір рухты сөзі бүгінгі таңда жас ұрпақты тәрбилеудің әлеуметтік маңызына айналып отыр.

Жанерке Молдақұлова,
Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің тәлімгері.

Поделиться ссылкой: