Құрылыс жұмысының сапасы бөлінген қаражатқа сай болуы қажет

437 Views

«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша биыл ауда­ны­мызда біраз жылдан бері шешімін тап­пай келе жатқан түйткілді мәсе­ле­лердің әсіресе, жөндеу көрмеген әлеу­меттік нысандардың құрылысы ретке келтірілгелі тұрғаны жөнінде біз бұған дейін де жазған едік. Мемлекет тарапынан аталмыш бағдарлама шең­берінде қыруар қаражат бөлініп, нәти­жесінде ауданымыздағы 8 мектепке құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Өткен жұмада облыс әкімінің орынба­сары Ержан Жылқыбаевтың киелі Құлан жеріне арнайы іссапармен келу­дегі де басты мақсаты – осы еді. Дәлірек айтқанда, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар құрылысының сапасын бақылау. Сол себепті Ержан Жұмат­ұлы алдымен аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында әкімдік қыз­мет­кер­лерімен бірге әлеуметтік нысан­дар­дың құрылысын жүргізетін мердігер компания басшыларымен сөйлесіп, пікірлесті.
Жиында аудан әкімі Ерболат Садырқұлов биыл ауданда атқарылатын ауқымды құрылыс жұмыстарының жай-жапсары төңірегінде бағдарлы баяндама жа­са­ды. Содан соң аймақ басшысының орынбасары сөз сөйлеп, мектеп тәрбие ордасы екендігін айрықша атап өтті. Сондай-ақ, Ержан Жұматұлы атадан қалған адалдықтың мазмұнын мердігер компания жетекшілері терең ұғынып, білім ошақтарына жүргізілетін құрылыс жұмыстарын сапалы атқаруды тапсырды. Облыс әкімінің орынбасары мемлекеттік қызметте жауапкершіліктің жүгі басым екенін атап өтіп, құрылыс жұмыстарының сапасы жеке өзінің бақылауында болатындығын ескертті.
Одан кейін аймақ басшысының орын­басары бірқатар әлеуметтік ны­сан­дарды аралады. Ең алғашқы бар­ған нысан Құлан жоғары агро­тех­ни­калық колледжі болды. Бұған дейін де облыс бойынша іргелі колледждің бірі болып жүрген аталмыш білім ор­дасы Саясат Есеев басшы болып кел­гелі тіпті жаңару үстінде десек те болады. «Жұмыспен қамту жол кар­тасы» бағдарламасы аясында Құлан жо­ғары агротехникалық колледжінің №1 оқу ғимараты мен асханасы күрделі жөн­деуден өтуде екен. Құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер «КАСУБ-Тараз» және «Жоғарғы санат құры­лыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Құрылыс жұмыстарына аудандық «Жұмыспен қамту орталығы» КММ-і арқылы 80 адамды жұмыспен қамту көзделген. Ержан Жылқыбаев колледждің материалдық-техникалық базасымен танысып, оқу орнын дамыту және жөндеу жұмыстарына қатысты Саясат Есеев пен мердігер компания жетекшілеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Бұдан соң, Ержан Жұматұлы 2003 жылы салынып, инфрақұрылымдық жоба аясында терезелері ауыс­тыры­латын Құлан шағын орталықты мек­теп-гимназиясына келді. Сонымен қа­тар Ержан Жылқыбаев аудан орта­лығындағы жүз жылдан астам тари­хы бар білім ошағы №1 мектеп-ли­цейінің, құйрықты жұздыздай жарқ етіп, ерте сөнген қазақ сахарасының сайыпқыраны Шоқан Уәлиханов пен алаш зиялысы, ұлт үшін жеке басының емес, халқының қамын ойлаған Әлихан Бөкейхановтың есімін еншілеген білім ошақтарына да барып, ондағы құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуін басты назарда ұстауды мердігер ком­пания жетекшілеріне шегелеп тап­сырды. Жұмыс сапары соңында аймақ басшысының орынбасары Луговой ауылындағы аудандық орталық ау­ру­ханаға қарасты «Луговой СП» ғи­ма­ратының, Қарақыстақ ауылдық округіне қарасты Тасшолақ ауылының сумен жабдықтау желісі мен су қа­был­дайтын қондырғыларды салу жұмы­сымен, сондай-ақ, Құмарық және Өрнек ауылдық округтеріндегі бірқатар ны­сандарды аралап, жауапты сала маман­дарына тапсырма берді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: